Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Франция Ливанды қолдау үшін 100 миллион еуро бөледі

Франция Ливанды қолдау үшін 100 миллион еуро бөледі

Франция Ливанға қолдау көрсету үшін 100 миллион еуро (108 миллион АҚШ доллары) көлемінде көмек бөлмекші. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон Парижде өткен Ливанға көмек көрсету жөніндегі халықаралық конференцияда айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Макрон «қысқа мерзімді перспективада Ливан халқына, соғыс салдарынан қоныс аударған жүздеген мың адамдарға да, оларды қабылдаған қауымдастықтарға да ауқымды көмек қерек» деді.
«Хезболла» мен Израиль арасындағы соғыс бір миллион ливандықты ел ішінде қоныс аударуға мәжбүрледі, 2500-ден астам адамның өмірін қиды сондай-ақ экономикалық дағдарысты тереңдете түсті.
Өз кезегінде Ливан премьер-министрінің міндетін атқарушы Наджиб Микати конференцияда Ливан армиясын нығайту және кеңейту, сондай-ақ елдің қираған инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін халықаралық қолдау қажет болатынын айтты.
Микати Ливан үкіметінің атысты тоқтату жөніндегі келісімі мен Ливанның оңтүстігіне армия орналастыруды талап ететін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын орындау жоспарының бір бөлігі ретінде қосымша әскер тартуға шешім қабылдағанын және 8 мың сарбаз жібере алатынын айтты.
Бүгін Франция астанасында Ливанға көмек көрсету жөніндегі халықаралық конференция өтіп жатыр.
Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро кеше шараға 70-ке жуық ел мен 15 халықаралық ұйымның қатысатынын айтып, Франция «Ливанды жерге қаратпайды» деп уәде берді.
«Біз шақырған елдердің бәрі келісімін берді», - деді ол шақырылған қатысушы елдердің тізіміне сілтеме жасай отырып. Оған Иран мен Израиль кірген жоқ.
Француз ұйымдастырушылары қатысушылардың қаржылық кепілі БҰҰ бағалауы бойынша шұғыл қажет 426 миллион долларды жинайды деп үміттенеді.
Париж сондай-ақ Ливанның егемендігін қалпына келтіруге және оның институттарын нығайтуға көмектесуге дайын екенін хабарлады. 

Сурет: ашық дереккөз 
25 қазан 2024 ж. 427 0