Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарабақ: тарихи шешімге қол жеткізілді

Қарабақ: тарихи шешімге қол жеткізілді

Өткен аптада Әзербайжан әскері Таулы Қарабақ өңірінде антитеррорлық операция бастап, екі күнге созылған әскери қимылдың нәтижесінде тарихи шешімге қол жеткізді. Тараптар атысты тоқтату және Армения әскерін аймақтан әкетуге келісті. Осылайша, талай жылдан бері дауға айналып келген мәселеге біржола нүкте қойылды.

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі опера­ция­ның мақсаты әскери қызметкерлерінің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету және республиканың конс­ти­туциялық құрылымын қалпына келтіру екенін мәлімдеді. Ал Таулы Қарабақтағы сепаратистерге қару­сыздану және Арменияға әскери техникасын аймақтан толық шығару талабы қойылды.

Баку билігі осы шарттар орындалғанша әскери опера­цияны жалғастыруға бел буған. Бірақ бір күн­нен кейін, 20 қыркүйек күні таңертең өңірде би­лікті қолына ұстап отырған тарап тоқтату және толық қару­сыздандыру туралы шешім қабылдады. Көп ұза­май Әзербайжан Қорғаныс министрлігі «анти­тер­­рорлық шараларды» тоқтату туралы келісімге сағат 13.00-де қол жеткізілгенін растады.

«Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Ресей бітім­гер­шілік контингенті жеткізген Қарабахтағы армян тұр­­ғындары өкілдерінің өтінішін ескеріп, 2023 жылғы 20 қыркүйекте сағат 13.00-де лаңкестікке қар­сы жергілікті шараларды тоқтату туралы келі­сім­ге қол жеткізілгенін хабарлайды», делінген ха­бар­ламада.

Саланың мәліметіне сай, антитеррорлық шаралар бірқатар талапты орындауға берілген уәдені ес­кере отырып тоқтатылған. Қарабақтағы армян қа­­ру­лы күштерінің құрамалары елден шыға­ры­луға, ондағы заңсыз қарулы құрылымдары тара­ты­луға тиіс. Сарбаздар позициялар мен әскери бекет­терді тас­тап, толығымен қарусыздануы керек. Сонымен қа­тар бүкіл қару-жарақ пен ауыр тех­ника тапсыры­лады. Мұны жүзеге асыру Ресей бітім­гершілік кон­тин­гентімен келісе отырып қам­та­масыз етілмек.

Қарабақтағы атысты тоқтату келісімін Ресей Қорғаныс министрлігі де растады. Ведомствоның хабар­лауынша, Ресей бітімгершілік күштері ара­ғайын­дығымен Әзербайжан мен Таулы Қарабақ өкіл­дері атысты толық тоқтатуға уағдаласты.

«Ресей бітімгершілік контингентінің басшы­лы­ғының көмегімен Әзербайжан жағы мен Таулы Қарабақ өкілдері арасында соғыс қимылдарын толық тоқтату туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл келісімдерді жүзеге асыру ресейлік бітімгершілік кон­т­ингентінің атсалысуымен жүзеге асады», делінген Ресей Қорғаныс министрлігі таратқан құжатта.

Армения тарапы да Таулы Қарабақ пен Әзербай­жан арасындағы келісіммен танысқанын хабарлады. Дегенмен уағдаластыққа келіспейтін тұсы бар екенін жеткізді. Премьер-министрі Никол Па­шинян­ның айтуынша, Армения қарулы күштері 2021 жылғы тамыздан бері Әзербайжан аумағынан шы­ғып кеткен. Дегенмен Таулы Қарабақ билігінің келі­сімін қабылдайтынын атап өтті.

Ал бейсенбі күні Евлах қаласында Әзербайжан билігі өкілдері мен Таулы Қарабақтан келген армяндар делегациясы арасында келіссөздер өтті. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, Баку билігі Қарабақты мекендеген армяндарға қауіп­сіздік кепілдігі мен тең құқықтар беруге тиіс. Бірақ кездесудің нәтижесі әзірге белгісіз.

Келіссөздерге Әзербайжан тарапынан биыл наурыз айында Қарабақ аймағының армян тұр­ғындарымен байланысқа жауапты болып тағайын­дал­ған парламент депутаты Рамин Мамедов келді. Армения тарапынан келіссөздерге мойындалмаған Таулы Қарабақ парламентінің депутаттары Давид Мелькумян мен Арег Авагян қатысты.

Келіссөздердің негізгі мақсаты – Қарабақтағы армян­дардың бейімделуіне жағдай жасау. Бұқа­ралық ақпарат құралдарында тараған мәлімет­ке сүйенсек, жергілікті тұрғындар Таулы Қарабақ Әзербайжанның бақылауына өткеннен кейін аймақта этникалық тазарту басталуы мүмкін деп қауіп­тенеді. Алайда мұны Баку билігі жоққа шыға­рып, керісінше оларды құшақ жая қарсы алуға әзір екенін алға тартады. Әзербайжан президентінің әкімшілігі Қарабахтағы армян тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық интеграциясының жос­пары әзірленгенін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл инте­гра­цияның Әзербайжанның ішкі ісі екенін атап өтті.

Таулы Қарабақтағы ахуал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің арнайы отырысында талқыланды. Ар­мения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян ұйымды Таулы Қарабақтағы армян халқының қауіпсіздігін дереу қамтамасыз етуге шақырды. Оның па­йымдауынша, Қауіпсіздік Кеңесі Қарабақта БҰҰ-ның бақылау миссиясын орналастырып, басқа ха­лықаралық ұйымдардың оған кіруін қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ Әзербайжаннан Лачин дәлізі бо­йымен еркін қозғалысын қамтамасыз етуді, келіс­сөздер аяқталғанға дейін Таулы Қарабақтың қару­лы күштерін шығаруға мүмкіндік беруін талап ету керек.

Іле-шала сөз сөйлеген Әзербайжан өкілі Қара­бақтың бейбіт тұрғындарына еш қауіп төн­бей­тінін алға тартты. Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Әзербайжан жүргізген әскери опе­ра­ция­ның мақсатын түсіндіріп, Арменияның 2020 жылғы 10 қарашасында қол жеткізілген бейбітшілік келісімі бойынша міндеттемелерін орындамағанын және Таулы Қарабақтан әскерін шығармағанын нара­зылық білдірді. Дипломаттың айтуынша, Қара­бақ­та қазіргі таңда ауыр техника және басқа да қару түрлерімен жарақтанған он мыңға жуық Армения сарбазы бар.

Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әлім Байел еліміздің бауырлас Әзер­бай­жанның аумақтық тұтастығын толық қол­дайтынын мәлімдеді.

«Әзербайжан тарапының Қарабақтағы армян халқының өкілдерімен кездесу өткізуге бағытталған бастамасын құптаймыз. Қалыптасқан жағдай Әзербайжан Республикасының халықаралық деңгейде мойындалған шекаралары шеңберінде бейбіт диалог арқылы жуық арада реттеледі деп үміт білдіреміз. Оңтүстік Кавказда бейбітшілік және өзара тиімді ынтымақтастық атмосферасының орнауы, барлық коммуникациялардың ашылуы өңірдегі барлық елдердің мүддесіне сай келеді деген пікірдеміз», деді Ә.Байел.

Таулы Қарабақта антитеррорлық шара жүр­гізіліп жатқаны туралы ақпарат шыққаннан соң, Ар­мения астанасы Ереванда мыңдаған адам кө­ше­ге шығып, ел үкіметінен аймақтағы армяндарды қорғауға шақырды. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сәйкес, наразылық әлі басылмай тұр. Үкімет ғимаратының жанында по­ли­циямен қақтығыс болып, зардап шеккендер бар. Шерушілер Армения Премьер-министрі Никол Па­ши­нянды сатқын деп атап, отставкаға кетуін талап етеді.

Өздеріңізге мәлім, 2020 жылы Әзербайжан тарапы Таулы Қарабақты қайтару үшін әскери іс-қимыл жүргізген болатын. Тарихта «Екінші Қарабақ соғысы» атымен қалған оқиға 44 күнге созылды. Ақыры тараптар келісімге келіп, бейбітшілік туралы уағдаластық жасасты. Құжатта Арменияның басып алған аумағын Әзербайжанға қайтаратынын көрсетілді. Осылайша, Ағдам, Кельбаджар және Лачин аудандары Бакудің меншігіне қайтарылды.

Бұдан бөлек, Лачин дәлізін бақылауға Ресейдің бітім­герлік күштері жауапты болды. Бүкіл Армения әскері Әзербайжан жерінен шығарылады. Бітім­гер­лік күштер өңірде 5 жылға дейін тыныш­тық­тың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс еді. Тағы бір айта кетерлігі, келісімге сәйкес Әзербайжанды Нахчиван ауданымен байланыстыратын жол ашылды. Арменияның оңтүстігі арқылы өтетін бағытты бақылау да Ресей шекара қызметінің құзыретіне берілді.

Соғыс аяқталғаннан кейін Әзербайжан азат етілген аймақ­тарды дамытуға кірісті. Бұл тұр­ғыдан алғанда Түркітілдес мемлекеттер ұйымы­ның мүшелері де үлкен үлес қосты. Атап айт­қанда, Қа­зақ­стан Физули ауданында Жастар шығар­машылық орталығының іргетасын қалады. Бұл сыйлық қос ел арасындағы достықтың, бауыр­лас­тық­тың және өзара қолдаудың тағы бір нышаны екені сөзсіз. Сондай-ақ халықаралық аренада бауырлас елді әрдайым қолдап келеді.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Шушада өткен жаһандық медиа форумында Қазақстанның қолдауына үлкен алғысын білдірді. «Қазақстан Физули ауданында Жастар шығармашылық орталығын, Өзбекстан мектеп салып жатыр. Мектеп тамызда, ал орталық жыл соңына дейін дайын болады. Бұл – қолдаудың символы. Соғыстан кейін шет елдер қаншама қолдау білдірді. Атап айтайын, бұл өте маңызды қимыл әрі ынтымақтастықтың үлгісі», деді Әзербайжан президенті.

Жалпы, мұндай шиеленісті жағдайда Қазақстан үнемі тарихи әділет пен халықаралық талаптардың сақталуын басшылыққа алады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ас­самблея­сының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебаттағы сөйлеген сөзінде еліміздің осы ұста­нымын тағы бір мәрте нықтады. Халықаралық мін­берде сөз алған Президент адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатер­лер­мен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.

– Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құ­қық­тың негізгі принциптерінің бір мезетте бұ­зылуы себеп болып отыр. Құқықтық темір­қа­зық­тың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқта­тып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаң­да­тарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араз­дығына әкелуі мүмкін, – деді Мемлекет басшы­сы.

Қазақстан – өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешу­дің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен сабақтасақ, «Тәуел­сіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақ­тас­тарымызбен қарым-қатынасымызды жал­ғас­тыра береміз».

egemen.kz
25 қыркүйек 2023 ж. 433 0