Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Таяу Шығыстағы қақтығыс: Палестина Израильге зымыран атты

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Палестина Израильге зымыран атты

Палестиналық Хамас содырлары Йом-кипур соғысы басталғаннан кейін 50 жыл өткен соң еврей мемлекетінің қорғанысын алып, Израильге шабуыл жасады, деп хабарлайды Egemen.kz euronews.com сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Израиль мемлекеті Палестина тарапының жаппай зымыран атуына байланысты, Газа секторында әскери операцияны бастады. Бұл туралы әскердің баспасөз қызметі хабарлады. Израильдің ондаған жойғыш ұшағы ХАМАС ұйымының нысандарына соққы берді.

«Біз жай ғана әскери операция жағдайында емес, соғыс жағдайындамыз», деді Израиль премьер-министрі.

Сондай-ақ ХАМАС осы әрекеті үшін жауап беретініне уәде берді. Беньямин Нетаньяху сонымен қатар әскерилерге қалаларды палестиналық содырлардан тазартуды бұйырды.

Бұған дейін Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант Газа секторынан сенбі күні таңертең басталған зымырандық шабуылдарға байланысты Израильдің орталығы мен елдің оңтүстігінде «арнайы қауіпсіздік жағдайын» енгізуді бұйырды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған еді.

Израиль қорғаныс құрылымдарының басшылығымен бірге Газа секторынан 0-ден 80 шақырымға дейінгі радиуста Израиль тылында «ерекше қауіпсіздік жағдайын» жариялады.

Бұған дейін Израиль армиясының баспасөз қызметі Палестина анклавынан Израиль аумағына зымыран атылғанын растаған болатын. Елдің көптеген елді мекендерінде, соның ішінде Тель-Авив аймағы мен оның төңірегінде дабыл үздіксіз соғылды. Болып жатқан жағдайдың аясында Израиль армиясы «соғысқа әзірлік жағдайын» жариялады, ал елдің Қорғаныс министрі Йоав Галант резервке әскерлерді жинауға кірісті.

Жергілікті басылымдар, оның ішінде «Times of Israel» газеті «Газа секторынан лаңкестердің бұрын-соңды болмаған тосын шабуылы Израильге жүздеген зымыран атудан басталды» деп жазды. Аймақтық ақпарат құралдарының хабарлауынша, палестиналық қарулы топтар Израильге 5 мың зымыран атқылаған.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израильдегі қақтығыстан кейін қаза тапқандар саны 20-дан асты, 300-ге жуық адам жараланған.

Сондай-ақ Израиль телеарнасының хабарлауынша, лаңкестер Израильдің оңтүстігінде адамдарды кепілге алып жатыр.

Палестина қозғалысының қарулы қанаты Израиль аумағындағы операция кезінде 35-ке жуық израильдік әскерилер мен қоныстанушылар тұтқынға алынғаны туралы мәлімдеме жасады.
08 қазан 2023 ж. 598 0