Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағын баспана үшін пайдалану ережелері жарияланды

Зейнетақы жинағын баспана үшін пайдалану ережелері жарияланды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану ережелерін жариялады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
21 қаңтар күні бекітілген құжаттың толық мәтіні zan.gov.kz сайтында орналастырылды. 
Тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетіндер біржолғы зейнетақы төлемін келесі мақсаттарға пайдалана алады: 
  • – тұрғын үйді сатып алу-сату, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау (айырбас жасау) шарттары бойынша, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша; 
  • – жеке тұрғын үй салу үшін (нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) толық есеп айырысу;
  • – ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу; 
  • – тұрғын үй қарыздарын ішінара немесе толық өтеу, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру; 
  • – ипотекалық тұрғын үй қарызын ішінара немесе толық өтеу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке тұрғын үй салу (нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық), тұрғын үй қарызын алу; 
  • – ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеу; 
  • – тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу. 
Айта кетейік, ҚР азаматтары біржолғы зейнетақы төлемдерін аталған мақсаттарға шектеусіз пайдалана алады. 
Сондай-ақ біржолғы зейнетақы төлемін алушының жұбайы (зайыбы) және (немесе) жақын туыстары атынан өтініш берушіге (-лерге) тиесілі біржолғы зейнетақы төлемдерін аталған мақсаттарға пайдалануға рұқсат берілген. Ол үшін тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады. Келісім олардың ЭЦҚ немесе некені (ерлі-зайыптылықты) немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті оператордың ішкі құжатында белгіленген өзге де электрондық тәсілмен куәландырылады. 
Мәлім болғандай, жеке меншікте тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануға рұқсат беруден бас тарту үшін негіз бола алмайды. 
Алайда, зейнетақы шотындағы қаражат қолма-қол ақша ретінде берілмейді. 
Ескертіліп өткендей, жылжымайтын мүлікті өзінің жұбайынан (зайыбынан), жақын туыстарынан сатып алуға болмайды. 
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сот шешімі бойынша жылжымайтын мүлікті өткізу жағдайларын қоспағанда, біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып 5 (бес) жыл ішінде меншікке ресімделген жылжымайтын мүлікті өткізуге жол берілмейді. 
27 қаңтар 2021 ж. 458 0