АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс әлемге қалай әсер етті

АҚШ президенті Дональд Трамптың тапсырмасымен Ирандағы үш ядролық және әскери нысанға әуе шабуылы жасалған соң, Иран дүйсенбі күні Катардағы “Әл-Удейд” әскери базасына зымыранмен соққы жасады. Бұған дейін Катар әуе кеңістігін жапқан. АҚШ пен Ұлыбритания өз азаматтарына қауіпсіз жерлерде болуды ескерткен.
Соғыстың өршуіне байланысты Катар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) рейстер жаппай кейінге шегерілді немесе бағыттары өзгертілді. Qatar Airways рейстерін уақытша тоқтатып, жолаушыларды қайта бағыттау бойынша билікпен бірлесе жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Emirates Иран мен Иракқа, соның ішінде Бағдат пен Басраға рейстерді 30 маусымға дейін тоқтатты. Etihad Airways Тель-Авивке және Парсы шығанағындағы бірқатар бағыттарға ұшуды 15 шілдеге дейін шегерді.
Gulf Air Иорданияға бағыттар бойынша рейстерді 27 маусымға дейін тоқтатты. Singapore Airlines пен British Airways те қауіпсіздік жағдайына байланысты Дубай мен Дохаға рейстерін шектеді.
Air India бұл аймаққа және АҚШ-тың шығыс жағалауы мен Еуропа бағытындағы рейстерін толық тоқтатты. Бұл компания жақында болған ірі апаттан кейін қауіпсіздік шараларын күшейткен.
FlightAware мәліметінше, сейсенбі күні әлем бойынша 800-ден астам рейс тоқтатылған. Дубай халықаралық әуежайында ғана 89 рейс кейінге шегерілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай рейстердің тоқтатылуы — жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қажетті шара. Сарапшылар соғыс жағдайында мемлекеттер өз әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне жауапты екенін еске салады.
Фото: baq.kz