Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құнсыздық: Айлық аз, баға қымбат

Құнсыздық: Айлық аз, баға қымбат

Қазіргі таңда екеудің басы қосыла кетсе, әңгіменің бір ұшы қарыштап бара жатқан базар бағасын айналып өттпейді. Азық-түліктің құны күн санап өсуде. Саудагерлердің де уәжі дайын. Бәрін жанар-жағармайдың бағасымен байланыстырып қойған. Қала ішіндегі такси қызметінің де құны бірден 50 теңгеге өсіп шыға келді. Ол ғана емес. Жақында ғана электр энергиясының да бағасы көтерілді. Мұның бәрі қарапайым тұрмыс кешіп отырған халыққа ауыртпашылық тудырып отырғаны жасырын емес. Десек те, жалақысы жақсының жағдайы да жақсы. Өткені құнсыздық халықтың табысымен тікелей байланысты. Бірақ айлық мәселесіне келгенде, еліміздегі жағдайы көңіл көншітерлік емес. 2021 жылдың басында әлемдегі ең төменгі жалақы рейтингін жариялаған Picodi халықаралық сервисі біздегі жалақыны 56 елдің ішіндегі ең төменгісі деп бағалапты.

Зерттеушілер рейтингті түзген кезде азық-түлік бағасы мен ең төменгі айлық көрсеткішін салыстыруды да ұмытпапты. Сонда өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік бағасы 14 пайызға өскені белгілі болды. Ел тұрғындары осылайша жалақысының 58 пайызын тамаққа жұмсайды. Бұл – елімізде азық-түліктің бағасы шарықтаса да, ең төменгі күнкөріс соммасы өспегендігін көрсетіп отыр.
Әр айдың 4-5-і болғанда халық банкке ағылады. Зейнетақы, жәрдемақы осы уақытта түсе бастайды. Тапқанын тамақ ететін халық қолына ақша түсісімен базарға ағылатыны да белгілі. Бұл – қалыптасқан қағида. Бірақ сол базардан көңілдері түсіп, әр саудагердің дегеніне көніп қайтады. Себебі, базардағылар азық-түліктің бағасын сұрағанда, ойына келген бағаны айтады. «Пенсия мен айлықты көбейткені құрысын. Базарда бәрі қымбаттап сала береді. Пенсияға 2000 теңге қосылды. Ал азық-түліктің бәрі қымбаттап сала берді. Бұған өзі бақылау бар ма?» деп ренжіген апаларымызды да естідік. Бірақ расы осы. Бүгінде зейнетақы мен жалақының кішкене өскендігін естісек, базардың бағасы да көтеріліп жатады.
Аудандық ауыл шарауашылығы бөлімінің статист маманы Бағдат Әлішева "базар бағасының өсуі шетелден тасымалданатын тауарлардың және доллор бағамының көтерілуімен байланысты. Бұл бір ғана біздің өңірде емес, республика бойынша азық-түлік өнімдерінің кейбір түрлері көтеріліп отыр" деді.
– Бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан көлемінде 9 рет ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткіздік. Бізде балық өндірілетін болғандықтан, аталған өнімнің бағасын төмендетіп, халыққа ұсыну үшін жеке кәсіпкерлермен келісе отырып, жәрменкелер өткізудеміз. Ал жалпы азық-түлік бағасын қалыпты ұстау үшін жеке кәсіпкерлер Бердібек Оңалбеков, Серік Саяновпен келісе отырып, азық-түлік, өзге де тұрмысқа қажетті өнімдерді өз дүкендерінде нарықтағы бағадан бірнеше есе төмен етіп сатуда, – деді.
Ақшаның құнсызданып, базар бағасының халықтың қалтасының көтермеуінің бір ұшы жалақыға келіп тіреледі. Жалақы да бәріне бірдей өсіп жатқан жоқ. Мәселен, бүгінде мұғалімдер мен дәрігерлердің, жалпы бюджеттік мекемеде жұмыс жасайтындардың ғана жалақысы өсті. Ал аудан тұрғындарының 43 пайызға жуығы жекелеген серіктестіктерде еңбек ететінін ескерсек, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 42500 теңгеден көтерілмеуі олардың айлық табысының да өспеуімен байланысты болып отыр.
Жекелеген кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейтін Уәлихан Жұбатыр өзінің жалақысының 50 мың теңге екендігін айтты.
– Осы айлықпен бір отбасын асырап отырған жайымыз бар. Басшыларға айлық аздығын айтып шағымдандық, бірақ олар өздерінің мемлекеттік заңдылыққа сай жұмыс жасап отырғандығын, ең төменгі жалақыдан артық айлық тағайындап отырғандығын айтуда. Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Дегенмен амалдың жоқтығынан көнуге мәжбүрміз. Әйтпесе мына заманда жақсы жұмыс табу да мүмкін болмай қалды, – деді.
Елдегі еңбекақының аздығын айтып Үкімет басшысына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Айбек Паяев айлығы шайлығынан аспайтын тұрғындардың тұрмысы нашарлағанын алға тартты. Оның айтуынша, сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты ең төменгі жалақы мөлшері азайған жалғыз ел Қазақстан болып отыр дейді. Бұның сын көтермейтін мәселе екендігін айтып, жағдайды түзеуге ұмтылуымыз керек, деді.Сондай-ақ әлемдік стандарттарға сәйкес азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын нақты шығыстарды көрсете отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін өзгерту қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін төменгі жалақы орташа еңбекақымен ғана емес, өмір сүрудің нақты құнымен де өлшенуі тиіс, дейді депутат.
Қазақстанда ең төменгі жалақы көлемі елдегі орташа айлықтың 20%-ын құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Ең төменгі айлық көлемін мемлекет реттейді және оның мөлшері республикалық бюджет туралы заңнамада бекітілген. Қазақстанда жалақы тым төмен. Айлық жағынан біз Еуразия экономика одағы елдерінің ішінде Қырғызстаннан ғана озып тұрмыз. Әлбетте, кез келген мемлекеттің жалақысы сол елдің экономикалық жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан алдымен экономиканың нақты секторындағы ахуалды жақсартып алуымыз керек.
Әртүрлі салаға шолу жасап, статистикалық мәліметтер беріп отыратын inform.kz/ сайтының дерегінше, 2020 жылдың соңғы тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы көлемі 14,3%-ға жоғарылап, 233,1 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылға қарай өсуі әбден мүмкін. Егер ең төменгі жалақының көлемін орташа жалақының 30%-ына жеткізсе, онда елдегі ең төменгі айлық шамамен 70 мың теңгеден асады деген сөз.
Статистикалық мәліметтерге сенсек, бюджеттік саланың өзінде ең төменгі айлық алатын адамдардың саны 1,2 млн-нан асады. Сондықтан халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жалақыны көтеру маңызды. Оның пікірінше, айлық көбею үшін алдымен жұмысшыға жалақы төлейтін жұмыс берушінің жағдайына қарайласу керек. Сарапшылар сондай-ақ айлықтың аздығынан азаматтар зейнетақы қорына жеткілікті қор да жинай алмай отырғанын алға тартты. Мысалы, ел азаматтарының 721 мыңы ғана зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалана алады. Бұл – жалпы халықтың 4%-ға жетер-жетпес бөлігі. Демек, отандастарымыздың басым көпшілігі аз айлықпен күн көреді. Қазақтың табыс деңгейі қандай деңгейде екенін осыдан-ақ бағамдауға болады.

Н. МАРАТҚЫЗЫ

27 сәуір 2021 ж. 614 0