Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржыны көбейтудің тиімді әдісі қайсы?

Қаржыны көбейтудің тиімді әдісі қайсы?

Зейнетақы қорынан берілетін қаржыны халық үш мақсатта жұмсай алады. Яғни ем алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға сонымен қатар қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Осы уақытқа қордағы қаржыны емге, тұрғын үй алуға жұмсау жайлы көп айтылды. Бірақ үшінші қаржы ұйымдарының басқаруына беру бағыты бойынша толыққанды ақпарат жоқ. Осы мақсатта қаржы ұйымдарының басқаруына берудің қандай артықшылығы бар турасында елімізге белгілі экономист-сарапшы, UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халықпен сұхбаттасқан едік.

– Зейнетақы активін қандай компаниялар басқара алады?
– Зейнетақы активін басқарушының меншікті капиталы 5 миллиард теңгеден кем болмауы тиіс. Инвестициялық портфельді басқарушы компания клиенттерінің жиынтық активі басқарушылар тізіміне енген күннен бастан 15 миллиард теңгеден кем болмауы шарт. Басқарушылар тізіміне енгенге дейін компанияның соңғы 36 айда, кемі 10 млрд теңге инвестициялық портфельді басқарған тәжірибесі болуы керек. Тізімге енгенге дейінгі 2 жылдың қаржылық көрсеткіші бойынша, шығыны болмауы шарт. Ол аудиторлық есеппен расталу керек. Одан бөлек, инвестициялық портфельді басқарушы акцияларының 10 немесе одан көп пайызына иелік ететін акционері болу керек. Сондай-ақ штатта сертификаты бар қаржы талдаушысы мен тәуекел менеджерінің жұмыс істеуі, соңғы 6 ай ішінде пруденциалдық нормативтерді бұзу фактілерінің, басқарушыға қатысты санкциялар мен әкімшілік жазалардың болмауы және т.б. сияқты бірқатар талаптар қойылады.
– Осы аталған талап үдесінен шыққан кез келген компания үлескер бола ала ма? Қаржыны сенімгерлік басқаруға беру әлде тұрғын үй алу қайсысы тиімді?
– Сенімгерлік басқаруға қаржы салуда салымшы үлкен тәуекелге барады. Өйткені еліміздегі көптеген қаржылық институттардың ішінде әлі де нарықта тұрақты орнын алмағандар да бар. Сол себепті Ұлттық банк қазір инвестициялық компанияларды іріктеп, қаншалықты сенуге болатынын зерттеуде. Сонымен қатар сенімгерлік басқаруға беруде бірнеше шектеу барын ескерген жөн. Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін аударғаннан кейін компания қаржаттың 50 пайызын ғана облигация алуға болады және 10 пайызын акцияға салуға болады деген шектеу бар. Негізінде бұл шектеудің барлығы өте орынды. Себебі қордағы қаражаттың барлығын акцияға салатын болсақ, ертеңгі күні компанияларда акцияның құны түссе, қаржыңыздан айырылып қалу қаупі жоғары. Ал облигация – қазіргі банктердегі дипозит сияқты. Бірақ пайыздық үстемесі банк депозитінен жоғары. Осы тұста қаржы зейнетақы қорында жатқаннан гөрі облегацияда жатқаны тиімді. Өйткені қазір зейнетақы қорындағы кіріс инфляция деңгейінен әрі аса алмай отыр. Яғни  қордағы қаржыңыздан пайда көрмей келесіз. Инфляция кірістің бәрін жоюда. Ал инвестициялық компания қордан құйған қаржыңызға, орташа бағамен айтар болсақ, 30 пайызға дейін кіріс әкеледі. Инфляция деңгейі 10 пайыз болған жағдайдың өзінде 20 пайыз көлемінде пайда көре аласыз. Негізінде сарапшы ретінде айтар болсақ, қаржылай сауатыңыз жоғары болса, зейнетақы қорындағы ақшаға тұрғын үй алғаннан гөрі, сенімгерлік басқаруға беру тиімді.
– Жалпы нарықтағы инвестициялық компаниялар егер көңілден шықпаған жағдайда екінші компанияға ауысу еркіндігі бар ма?
– Ұлттық банк бірнеше сенімді қаржы компанияларын белгілейді. Осылардың ішінен әрбір тұтынушы өзіне қажетін таңдайды. Кейін компания көңілден шықпаса, бір жылдан кейін ғана басқа қаржы ұйымына ауыса алады. Егер ешқандай компания ұнамаса, 2 жылдан кейін ғана қаржыны зейнетақы қорына қайта аудара алады. Ақшаны қордан шешпес бұрын осыны ескерген жөн.
– Егер қаржы компаниясы бастапқыда 30 пайыз кіріс болады деп бекітіп, кейін бұл көрсеткішті төмендетсе, біз қандай шара қолдана аламыз? Мұны бақылаушы орган бар ма?
– Егер Сіздің құқығыңыз бұзылса, шартта көрсетілмеген жағдай орын алса, арыз-шағымды Қаржы қадағалау агенттігіне жолдай аласыз. Зейнетақы қорындағы қаржыны шешіп алғанда нақты келісім-шарт жасалады. Тұтынушы құнды қағазды ұстайтын банкке ақша саларда Қаржы нарығын реттеу агенттігі келісім-шартты бақылайды.
– Қазір халық құнды қағазды сатып алудан гөрі, АҚШ валютасын алғанды жөн санайды. Зейнетақы қорындағы шекті соммадан асқан ақшаны өзге валютаға айналдыру мүмкін бе?
– Өте орынды сұрақ. Қалталы азаматтардың басым бөлігі қаржысын шетел валютасында немесе алтын құймасын сатып алуға жұмсайды. Осы тұста зейнетақы қорындағы қаржыны шешуде белгілі ереже бар. Оның ішінде шекті соммадан асқан қаржының барлығына емес, тек 50 пайызын ғана шетел валютасына ауыстыру қарастырылған.
– Егер зейнетақы қорынан 2 миллион көлемінде қаржы алып, сенімгерлік басқаруға берген жағдайда кіріс көлемі қанша болады?
– Ең төменгі шектен 2 миллион теңге артық ақша жинаған болсаңыз, қаржыны сенімгерлік басқаруға аудара аласыз. Сіз одан 30 пайыздан жоғары немесе төмен кіріс көресіз. 2 миллион теңгенің 1 миллионына ғана құнды қағаз ала аласыз. 100 мың теңгесіне акция аласыз. Одан бөлек банктер арасында жүретін репо операцияларға, алтын құймасын алуға жұмсай аласыз. Яғни 2 милллион теңгені жан-жаққа бөліп жібересіз. Сонымен қатар қордағы қаржыны сенімді басқаруға берген компанияда брокерлер болады. Сол брокер қаражатыңыздың тиімді басқарылуына жауапты болады. Сіз ол адамнан ақшаның қайда, қалай жұмсалып жатқаны жайында ақпарат алып отырасыз. Сол кезде 2 миллион қаржыңыз жыл соңында 2 миллион 600 мыңға артады. Ал мұндай кіріс банк дипозиттерінде жоқ. Егер бұл қаржыны банкке салсаңыз, 1 жылда 200 мың теңге ғана пайда көре аласыз.
– Ешқандай тәуекелге бармай, қаржыны екінші деңгейлі банктердің дипозитіне салуға бола ма?
– Екінші деңгейлі банктерге зейнетақы қорындағы қаржыны салу қарастырылмаған. Ұлттық банк бекіткен сенімді қаржы компанияларының басқаруына ғана беріледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА

aqmeshit-zhastary.kz
22 қаңтар 2021 ж. 384 0