Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жинақтағы қаражатты қалай тексеруге болады

Жинақтағы қаражатты қалай тексеруге болады

Қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинағын eGov.kz порталы арқылы тексере алады, ол үшін азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы жеке кабинеттен, электронды пошта арқылы білуге болады 
2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзіменен бұрын алып, қаражатты тұрғын үй алуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, емделу үшін немесе зейнетақы қорынан алып, басқа компаниялардың басқаруына бере алады. Сонымен қатар бұл мүмкіндікті пайдалану үшін азаматтардың жинақ шотында қанша қаражат болу керек екені де хабарланды. Зейнетақы қорында қанша қаражат жиналғанын қалай тексеруге болатынын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
 
Электронды үкімет порталы арқылы

Қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарын eGov.kz порталы арқылы тексере алады. Қызметті алу үшін электронды үкімет порталында тіркелген болу керек, сонымен қатар электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет.
Қазір электронды үкімет порталында электрондық цифрлық қолтаңбаны онлайн алуға болады. Ол үшін азаматтың жеке куәлігі немесе паспорты болуы тиіс. SMS-хабарламалар келетін ұялы телефон мен дербес компьютерде веб-камера болуы қажет. ЭЦҚ-ны орнату және пайдалану үшін компьютерде NCLayer бағдарламасы болғаны жөн.
Портал арқылы операторлармен дүйсенбі-жұма күндері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін, сенбіде түскі 14.00-ге дейін байланысуға болады.

Порталға тіркелгеннен кейін электронды үкімет порталында "Басты бетке" өтіп, "Азаматтарға" бетін ашасыз. Одан кейін "Әлеуметтік қамтамасыз ету" - "Зейнетақымен қамтамасыз ету" бөлігін таңдау қажет. Сол жерден "Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау туралы ақпарат алу" дегенді басасыз.
Содан кейін қызметті алушы "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басып, "Сұранымды жіберу" дегенді таңдайды.
Екінші қадам – қызметті SMS-парольді, ЭЦҚ немесе мобильді электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып растау.
Нәтижесі бірнеше сағаттан кейін келеді.
 
БЖЗҚ сайты арқылы

Зейнетақы жинағындағы қаражатты тексерудің тағы бір жолы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сайты арқылы тексеру.
Бұл жерде де қызметті алудың бірнеше жолы бар.
  • БЖЗҚ-ға ұсынылған электронды пошта арқылы немесе жеке кабинетте электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып алуға болады. Ол үшін қор бөлімшесіне келіп, алдын ала қосымша келісімшарт жасасу қажет.
  • Пошта байланысы қызметі арқылы. Мұндай жағдайда үзінді-көшірме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамтамасыз туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште көрсетілген мекенжайға жеткізіледі.
Ұсынылған электронды пошта арқылы білу үшін БЖЗҚ сайтына кірген соң "электрондық қызмет көрсету" қызметін таңдау керек. Одан кейін "жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені e-mail арқылы алу" батырмасын таңдау қажет. Сол кезде пайда болған бет соңындағы "ОК" батырмасын басып, зейнетақы салымшысының ЖСН мен e-mail (электронды пошта ақпарат алу үшін көрсетілген пошта болуы керек) енгізеді. Одан кейін зейнетақы жарналарындағы қаражатты көру үшін салымшы шотына ақша түсіп тұрған аралықты көрсетеді. Артынан электронды поштаға ақпарат жіберілгені хабарланады.
Салымшы өзінің зейнетақы жарналары туралы ақпаратты ENPF арқылы мобильді қосымшасы арқылы да көре алады. Ол үшін мобильді қосымшаға ЖСН және БЖЗҚ сайтына кіру үшін берілген пароль қолданылады.

Тағы бір жолы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесіне барып білу. Алайда қазір қор қызметкерлері ақпаратты онлайн форматта алуды ұсынады.
Айта кетейік, он бірінші қыркүйектен бастап елімізде эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақталуына, сондай-ақ, коронавирус індетімен ауыратындар санының азаюына байланысты бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бөлімшелерінің басым бөлігі күндізгі қызмет көрсету режиміне ауысты. Қазір ел бойынша 198 қызмет көрсету кеңсесі алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді, ал жеті кеңсе байланыссыз қызмет көрсетсе, жетеуі қашықтан жұмыс істейді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бөлімшелері дүйсенбі-жұма күндері 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
 
Зейнетақының бір бөлігі кімге беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады.
Олар:
  • зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
  • зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.
  • Қордағы қаржының жеткілікті шегі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоты бар салымшыға қажетті ең төменгі сома. Егер шоттағы жинақ сол сомадан асса, қалған ақшаны мақсатты түрде пайдалануға болады.
Жеткіліктілік шегінің негізгі параметрлері:
- әйелдер мен ерлер үшін бірдей;
- кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және тағы басқа параметрлерге сүйене отырып, жыл сайын қайта есептеліп отырады;
- 20 жастан бастап әр жас үшін бөлек есептеледі.
 
 Жеткіліктілік шегінің мөлшері
 
Қордағы қаржы қалай жұмсалады

Айта кетейік, зейнетақы қорындағы ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол да берілмейді. Бірыңғай оператор арқылы іске асырылады. Тұрғын үй саласында бірыңғай оператор "Отбасы банк"і болады.
Ипотеканы жабу немесе қайта қаржыландыру мәселесі бойынша да Отбасы банкіне жүгіну керек болады.
Зейнетақы жинағын ем-домға пайдалануға беру тетігі де денсаулық сақтау жүйесіндегі бірыңғай оператор арқылы іске асады. Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылады. Сол комиссиялар емдеу қажеттілігін айқындайды. Ал емделуге баратын адам клиниканы таңдағаннан кейін, өз өтінішін бірыңғай операторға тапсырады. Оператор зейнетақы жинағының бір бөлігін сол емханаға аударып, ем шығынын өтейді.
 
Он процентін салық ретінде төлейді

Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағына сәйкес, соманың 10%-ін салық түрінде төлеуге міндетті.
Демек, бір миллион теңге алу кезінде 100 мың теңгені жеке табыс салығы түрінде төлеуге тура келеді. Ал 2,5 миллион алынса, 250 мың теңге төлейді.
14 қыркүйек 2020 ж. 678 0