Германиядағы ірі қара малға аусыл жұққаны анықталды
Германия астанасы Берлинді қоршап тұрған Бранденбург өңірінің билігі жұма күні жергілікті фермер өзінің үш ірі қара малын өлі тапқанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Германияның зерттеу институты бір малдан алынған сынамада аусыл анықталғанын растады.
Еуропалық БАҚ-тың жазуынша, аталған фермер инфекцияның таралуын болдырмау үшін өзіндегі бүкіл мал басын союға мәжбүр болған.
Әзірге, аталған ауру қайдан жұққаны белгісіз.
Осы орайда Бранденбург билігі сақтық шарасы ретінде малды тасымалдауға тыйым салды. Бұл ретте сиыр, шошқа, қой, ешкі және түйе сияқты басқа да мал басын тасымалдауға үш күнге шектеу енгізілді. Сонымен қатар, Берлиндегі екі зоопарк жабылды.
2001 жылы Ұлыбританияда аусыл ауруының өршуі билік органдарын ауру жұқтырған фермалардағы және оның маңындағы шаруа қожалықтарында 6 млн-ға жуық малды қырып тастауға мәжбүр етті. Бұл жағдай миллиардтаған еуроға шығын келтірді. Сол кезде кейбір фермерлер инфекцияға қарсы әрекет тым экстремалды болғанын айтып жатты.
Германияда індеттің таралуының соңғы дерегі 1988 жылы, ал Еуропада соңғысы 2011 жылы болған.
Сурет: kaz.inform.kz