Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Халықтың әл-ауқаты артады": Қазақстанда ұлттық жоспар бекітілді

"Халықтың әл-ауқаты артады": Қазақстанда ұлттық жоспар бекітілді

Құжатта аса маңызды салаларды дамытуға қатысты стратегиялық ұстанымдар, коронавирус дағдарысының салдарын жеңілдету шаралары, сондай-ақ, қазіргі жаһандық үрдістер жағдайында экономиканы орнықты әрі сапалы түрде дамыту саясаты жазылған.

Қазақстанда елдің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық жоспарда жаңа экономикалық бағыттың негізгі міндеттері мен параметрлері айқындалып отыр. Оны президенттің тапсырмасы бойынша ұлттық экономика министрлігі стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп әзірледі.

"Жоспар халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған түбегейлі институционалдық және салалық реформалар үшін негіз қалайды", - делінген ресми хабарламада.
Құжатта аса маңызды салаларды дамытуға қатысты стратегиялық ұстанымдар, коронавирус дағдарысының салдарын жеңілдету шаралары, сондай-ақ, қазіргі жаһандық үрдістер жағдайында экономиканы орнықты әрі сапалы түрде дамыту саясаты жазылған. Нақты стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы да бар. Ол ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі болып саналады. Ал нақты көрсеткіштерге жету үшін экономиканы әртараптандыру, инвестицияларды тарту, экспортты ілгерілету, жеке кәсіпкерлікті қолдау және кешенді дамыту сияқты нақты шаралар қабылданады.

"Денсаулық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, нәтижелі жұмыспен қамтуға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударылатын болады", - дейді мамандар.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы қол қойған "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары туралы" жарлық бар. Онда үш негізгі басымдық көрсетілген. Соның ішінде азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және күшті экономика құру бағыты бар. Соған жету үшін 10 нақты міндет белгіленіп отыр. Осы бағытта реформалар жасалады. Олар:
әділ әлеуметтік саясат;
денсаулық сақтаудың қолжетімді және тиімді жүйесі;
сапалы білім беру;
азаматтардың мүдделерін қорғауға арналған әділ және тиімді мемлекет;
мемлекеттік басқарудың жаңа моделі;
патриотизм құндылықтарын дәріптеу;
ұлттық қауіпсіздікті нығайту;
әртараптандырылған инновациялық экономика құру;
экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту;
теңгерімді аумақтық даму.
Ұлттық даму жоспарының және жалпыұлттық басымдықтардың барлық индикаторы бүкіл мемлекеттік аппарат жұмысының өзекті бағыттарын айқындайды. Осы стратегиялық құжаттар қазіргі кезеңнің сын-қатерлерін еңсеруге, сондай-ақ, ортамерзімдік перспективада елдің өмір сүру сапасы мен табысын өсіруге көмектеседі деген жоспар бар.

sputnik.kz​​​
09 наурыз 2021 ж. 549 0