Беларусь президенті Ресеймен ортақ валюта енгізуді қолдады

"Бүгінде бізге валюта ұсынып жатыр. Біз қолдаймыз! Әрине, ол рубль болады", - деп мәлімдеді Лукашенко.
Дегенмен мемлекет басшысы әңгіме Беларусь немесе Ресей рублі жайлы емес, ортақ валюта туралы болып отырғанын айтты. Эмиссиялық орталық (ақша белгілерін немесе бағалы қағаздарды айналымға шығаратын банк – Sputnik) қайда орналасатынын анықтау қажет, деп атап өтті президент."Минскіде ме? Жоқ, Смоленскіде. Ол қайда болатыны маңызды емес, Ресей президентінің туған жері, менің сүйікті қалам – Санкт-Петербургте болса да мейлі", - деді Лукашенко.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұқаралық ақпарат құралдарына Беларусь пен Ресейдің ортақ валютасы жөнінде әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты.
Лукашенко: Ресейдің Беларусті "жұтып қою" ниеті жоқ
Беларусь басшысы Владимир Путиннің Белорусті Ресей Федерациясына қосу ниетін бірде-бір рет байқамағанын мәлімдеді."Мен Ресей президентінің Беларусті Ресей құрамына қосқысы келетінін ешқашан байқаған емеспін, тіпті ондай көңіл-күй де болмады. Оны сезуші едім ғой. Шынын айтсам: іргелі елдің Беларусті жұтып қоятын ниеті жоқ", - деді ол.
Егер бүгін Ресей мен Беларусті біріктіру туралы референдум өткізілсе, 98 процент беларусь қарсы дауыс береді, деп түйіндеді Лукашенко.
sputniknews.kz