Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылы: Қазақстандық оқушылар мен ата-аналар нені білуі тиіс?

Жаңа оқу жылы: Қазақстандық оқушылар мен ата-аналар нені білуі тиіс?

Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда 2020-2021 оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Жазғы демалыстың аяқталуына санаулы күндер қалды.
Жаңа оқу жылында республиканың 7391 мектебінде 3,3 миллионнан астам бала білім алады. 396 мыңнан аса бүлдіршін бірінші сыныпқа барады.
1 қыркүйек – Білім күні. Карантинге байланысты мектептерде оқу жылының басталуына арналған шаралар онлайн өтеді. Балалар мектепке бармайды, шараға байланыс құралдары арқылы қатысады.

Кімдер мектепке барып оқиды?

Шалғай ауылдарда оқушы саны аз шағын мектептерде сабақ дәстүрлі форматта өтеді. Балалар мектепке барып оқиды. Қазақстанда шағын жинақты мектептерде білім алатындар саны оқушылардың жалпы санының 4%-ін ғана (127 мың бала) құрайды. Барлығы мұндай 1934 білім ошағы бар.
Бұдан бөлек, ата-аналардың өтінішімен 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады.
Кезекші сыныпта созылмалы ауруы жоқ балалар ғана білім алады. Бір сыныпта оқушылар саны 15 баладан аспауы тиіс. Әр сабақ 40 минутқа созылады.

Оқушылар қандай талаптарды сақтауы тиіс?

Мектепке барып оқитын балалар міндетті түрде маска тағады. Ал медициналық қолғап кию міндетті емес.
Жеке қорғаныш құралдарын әр ата-ана өз ақшасына сатып алады. Өйткені ел қазынасында оқушыларды бетпердемен тегін қамтамасыз етуге қаржы қарастырылмаған. Бұл туралы 24 тамызда онлайн баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтқан еді. Бірақ, ол бұл ұсынысты ведомство басшылығына жеткізуге уәде берді.
Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен оқушылардың дене қызуы күн сайын өлшенеді. Әрбір екінші сабақтан кейін сыныптарда және әр үзіліс сайын дәліздерде ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Үзіліс әр сыныпқа әртүрлі уақытта беріледі. Мектептерде аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелер төселіп, санитайзерлер орнатылады.
Мектеп асханасы мен буфет уақытша жабылады.
Ата-аналар мектепке кіргізілмейді: олар баланы мектепке дейін әкеліп, сабақ аяқталған соң алып кетеді.
Егер оқушылар мен мұғалімдер арасында коронавируспен ауыратын науқастар анықталса, мектептер қайтадан карантинге жабылуы мүмкін.

Мектеп формасына қатысты өзгеріс

Білім және ғылым министрінің бұйрығына мектеп формасына қатысты уақытша өзгеріс енгізілді. Бұл төтенше жағдай және карантиндік шектеулермен байланысты. Оған сәйкес, ата-ана жаңа оқу жылында баласын мектепке қалай киіндіріп жіберетінін өзі шешеді.
Ал, жалпы, мектеп формасына қойылатын талаптар жойылмайды.
«Оқушы білім беру мекемелерінде бекітілген мектеп формасын кимей, таза классикалық киіммен келе алады. Бірақ мектеп формасы қала береді, оны ешкім алып тастап отырған жоқ», – деді білім министрі Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, карантин аяқталғаннан кейін оқушыларды ешкім мектеп формасын киіп келуге міндеттемейді.
«Мысалы, биыл бірінші тоқсаннан кейін дәстүрлі форматқа көшетін болсақ, ата-аналарды мектеп формасын сатып алуға ешкім міндеттемейді», – деп сендірді ол.

Оқушыларды бағалау

Карантин жағдайында 1-11 (12) сыныптарда оқу жетістіктерін бағалау жүйесі де уақытша өзгерді.
Жаңа оқу жылында тоқсан сайын бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс және тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі. Тоқсандық баға күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде қойылады.
Сонымен бірге, қашықтан оқыту кезінде оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді.
«Мұғалім оқу тапсырмаларын жариялайды. Яғни, биыл әдеттегі үй тапсырмасы болмайды. Kundelik.kz платформасында бір оқу тапсырмасы орналастырылады», – деп түсіндірді білім министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова.
«Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында дүйсенбі мен жұма аралығында телесабақтар көрсетіледі. Әрбір мектеп қашықтан оқытуды ұйымдастыруға негіз болатын интернет платформаны өзі таңдайды.

Демалыс кестесі

Білім министрлігі оқушылардың демалысы пандемияға байланысты өзгермейтінін мәлімдеді. 
1-11 (12) сыныптар:
  • күзгі каникул – 10 күн (5-14 қараша);
  • қысқы – 11 күн (31 желтоқсан-10 қаңтар);
  • көктемгі демалыс – 12 күн (20-31 наурыз);
1-сыныптарда: қосымша демалыс – 7 күн (8-14 ақпан).
sputniknews.kz
28 тамыз 2020 ж. 1 052 0