Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Малдарға уақытылы екпе жүргізу маңызды

Малдарға уақытылы екпе жүргізу маңызды

 Ауданның негізгі байлығының бірі төрт түлік мал екені белгілі. Жыл сайын мал санының өсу тенденциясы байқалады. Малдың басының көбеюі халықтың ризық-несібесінің артуына, соған сәйкес тұрмыс жағдайларының жақсара түсуіне жағдай жасайды. Көпке мәлім болғандай, мал басының тұрақты өсуі жыл сайын аса қауіпті ауруларға қарсы егу-диагностика жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуге де тікелей байланысты.
Жалпы, сібір жарасы, аусыл, құтырма, оба сияқты 14 түрлі аса қауіпті эпизоотиялық және 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қарсы мемлекет тарапынан алдын алу шаралары қарастырылған.
Егу-диагностика жұмыстары наурыз-қараша айларын қамтып, жануарлардың жоспарда белгіленген ауруларға қарсы егілгені, тексерілгені жөніндегі мәліметтер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесіне» (ЕАСУ) енгізіледі. Осы мәліметтер малды тірілей сатуға, тасымалдауға, мал өнімдерін басқа жерлерге шығаруға мүмкіндік береді, ал егілмеген, қауіпті ауруларға қарсы тексеруден өтпеген ауыл шаруашылығы жануарларын союға, сатуға, тасымалдауға тыйым салынады және де бұл заңнама талаптарын сақтамаған тұлғаларға әр түрлі әкімшілік және басқа да жауапкершіліктер жүктейді.
Ең берісі, үйдегі малды жыл сайын тексертіп, аса қауіпті ауруларға қарсы егіп отыру – оның өнімін күнделікті пайдаланып отырған жанұя мүшелерінің, балалардың денсаулығының кепілі. Сондықтан, жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары өздерінің иелігіндегі төрт түлік мал есебін аудандық ветеринариялық станциясы мекемесі мен оның округтердегі ветеринариялық пункттеріне дер кезінде мәліметтер беріп, жаңадан әкелінген жануарлар туралы уақытылы хабарлап, оларды бірдейлендіріп, жоспарда белгіленген ауруларға қарсы толық ектіріп, тексертіп отырулары қажет. Бұл біріншіден – өзінің денсаулығының кепілі болса, екінші жағынан – заң талабы.
ҚР «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 25-бабында  жеке және заңды тұлғалар   ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етуге, жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына жаңадан сатып алынған жануар, алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгені,  бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырғаны немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлары туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануға, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақытылы вакцина егуге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге, заңмен белгіленген тағы басқа да шараларды орындауға міндеттілігі атап көрсетілген.
         Жануарларды асыраумен айналысатын азаматтардың осы айтылған мәселелерді есте ұстаулары қажет деп есептейміз.
А. Мусаев,
аудандық ветеринария бөлімінің басшысы.
04 наурыз 2018 ж. 3 051 0