Отставкалар аптасы
Бұл апта алты құрлықтағы қызу әрі күтпеген отставкаларға толы болды. 9 қыркүйек дүйсенбіде отставкалар көшін Британия төменгі парламентінің спикері Джон Беркоу бастаса, 10 қыркүйекте Қытайдың Alibaba компаниясының негізін қалаған әрі бас директоры Джек Ма отставкаға кететінін, тіпті мұндай жоспарды бұдан бірнеше он жылдық бұрын құрғанын хабарлады. Дәл сол күні мұхиттың арғы бетінде жаһан күтпеген тағы бір отставка болды. Бір-ақ туитімен доллардың тағдырын шешетін Ақ үй басшысы Дональд Трамп өзінің қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтонды қызметінен босатты. Бұл ақпарат тарағаннан кейін АҚШ-та мұнай бағамы құлдырады.
ӘЙЕЛІНЕ БЕРГЕН УӘДЕСІНДЕ ТҰРЫП, ОТСТАВКАҒА КЕТТІ
9 қыркүйекте Британия төменгі палатасының спикері Джон Беркоу отставкаға кететінін хабарлады. Мұның себебін 56 жастағы саясаткер 2017 жылы әйеліне берген уәдесімен байланыстырды. Оның сөзінше, 2017 жылы ол жарына сайлауға соңғы рет түсемін деп уәде беріпті. Беркоу Парламент мүшесі болып алғаш рет 1997 жылы сайланған. 2009 жылдан бастап парламент спикері атанды. Өзінің эмоциясын еш уақытта жасырып қалмайтын саясаткер бұл жолы да өз әдетінен таңбады. Қоштасу сөзінде көзіне бірнеше рет жас үйірілді. Беркоу ресми түрде қызметтен 31 қазанда кетеді. ДЖЕК МА КЕТТІ – ALİBABA-ның ЕРТЕҢІ ҚАЛАЙ?
Bloomberg агенттігі 10 қыркүйекте өзінің 55 жасқа толған күні Alibaba Group негізін қалаған Джек Ма директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын тәрк ететінін еске салды. Ақиқатында, 10 қыркүйекте әлемге әйгілі компания басшысы қызметінен кетті. Джек Маның сөзінше, қызметтен кетуді ол осыдан бірнеше жыл бұрын ойластырған. Бұл бағытта алғашқы қадамды 2013 жылы жасап, бас директор қызметінен кетті. Өзінің отставкаға кететінін Джек Ма 2018 жылы жариялаған еді. «Alibaba еш уақытта Джек Маның компаниясы болған емес, бірақ Джек Ма қашан да Alibaba-ға тиесілі», – деген еді бизнесмен.
Енді Alibaba Group-тың директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын бұған дейін компанияның бас директоры болған Дэниэл Чжан атқарады. Маның өзі 2020 жылға дейін компанияға акционер жинағанша директорлар кеңесі құрамында қалады. Дегенмен Alibaba-ның түйіні шешілмеген мәселелері де жоқ емес. Reuters ақпарына сәйкес, 2019 жылдың ІІ жартысы бойынша қытай экономикасының бәсеңдеуі 6,2 пайыз минимумдық көрсеткішке жеткен. Бұдан да өзге күн тәртібінде тұрған жайттар бар. Жаңадан келген басшы Дэниэл Чжанға мәселенің шешімін табуға тура келеді.
Енді Alibaba Group-тың директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын бұған дейін компанияның бас директоры болған Дэниэл Чжан атқарады. Маның өзі 2020 жылға дейін компанияға акционер жинағанша директорлар кеңесі құрамында қалады.
ТАБЫССЫЗ ТҮЙІН – БОЛТОННЫҢ САЯСИ МАНСАБЫ СӘТСІЗ ТАМАМДАЛДЫ МА?
10 қыркүйек сейсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші Джон Болтонды отставкаға жіберді. Трамп өзінің Twitter-дегі жазбасында Болтонның енді «Ақ үйге қажет емесін», оның «көп пікірімен президент әкімшілігі құрамындағылармен біріге отырып келіспейтінін» жазды. Трамптың айтуынша, ол Болтонға отставкаға кету туралы ұсыныс айтқан, Болтон болса, таңертең отставкаға берген. Қанша дегенмен, экс кеңесші атқарған қызмет президент әкімшілігіндегі ең маңызды лауазымның бірі еді. Ол АҚШ саясатында ықпалды тұлғаның бірі болғаны да жасырын емес. Рейган мен үлкен Буш тұсында Әділет министрлігі мен Мемлекеттік департаментте маңызды лауазымдарда болды. Трамптың әкімшілік құрамасына келгенде де іске білек сыбана кірісті. Бірақ оның саяси мансабы құлдыраусыз болмады. Венесуэладағы жағдай, Ауғанстан, Сирия, Украина жайын шешудегі қауқарсыздық – мұның бәрі Болтонның қызметінен кетуіне ықпал етті. Ақ үй басшысы алдағы аптада өзінің қауіпсіздік бойынша кеңесшісін жариялайды. Енді сөз – Трампта.
ЖАПОНИЯ мен КАНАДАДА ЖАҢА ҚҰРАМ
11 қыркүйекте Жапония үкіметі отставкаға кетті. Сол күні Канада премьері Трюдо парламентті таратты. Жапонияда үкіметтің отставкаға кетуіне басты себеп – партияның Жоғарғы палатада шілдеде өткен сайлаулардан кейін жеңіске жетуі және қазанда тұтынушы салығын 10 пайызға көтеру жайы болды. Ал Канадада осымен 43-ші рет Парламент сайлауы өтеді.