Германияда құс тұмауының өршуі жұмыртқа тапшылығына әкелуі мүмкін
Германияда құс тұмауының кеңінен таралуына байланысты жұмыртқа мен құс еті тапшылығы туындауы ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.Фридрих Леффлер институтының (FLI) мәліметінше, күздің басынан бері елде 200 мыңнан астам тауық, үйрек, күркетауық және қаз қырылған. Сарапшылар эпидемия ауқымы 2020-2021 жылдардағы деңгейге жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ол кезде індеттен екі миллионнан астам құс қаза тапқан болатын.
Құс өнеркәсібінің орталық бірлестігінің басшысы Ханс-Питер Голдниктің айтуынша, егер билік індетті ауыздықтауға тиімді шаралар қабылдамаса, азық-түлік тапшылығы басталуы мүмкін.
Қазір жағдай бақылауда, бірақ егер құстардың жаппай өлімі жалғаса берсе, салдар ауыр болуы ықтимал, - деді ол.
Зерттеушілердің айтуынша, құстардың маусымдық көші-қоны кезінде вирус одан әрі таралу қаупі жоғары.
Баден-Вюртемберг жерінің фермерлер қауымдастығы барлық құстарды, оның ішінде еркін жүретіндерін де, уақытша жабық қораларға көшіруді ұсынды. Ал «Жасылдар» партиясы құс тұмауының өршуі саланың жүйелі мәселелерін – құс фермаларындағы шамадан тыс тығыздық пен өндіріс стандартының әлсіздігін айқын көрсеткенін атап өтті.
Фото: ашық дереккөзден алынды










