Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман өрті: Еуропа елдері Грекияға көмектесіп жатыр

Орман өрті: Еуропа елдері Грекияға көмектесіп жатыр

Афины қаласының солтүстік-шығысында орман өрті өршіді. Қатты жел мен аптап ыстық өртпен күресті айтарлықтай қиындатып отыр. Бұл туралы Euronews жазды.

Өртті сөндіруге бір жарым мыңнан астам өрт сөндіруші мен ондаған ұшақ және тікұшақ жұмылдырылған. Барлық төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнында. Полиция тұрғындарды хабардар етуге және өрт пен түтінде қалған елді мекендерді тұтас эвакуациялауды ұйымдастыруға көмектесіп жатыр.

«Жел әуелі бір жаққа, сосын екінші жаққа ауысады. Түтін тыныс алуды қиындата түсті. Ештеңе көрінбейді. Көзім жасаурап кетті. Біз өз үйімізді көрмедік. Одан 50 метрдей жерде болдық. Бірақ біз оны көре алмадық. Тіпті су ағызып жатқан тікұшақты да көрмедік, тек даусын естідік», - дейді үйінен қашуға мәжбүр болған жергілікті тұрғын.

Жексенбіде Афины Брюссельге әр түрлі елдердің күш-жігерін үйлестіре алатын және көлік шығындарын төлей алатын Еуропалық Одақтың азаматтық қорғаныс механизмін қолдануды сұрады.

Италия мен Франция ормандағы өртті сөндіру үшін ұшақтарын жіберді, ал Чехия өрт сөндірушілер отряды мен жерүсті техникасын жабдықтаған.

Биыл маусым мен шілде Грекиядағы метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық айларға айналды. Қазір кей аймақтарда ауа температурасы 40 градусқа дейін барған. Метеорологтардың болжамынша, Грекияның жартысы апта бойы орман өрті қаупінің «қызыл аймағында» болады.

Бұған дейін хабарланғандай, орман өртінің таралуына байланысты Афины маңындағы елді мекендер эвакуацияланып жатыр.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Сурет: ашық дереккөз 
13 тамыз 2024 ж. 171 0