Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырғызстан 12 жылдық білім беруге көшуді қарастыратын стандартты бекітті

Қырғызстан 12 жылдық білім беруге көшуді қарастыратын стандартты бекітті

Қырғызстан үкіметі мектептерде 12 жылдық білім беруге көшуді қарастыратын жалпы білім берудің жаңа мемлекеттік білім стандартын бекітті, деп хабарлайды Fergana.agensy.
Бұл қадам ұлттық білім беру жүйесін халықаралық кеңістікке біріктіруге және студенттерді даярлау сапасын арттыруға бағытталған, деп түсіндірді үкімет.

Жаңа стандарт бойынша оқыту үш деңгейге бөлінеді:

- бастауыш жалпы білім беру – 1-6 сыныптар;

- негізгі жалпы білім беру – 7-9 сыныптар;

- орта жалпы білім – 10-12 сыныптар.

Негізгі өзгерістер оқушыларды бағалаудың жаңартылған тәсілдері болады. 1-3-сыныптарда бағалаусыз жүйе жұмыс істейді, ал 4-сыныптан бастап оқу жетістіктерін бақылау үшін балдық жүйе енгізіледі. 7-12 сыныптар аралығында оқушылардың өзін-өзі бағалауы мен мотивациясын ынталандыруға бағытталған критериалды бағалау қолданылады. Түлектердің қорытынды аттестаттауында бейіндік пәндер ескеріліп, кәсіптік оқу орындарына түсуге ықпал етеді.
Жаңа стандарт сонымен қатар Қырғызстанның барлық мектептері үшін базалық оқу жоспарын, пәндік стандарттарды және оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеуді қарастырады. Бұл біртұтас білім беру кеңістігін, бағдарламалардың сабақтастығын және білім беру сапасын басқаруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Қырғызстанда мектептерде 12 жылдық білім беруге көшу 2025 жылдың қыркүйегінде басталады. Алты жастағы балалар бірінші сыныпқа барады, ал жеті жасар балалар тікелей екінші сыныпқа қабылданады. Үшінші сыныпты бітірген оқушылар бесінші сыныпқа, ал алтыншы сыныпты бітіргендер сегізінші сыныпқа секіреді.

12 жылдық мектепті бітіргені туралы алғашқы аттестаттар 2027/2028 оқу жылының соңында беріледі. Толық 12 жылдық мектепті 2036/2037 оқу жылында 2019 жылы туған балалар бітіреді.

Қырғызстанның білім министрі Догдуркүл Кендирбаеваның айтуынша, университет бағдарламасының бір бөлігі мектептерде оқытылатындықтан, бакалавриатта оқу мерзімі төрт жылдан үш жылға дейін қысқарады: жоғары сыныптарда математика, физика, химия және тіл пәндерін тереңдетіп оқытумен бейіндік білім енгізіледі.

Ал, отбасылық білім беру енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасы қоғамдық талқылау үшін бірыңғай порталда жарияланды. Осылайша, жалпы білім беру ұйымдарына баруға физикалық мүмкіндіктері жоқ ел тұрғындары үшін мемлекеттік үлгідегі құжаттарды беру арқылы мектептегі білімнің қолжетімділігін кеңейту ұсынылады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстан Орталық Азия елдеріне визасыз режим енгізуді ұсынды.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: Нұрболат Нұржаубай
15 наурыз 2025 ж. 75 0