Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конгода Эболадан әр 30 минут сайын бір адам көз жұмады

Конгода Эболадан әр 30 минут сайын бір адам көз жұмады

Фото: © istockphoto.comКонго Демократиялық Республикасында (КДР) Эбола безгегінің өршуі бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен таралып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) болжамынша, бұл індет аурумен күрес тарихындағы ең көп адам өліміне әкелген жағдай болуы мүмкін. Ел бойынша әр 30 минут сайын Эболадан бір адам қайтыс болып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әрі төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіруші Том Флетчер әлемдегі ірі гуманитарлық ұйымдардың басшылары кіретін Ведомствоаралық тұрақты комитеттің шұғыл отырысын өткізді. Жиында бірлескен іс-қимыл ауқымын күрт арттыру туралы келісімге келді.
«Вирустың біздің әрекетімізден жылдам таралуына жол бере алмаймыз», – деді БҰҰ өкілі.
Қосымша 30,5 миллион доллар бөлінді
Флетчердің айтуынша, маусым айының басынан бері белгілі бір ілгерілеу бар. Агенттіктер жергілікті жерлерде жұмыс істеп жатыр, ал БҰҰ өңірге Эболаға қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісін жіберді. Халықаралық донорлар індетпен күреске шамамен 300 миллион доллар бөлді.
Жұма күні БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі орталық қордан тағы 30,5 миллион доллар бөлу туралы шешім қабылдады. Бұған дейін КДР мен көршілес төрт елге індетпен күрес үшін 24 миллион доллар бөлінген болатын. Флетчер зардап шеккен өңірге қосымша 20 қызметкер жіберді.
«Қайтыс болғандарды қауіпсіз әрі лайықты жерлеумен айналысатын топтардың санын екі есе көбейтіп, емдеу орталықтарының ресурстарын үш есе арттыру қажет. Сондай-ақ науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау жүйесін жетілдіріп, тәжірибелі басшыларды көбірек тарту керек», – деді ол.
Сонымен қатар өңірдің таза су мен санитарияға, медициналық көмекке және басқа да негізгі қызметтерге деген орасан зор қажеттілігін қамтамасыз ету аса маңызды.
«Қазірдің өзінде екі мыңнан астам адам қайтыс болды. Тағы көптеген адам қауіп тобында. Әлемнің бұл жағдайға назар аударып, әрекет ететін уақыты келді», – деді БҰҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестірушісі.
Індет алтыншы провинцияға тарады
БҰҰ баспасөз қызметінің мәліметінше, Бундибуджио вирусы тарала бастағаннан бері үш айға жуық уақыт ішінде індет КДР-дың алты провинциясына жеткен.
Ұлттық биліктің 12 тамыздағы дерегіне сәйкес, 4660-тан астам расталған жағдай тіркеліп, 2184 адам қайтыс болған. Өлім-жітім көрсеткіші шамамен 47 пайызды құрайды.
Індет таралған сайын БҰҰ-ның гуманитарлық агенттіктері де жұмыс ауқымын кеңейтіп жатыр. Ертеңнен бастап Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Эболаны емдейтін қосымша орталықтарда ыстық тамақ тарата бастайды.
Бұл көмек әсіресе маңызды. Өйткені КДР-дың шығысындағы Эболадан зардап шеккен аудандарда 2,6 миллион адам азық-түлік тапшылығын қатты сезініп отыр. Мұндай отбасылардың жартысынан көбі індет ошағына айналған Итури провинциясында тұрады. Ал азық-түлік көмегіне қажетті қаржының небәрі 25 пайызы ғана бөлінген.

15 тамыз 2026 ж. 29 0