Бірінші сыныпқа баратын бала тест тапсыра ма?
 ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматы қалалық департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева онлайн- брифинг барысында 1-сыныпқа баратын балалар ешқандай тест тапсырмайтынын жеткізді.
ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматы қалалық департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева онлайн- брифинг барысында 1-сыныпқа баратын балалар ешқандай тест тапсырмайтынын жеткізді.«Балалары бірінші сыныпқа баратын ата-аналарға айтарым, 1-сыныпқа баратын балаларды тестілеуден өткізуге бірде-бір мектептің құқығы жоқ. Олар бәрін қабылдауға міндетті. Биыл өтінім электронды түрде eGov арқылы беріледі. Егер мұндай жағдайлар болса, бізге хабарласыңыз. Бізде сайт және Call-орталық бар. Мектеп табалдырығын аттағалы тұрған баланы тестен өткізуге ешкімнің құқығы жоқ», – деді Гүлнәр Ермекбаева.Сонымен қатар, ол барлық балаларды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
 Бұған дейін, департамент басшысы Алматыда жазғы мектеп ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
 Еске салайық, биыл 1-ші сыныпқа қабылдау, мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауыстыруға құжаттар egov.kz порталы арқылы қабылданады. Қабылдау мерзімі – 1 маусым – 30 тамыз аралығы.
 Бұл ретте, 1-сыныпқа баратын оқушының ата-анасынан (заңды өкілдерінен) 4 құжат қана сұралады:
 – өтініш (еркін түрде);
 – баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
 – бала денсаулығы туралы анықтама (медициналық паспорт);
 – 3×4 көлеміндегі екі фото тапсырылады.
inform.kz





 
		 
		



