Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Палестина – Израиль қақтығысы: Бейбіт тұрғындар зардап шекті

Палестина – Израиль қақтығысы: Бейбіт тұрғындар зардап шекті

Өткен аптада Таяу Шығыстың тынышы қашып, кезекті ауқымды әскери іс-қимыл бұрқ ете түсті. Талай жылдан бері басы піспей келе жатқан Палестина мен Израиль кезекті мәрте қақтығысты. Қазіргі таңда мыңға жуық адам қаза тапса, он мыңдаған адам жарақат алған. Сырттай бұл Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін құрылған мемлекеттердің шаруасы секілді көрінгенімен, астарында геосаяси мүдде жатқаны анық аңғарылады.

Әуелі оқиғаның қалай басталға­нынан хабар берейік. Сенбі күні таңертең палестиналық Хамас қарулы ұйымы Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» операциясын бастады. Аталған топ 5 мыңға жуық зымыран атқанын хабарлады. Израиль тарапы Хамастың жақтастары ел аумағына кіргенін растады. Бұқаралық ақпарат құрал­дарының мәліметіне сүйен­сек, Хамас атқан зымырандар Тель-Авив­тің солтүстігіне дейін жет­кен. Сондай-ақ ұйым бір топ жауын­герін Израильдің оңтүс­ті­гіне жіберді. Израиль медиа өкілдері Сдерот қала­сында қарулы жауынгерлер адам­дарға оқ жаудырғанын хабарла­ды. Әлеуметтік желіде тара­ған бейнежазбаларда қала көше­леріндегі қақтығыстар, сон­дай-ақ джип мінген қарулы адам­дар ауылды аралап жүргені байқа­лады. Бастапқыда Хамас мүшелері Израильдің бірнеше елді мекенін бақылауға алған-ды. Кейіннен қар­сы шабуылға шыдамай, кейін шегінді.

Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниел Хагари топтың құрлықтан, теңізден және әуеден шабуыл жасалғанын жеткізді. Ал­ғашқы зымыран жергілікті уақыт бойынша таңғы 6:30-да атыл­ған. Өз кезегінде Израиль армия­сы Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады. Сөйтіп, Газа секторындағы биік ғима­рат­тарды бірінен кейін бірін атқы­лады. Әуеге бірнеше әскери ұшақ көтеріп, аймаққа танктер әкелген. Бұл 2021 жылғы 11 күндік соғыстан кейінгі ең ауыр шиеленіс ретінде саналып отыр.

Палестина денсаулық сақтау министрлігі Израильдің шабуылы салдарынан Газада кемінде 413 адамның қаза тапқанын, 2300-ге жуық адамның жараланғанын ха­бар­лады. Құлаған ғимараттар әлі аршылып жатқандықтан, шейіт болғандардың нақты санын айту қиын. Израильдік ақпарат құрал­дары Хамас шабуылдарынан 700-ден астам израильдік қаза тап­қа­нын хабарлады. Израильдің ден­саулық сақтау министрлігі тарат­қан мәліметке сәйкес жаралан­ғандар саны 2382 адамға жеткен.

Жексенбі күні Израиль пре­мьер-министрі Биньямин Не­таньяху шабуылдан кейін Қауіп­сіздік кабинетімен шұғыл кездесу өткізіп, елде соғыс жағдайы жа­рияланғанын хабарлады. Мұндай жағдай ресми түрде маңызды әске­ри қадамдар жасауға рұқсат береді. «Лаңкестердің кеше 6:00-де Газа секторынан жасаған шабуылы Израиль мемлекетін соғыс жағдайына әкелуге мәжбүрлейді», делінген премьер-министр кеңсесі таратқан мәлімдемеде.

Хамас ұйымының өкілі Халед Кадоми «Әл-Жазира» агенттігіне берген сұхбатында бұл әскери іс-қимылдарды палестиналықтардың ондаған жыл бойы көрген бүкіл зұлымдығының жауабына бағалаған. «Біз халықаралық қоғамдастықты Газаға, Палестина халқына, әл-Ақса секілді қасиетті жерлерімізге жасалған зұлымдықтарды тоқтатуға үлес қосқанын қалаймыз», дейді Х.Кадоми.

Хамастың әскери қолбасшысы Мұхаммед Дейф шабуылды оккупацияны тоқтатуға жасалған үлкен қадам деп мәлімдеді. «Кімде мылтық болса, қолына алсын. Уақыт келді», деді М.Дейф.

Қақтығыс басталғаннан кейін шартараптың түкпір-түкпірінде Палестинаны да, Израильді де қолдаған мыңдаған адам қала көшелеріне шықты. Палестинаны қолдаушылар қатарында Испания, Оңтүстік Африка және Сирия секілді мемлекеттердің азаматтары басым. Сондай-ақ АҚШ-тың Чикаго, Нью-Йорк және Канаданың Оттава қалаларында Палестинаны қолдауға арналған шерулер өтті.

Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Жозеп Боррелл Израильді қолдайтынын жеткізді. Франция сыртқы істер министрлігі өз елінің «Израиль мен оның халқына қарсы жасалған лаңкестік шабуылдарды» айыптайтынын жеткізіп, Израильге көмек көрсетуге әзір екенін аңғарт­ты. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Хамас тобының Израильге жасаған тосын шабуылын «сөзсіз айыптайтынын» атап өтті. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди «Израильдегі терактілер туралы хабарға қатты таңғалғанын» жеткізді. Сондай-ақ өз елінің осындай қиын сәтте Израильге қолдауын көрсететінін мәлімдеді.

Ливандық «Хезболла» ұйы­мы сенбі күні мәлімдеме жасап, Газадағы жағдайды мұқият қада­ғалап отырғанына тоқталды. «Па­лестина қарсылық тобының бас­шылығымен тікелей байланыс­тамыз», деді ұйым өкілдері. ISNA сайтының хабарлауынша, Иранның рухани көсемі Әли Хоссейни Ха­менеидің кеңесшісі өз елінің палес­тиналықтар шабуылын қолдай­тынын хабарлаған.

Түркия тарапы да Палестинаға қолдау білдіре отырып, мәселенің түйінін тарқатуды кейінге қалдыра беруге болмайтынына назар аударды. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, аумағы 1967 жылғы шекараға сәйкес келетін, ас­танасы (Шығыс) Иерусалим болып белгіленетін Палестинаны құруды кейінге қалдыруға болмайтынын атап өтті.

«Таяу Шығыстағы тұрақты бейбітшілікке Палестина – Израиль қақтығысын түпкілікті реттегенде ғана қол жеткіземіз. Палестина мәселесі – аймақтағы түйткілдің басты себебі. Әділ келісімге қол жеткізілмейінше, аймақта бейбіт­шіліктің ауылы алыс», деді Түркия президенті.

Жалпы, Израиль – Палестина қақтығысын түсіну үшін тарихқа біраз көз жүгірткен жөн. Таяу Шығыс­тағы түйткілдің түйіні тар­қа­­май келе жатқанының бірнеше себебі бар. Біріншісі – еврейлердің арабтар мекендеген аумақты басып алуы болса, екіншісі – Иерусалим қаласы. Шаһар мұсылмандар үшін де, еврейлер үшін де қасиетті саналады. Қаланың батыс бөлігін еврейлер мекендесе, шығыс бөлігінде мұсылмандар қоныс тепкен. Бірақ ең қасиетті мекендердің бәрі Шы­ғыс Иерусалимде орналасқан. Мәселен, Қасиетті қабір шіркеуі мен Көне қала палестиналықтарға тиесілі аймақта. Сондай-ақ әл-Ақса мешіті де осында.

Мәселенің бәрі Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін, БҰҰ 1947 жылы 181-қарарында Палестина жерін бөліп, Палестина және Из­раиль мемлекеттерін құру тура­лы шешім қабылдағанда басталды. Халықаралық ұйымның мұндай қадамы Араб елдері жоғары кеңе­сіне ұнаған жоқ. Көп ұзамай-ақ Иерусалимнің мүфтиі еврейлерге жиһад жариялады. Бір жылдан соң 1948 жылы 14 мамырда Израиль тәуелсіздігін жариялағанда Араб лигасы оларға соғыс ашты. Мысыр, Иордания, Ирак, Сирия, Ливан, Сауд Арабиясы, Йемен бірігіп, Израильге қарсы шыққан. Бірақ арабтар америкалықтар қолдаған еврейлерді жеңе алған жоқ. Керісінше, Палестина терри­ториясының 78 пайызынан айырылып қалды.

Міне, содан бері семиттер ұлысына жататын арабтар мен еврейлер бір-бірімен сыйыспай келеді. Алғашқы қақтығыстан кейін екі тарап бірнеше рет соғысып, оның зардабын қарапайым халық тартты. Бүгінде миллиондаған палестиналық өз үйінен айырылып, босып кеткен. Арабтар әлі күнге дейін Израильді бүйірден шыққан шиқан секілді көрсе, еврейлер атажұртымызға келдік деп есептейді.

Жалпы, бұл мәселеде халықара­лық қоғамдастықтың ұстанымы Палестина жағында. Өйткені Из­раиль Иордан өзенінің батыс жаға­лауын 1967 жылғы «Алтыкүндік соғыста» басып алған болатын. Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалыптастыру әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақасын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлердің қонысын заңсыз деп санайды.

Осы орайда мына мәселені айта кеткен жөн. Халықаралық қоғам­дастық та, әлемнің бұқаралық ақ­па­­рат құралдары да, демократия­ны жақтайтын Батыс елдері де Израиль – Палестина қақтығысына келгенде сыңаржақ пікір білдіреді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қара­рын­да Израильдің басып алған аумақтан шығарылып, екі мемлекет – бір астана шешімін ұстану міндеттелгені белгілі. Бірақ іс жү­зінде халықаралық пікір еврейлерді жақтайтыны анық аңғарылады.

Мәселен, қазіргі таңда тәуелсіз саналатын бұқаралық ақпарат құралдарында Хамас ұйымының сарбаздарын «содыр, лаңкес» деп атап жатыр. Оның үстіне, негізгі басымдық қаза тапқан еврейлерге берілген. Ал Палестина тарапынан қайтыс болғандарды бір ауыз сөйлемге сыйғызып жібереді не мүлдем ештеңе айтпайды. Сондай-ақ Хамастың жақтастары жасаған зорлық-зомбылыққа жиі басымдық бергенімен, дәл сондай әрекетті Израиль сарбаздары жасаса, назардан тыс қалады. Дерек­терге сүйенсек, 2008 жылдан бері Палестинада қақтығыс салдарынан 6407 қарапайым тұрғын қаза тапса, Израильде бұл көрсеткіш 308-ге жеткен. Бұл – мәселенің бір жағы.

Сарапшылардың пайымдауын­ша, Палестина – Израиль қақтығы­сын өршітудің астарында басқа да мүдде жатыр. Біріншіден, әлем назары Украинадағы соғыстан Таяу Шығыс­қа ауады. Осылайша, Киев би­лігіне қаржылай көмекті аямай отырған АҚШ енді назарын Из­раильге бұрмақ. Яғни бұдан Ре­сей ғана ұтпақ. Екіншіден, кейін­гі жылдары бірқатар араб мем­ле­кеті Изарильмен қарым-қаты­нас­ты жақсартуға пейіл білдір­ген. Нәтижесінде екіжақты ынты­мақтас­тық жаңарып, дипломатиялық қа­тынас орнатыла бастады. Ал бұ­ған Иран қарсылық білдірген. Енді Палестина мен Израиль қақ­­тығысы қайта ушыққан соң, Пар­сы шығанағы мемлекеттері әр қада­мын ойланып жасауға мәжбүр. Қоры­та айтқанда, Таяу Шығыстағы жағ­дай күрделеніп, халықаралық геосая­сатқа өз ықпалын тигізбек.

Израиль – Қазақстан азаматтары жиі баратын мекеннің бірі. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, аталған елде консулдық есепте Қазақстанның 112 азаматы бар. «Бүгінгі таңда Қазақстанның Израильдегі елшілігінде консулдық есепке елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда 77 азамат тіркелген. Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстанның бес студенті оқиды. Сондай-ақ отызға жуық отандасымыз жергілікті түрлі медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтіп жатыр. Барлығы – 112 адам. Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен жедел іс-қимыл жасау мақсатында арнайы мессенджерде чат ашты», деді А.Смадияров.

egemen.kz
10 қазан 2023 ж. 554 0