Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Батумиде дауыл соғып, бір адам мерт болды

Батумиде дауыл соғып, бір адам мерт болды

Грузияның Батуми қаласында кешеден бері күшті дауыл соғып, үйлердің шатырын ұшырып әкетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Newsreadonline-ға сілтеме жасап.

Сұрапыл дауыл қаланы ғана емес, Қара теңіз толқындарын да шайқап жатыр. Онда 5 балдық дауыл тіркелді.

Жергілікті тұрғындар табиғаттың мұндай құбылысы көп жылдан бері болмағанын айтады. Ауада шатырдың сынықтары, торлар, тұрмыстық заттар, тіпті иттер де ұшып жүр. Дауыл қаланың инфрақұрылымын бүлдірді, ағаштарды қопарып, шатыр мен жарнама баннерлерін ұшырған.

Жергілікті билік Фридон Халваши даңғылындағы қозғалысты шектеуге мәжбүр болды. Онда жел көпжылдық эвкалиптерді жұлып әкеткен.

Күшті жел салдарынан Батуми маңындағы Кобулети қаласының Агмашенебели көшесінде автокөлікке ағаш құлап, ішінде болған жас адам қаза тапқан. Ақпаратты Батуми ІІМ-і растады. Мекеме мәліметі бойынша, тергеу басталған. Күшті жел салдарынан зардап шеккен басқа тұрғындар туралы ақпарат болмады.

Жедел қызметке қираған ғимараттар туралы ақпарат түсуі толастамады. Төтенше жағдайларды басқару қызметі барлық қоңырау бойынша жедел әрекет етуге тырысып жатыр.

Еprimefeed дерегінше, Батумидегі «Аджарабет Арена» стадионында Евро-2024 іріктеу турнирінің Грузия мен Норвегия құрамалары арасындағы матчын тамашалаған мыңдаған жанкүйер аман. Күшті жел стадион маңындағы тұрақтың қоршауларын жұлып, автокөліктерді зақымдаған, деп хабарлайды Sputnik-Грузия. Синоптиктердің болжауынша, Грузияның батысында осы күн райы әлі бірнеше күнге созылады.
29 наурыз 2023 ж. 323 0