Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағына өтінім берер кезде нені ескеру керек?

Зейнетақы жинағына өтінім берер кезде нені ескеру керек?

Ел азаматтары 23 қаңтардан бастап enpf-otbasy.kz сайты арқылы біржолғы зейнетақы төлемін алуға өтініш бере бастады. Зейнетақы жинағындағы қаржыны үй сатып алуға, жеке үй құрылысына, сондай-ақ ипотекалық қарыздарын өтеу мақсатында пайдалануға болады.
Жобаның уәкілетті операторы болып бекітілген «Отбасы банк» өкілі әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізіп, көпшіліктің маңызды сауалдарына жауап берген еді. Осы орайда ең маңызды ақпараттарды топтап, оқырман назарына ұсынамыз.

БЖЗҚ-дан алған қаражатқа тек үй тұрғызып қана қоймай, бөлек жер телімін де сатып алуға болады. Екі операцияны бір келісімшарт арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Ол үшін ең үлкен құжаттар паке­тін ұсыну шарт. Олар: архитек­туралық-жоспарлау тапсыр­масы; мердігердің лицензиясы бар құрылыс компаниясымен жасаған келісімшарт; құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу шы­ғындарының сметасы; эскиздік жоба; құрылыстың басталғаны туралы хабарлау; жер телімінің құжаты.

Осының бәрі түгел әрі дұрыс болған жағдайда қаржы аударылады. Қаржыны алған кезден бастап 24 ай ішінде клиент сайтқа кіріп, жеке кабинетінде үйді пайдалануға қабылдау тура­лы актіні жүктеуі керек. Атал­ған акт үйді сол клиенттің салға­нын рас­тайды. Жерді жеке мақсат­та са­тып алу ережесі қарасты­рыл­ма­ған. Жерді тек «үй құрылысын салу» үшін ғана сатып алуға болады.

Азамат қайталама нарықтағы үй­лерді толық сатып алу арқылы алғысы келсе, онда порталға сату­шымен немесе құрылыс жүр­гі­зушімен жасалған сатып алу-сату келісімшартын, осы ке­лісімнің уәкілетті органда (ХҚКО) тіркелгенін растайтын тір­­келген құқықтар мен ауыртпа­лықтар туралы куәлік және БЖЗҚ қаражатынан алғашқы төлемді рәсімдеу құжатын жүктеуі керек. Ал егер клиент «Отбасы бан­к» емес, екінші деңгейлі банктер арқы­лы ипотека рәсімдегісі кел­се, онда банктің өтінішті раста­ға­ны туралы құжатты порталға жүк­тейді. Аталған құжат бір ай бұ­­рын емес, енді ғана берілген болуы керек. Әзірге нақты мер­зімі белгілі емес, дегенмен 10 күн­нен аспайтын мерзім бекітілуі мүмкін.

Сатып алу құқығымен жалға алу бойынша қарызды да осы мүмкіндік арқылы төлеуге болады. Ондай келісімшартты «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ және «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ жасайды. Клиент қарызды толық немесе ішінара төлей алады. Ол үшін жалға алу келісімшартының сканерленген нұсқасын және ұйымнан қанша қарыз қалғаны туралы хатты ұсынуы тиіс. Әрі қарай «Отбасы банк» қарызды өтеуді жүзеге асырады.

Азамат зейнетақы төлемін жақын туыстарына, жұбайына бере алады. Егер өзі зейнетақы қаржысын пайдаланғысы келмесе немесе оны ішінара ғана пайдаланар болса, онда қаржыны жақын туысқа беруге құқығы бар. Мәселен, әжесі өз зейнетақы қаражатын немересіне бере алады: бір бөлігін немесе толықтай. Ол немересіне 2 млн теңге береді делік. Немересінің жинақтағы қаражаты жеткілікті шекке жетпеген жағдайда әжесінің берген ақшасын қабылдап, екінші деңгейлі банктер ипотекасы үшін алғашқы төлем ретінде құйып, өз төлем қабілетін растай алады.

Егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де жинақтағы қаражаты жеткілікті мөлшерге жетіп тұрса, онда олар қаржысын тізімдегі кез келген мақсатқа жұмсай алады. Ақшасын беретін тарап банктің сайтына кіріп, өз қаржысын береді. Ал қабылдаушы тарап негізгі мақсатты таңдап, операцияны өзі аяқтайды.

Азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотекалық қарызды жабуға да жұмсайды. «Отбасы банк» өкілінің айтуынша, ол қарыздың қашан алынғаны маңызды емес. Егер «Баспана Хит» бағдарламасымен 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін келісімшарт жасалған болса онда бұл ипотеканы жабатын мүмкіндік бар. БЖЗҚ қаржысымен тек ипотекалық мақсаттағы қарыздарды ғана өтеуге рұқсат берілген. Екінші деңгейлі банктерден алынған ақшалай несиені өтеуге болмайды. Егер басқа банктегі қарызын өтегісі келсе, онда банктік займ келісімшартын және қарыздың қанша қалғаны тура­лы анықтаманы ұсынуы керек.

«Біз банктермен ақпарат алмасу бойынша үлкен жұмыс істедік. Қазір бізде 12 банктің реквизиті бар. Оның ішінде ірі ипотекалық банктер де бар. Сізге реквизит толтырудың қажеті болмайды. Банк тізімінен қажеттісін таңдайсыз және сіздің өтінішіңіз автоматты түрде толтырылады. Аударымға өтінішке қол қоясыз және қаржы қажетті мақсатқа жіберіледі» дейді «Отбасы банкінің» өңірлік даму және сату департаментінің директоры Рахилия Балтабаева.

Банк өкілінің сөзінше, зейнетақы жинағындағы қаржыны алып, «Отбасы банкінен» депозит ашып, ақша жинауға болмайды. «Отбасы банкінің» шотына ақша түскеннен кейін клиент 45 күн ішінде пәтер сатып алуы тиіс.

egemen.kz

28 қаңтар 2021 ж. 254 0