Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайда некеге тұру мен туу көрсеткіші азайды

Қытайда некеге тұру мен туу көрсеткіші азайды

Өткен жылы Қытайда неке қиюдың ең төмен саны тіркелді, бұл жағдай бала туу көрсеткішінің төмендеуімен тұспа-тұс келіп, үкіметтің елдегі демографиялық дағдарысқа қатысты алаңдаушылығын тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Қытайдың азаматтық істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы елде шамамен 6,83 млн жұп үйленген. Бұл 2021 жылы тіркелген 7,63 млн некеден шамамен 10,5% -ға аз және министрліктің «неке» статистикасын жариялай бастаған 1986 жылдан бері рекордтық төмен көрсеткіш.

Елде ең көп неке 2013 жылы тіркелді. Ол кезде 13 млн-нан астам қытайлық жұп үйленді. Бұл - 2022 жылмен салыстырғанда екі еседей көп.

Сондай-ақ, қытай халқының саны 2022 жылы 60 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет қысқарғаны атап өтілді. Былтыр тіркелген 1000 адамға шаққанда небәрі 6,77 туылу - 1949 жылы коммунистік Қытай құрылғаннан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Қытай шенеуніктері неке санының азаюы мен елдегі туу көрсеткішінің төмендеуі арасында тікелей байланыс бар екенін айтып отыр.

Санақ мәліметінше, 2020 жылы елдегі азаматтардың бірінші некеге тұруының орташа жасы он жыл бұрынғы 24,89 жаспен салыстырғанда 28,67 жасты құрады.

Соңғы жылдары қытайлық шенеуніктердің елдегі неке мен туу деңгейінің төмендеу тенденциясын кері бұруға бағытталған күш-жігері экономикалық және әлеуметтік проблемалар жағдайында әзірге нәтиже берген жоқ.
14 маусым 2023 ж. 430 0