Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемде 40 күн аптап ыстық болатыны рас па

Әлемде 40 күн аптап ыстық болатыны рас па

WhatsApp желісінде 40 күн бойы әлемде ауа температурасы Цельсий бойынша 50 градусқа дейін көтерілетіні туралы ақпарат тарап жатыр. Мұндай ауытқушылықтар әр 60 жыл сайын болып тұрады-мыс. Анық-қанығын Stopfake.kz анықтап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен, хабарламада қолданылған терминологияға назар аударған жөн. Онда «мысық күндері» туралы жазылған. Метеорологияда да, климатологияда да мұндай термин жоқ.

Сондай-ақ хабарламада ауа температурасының 50 градусқа дейін көтерілетіні болжанып отырған нақты аймақтар көрсетілмеген. Бір уақытта Жердің барлық континентінде мұндай жағдайдың орын алуы екіталай. Мұндай күмәнді пікірлер хабарламаның фейк екендігінің белгісі. Уақыт пен географиялық белгілердің болмауынан оны кез келген жерде және кез келген уақытта таратуға болады.

Әр 60 жыл сайын қайталанатын 40 күн бойы болатын аптап ыстық туралы теорияға келетін болсақ, оны желіде оңай тексеруге болады. Шын мәнінде, ауа температурасының көтерілуі тұрақты әрі алпыс жыл сайын орын алмайды. Соңғы жылдары әлемде рекордтық жоғары температура жиі тіркелуде. Мәселен, 2022 жылы Еуропада ыстық болды, ал 2023 жылы температураның рекордты көрсеткіштері Азия елдерінде тіркелуде.

Мұның себебі – Жердегі климаттың өзгеруі. Парниктік газ шығарындыларының көп болуына байланысты планетаның жоғары бетінде температура жоғарылайды.

Демек, таралған ақпарат фейк және оған сенбеген жөн», - деп жазады сайт.
18 маусым 2023 ж. 332 0