Өзбекстан мен Тәжікстан өзара тауар айналымын $2 млрд жеткізуге ниетті
Ташкентке мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев екіжақты келіссөздер жүргізіп, бірқатар құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.Әуелі шағын құрамда кездескен президенттер екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
- Біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын өткіздік. Бұл формат екіжақты ынтымақтастықты сапалы деңгейге шығарып, стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайтуға серпін береді, - деді Шавкат Мирзиёев.
Келіссөз барысында тараптар өзара алыс-беріс көлемін арттыру, өнеркәсіптік кооперацияның ілгерілету, көлік байланысын нығайту және энергетика саласындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігін талқылады.
Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 1 млрд долларға жуықтады. Өнеркәсіп, құрылыс, тоқыма, электротехника, фармацевтика және өзге де салалардағы кооперациялық жобалар табысты жүзеге асып жатыр.
Эмомали Рахмон мен Шавкат Мирзиёев оң динамикаға тоқтала келе, 2028 жылға қарай тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуге уағдаласты. Бұған «Ойбек – Фотохобод» шекара маңындағы сауда орталығын құру, тауарларды сертификаттау және «Е-Permit» жүйесін енгізу бастамалары ықпал етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 15-тен астам құжатқа қол қойып, әр бағыт бойынша «Жол картасын» әзірлеуге уағдаласты.
Осыған дейін Өзбекстанда отасқанына бір жыл толмаған ерлі-зайыптылардың ажырасуына шектеу енгізілетіні туралы жаздық.
Фото: kaz.inform.kz









