Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркияда баласы мектепке баратын ата-аналарға үш сағатқа дейін демалыс беріледі

Түркияда баласы мектепке баратын ата-аналарға үш сағатқа дейін демалыс беріледі

Түркияда мектепке дейінгі даярлық сыныптарына, 1-сыныпқа және 5-сыныпқа баратын балалардың ата-аналары жаңа оқу жылының бейімделу апталығына белсендірек қатыса алады.
Президенттің Бас хатшылығынан мемлекеттік мекемелерге жолданған шешімге сәйкес, мемлекеттік секторда жұмыс істейтін ата-аналардың бірі өз өтініші бойынша бейімдеу сабақтары өтетін күндері үш сағатқа дейін әкімшілік демалыс ала алады. Демалыс уақыты баланың білім беру ұйымындағы сабақ кестесіне сәйкес белгіленеді.
Бейімдеу шаралары 2026-2027 оқу жылына дайындық аясында 7-11 қыркүйек аралығында өтеді. Оның мақсаты — балалардың мектеп ортасына жеңіл бейімделуіне көмектесу, сондай-ақ отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Бұл бағдарлама «Отбасы және халықтың 10 жылы» саясатының бір бөлігі болып есептеледі. Алайда ата-аналардың қатысуы мектептегі алғашқы аптамен ғана шектелмейді. Оқу жылы бойы отбасылардың қатысуы, балаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар және консультативтік-психологиялық қолдау «Отбасыммен бірге мектепке жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға балаларды мектепке тасымалдау үшін тек ресми тіркелген және тексеруден өткен көліктерді таңдауға кеңес берілгенін жазғанбыз.

kaz.inform.kz
29 тамыз 2026 ж. 48 0