Әзербайжан Кавказдағы ең ірі жел электр станциясын іске қосты
Бакуде Сауд Арабиясының ACWA Power және Қытайдың PowerChina компанияларының қатысуымен салынған 240 мегаваттық «Хызы-Абшерон» жел электр станциясын ресми іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды Әзербайжан президентінің сайты. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жаңартылатын энергия көздерін дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы және елдің энергетикалық жүйесін жаңғыртудың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Төрт жыл бұрын – 2022 жылдың қаңтарында бұл залда осы электр станциясының іргетасын қалау рәсімі өтті. Осы жылдар ішінде қарқынды жұмыс жүргізілді және бүгін біз бұл тамаша оқиғаны бірге атап өтіп жатырмыз. Бірінші кезекте инвестор – ACWA Power компаниясына, оның басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Бұл – әлемдегі жаңартылатын энергия көздері саласындағы жетекші компаниялардың бірі. Ол сондай-ақ инвестор ретінде біздің елімізде Каспий теңізін тұщыландыру бойынша алғашқы жобаны жүзеге асырады, - деп атап өтті Әлиев.
Президент сонымен қатар жобаның бас мердігері PowerChina компаниясына және Әзербайжан энергетиктеріне алғысын білдірді.
Станция Абшерон және Хизи аудандары аумақтарында салынды, онда әрқайсысының қуаты 6,5 МВт болатын барлығы 37 жел турбинасы орнатылды. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі шамамен 340 млн АҚШ долларын құрады. Электр энергиясын өндірудің жоспарланған жылдық көлемі шамамен 1 млрд кВт/сағ құрайды. Бұл жыл сайын шамамен 220 млн текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік ашып, атмосфераға 400 мың тоннадан астам көмірқышқыл газының шығарылуына жол бермейді.
Президент Ильхам Әлиев Әзербайжанның генерациялық қуаты кейінгі 20 жылда үш есеге жуық өсіп, шамамен 10 ГВт-қа жеткенін хабарлады. 2030 жылға қарай 6 ГВт жел және күн электр станцияларын, ал 2032 жылға қарай 8 ГВт-қа дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Каспий теңізі Әзербайжан секторы жел энергетикасының әлеуеті 157 ГВт-қа бағаланды.
Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрінің орынбасары Нассер Әл-Кахтани «Хызы-Абшерон» жобасы Әзербайжан мен Сауд Арабиясы арасында «жасыл» энергетика саласындағы стратегиялық серіктестіктің басты үлгісі екенін атап өтті.
ҚХР елшісі Лу Мэй атап өткендей, станция Әзербайжан мен Кавказдағы ең ірі жел жобасы және ол 300 мыңнан астам үй шаруашылығын электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 2025 жылдың 21 қазанында Астанада Қазақстан мен Әзербайжан арасында қол қойылған екіжақты құжаттарды бекіту туралы жарлықтарға қол қойғанын хабарладық.
Ақпарат көзі: kaz.inform.kz










