Жеңілдетілген автонесие: Қаржы бар, көлік қат
Жеңілдетілген автонесиемен бір көлікті мінсем, ел алдында жарқырап-ақ жүрсем дейтін кәрі-жастың бәрі қазір тақым қысып отыр. Шынында да, әне-міне басталатын төрт пайыздық бағдарламадан дәмелі адам көп. Бірақ бөлінген қаржы, құрастырылған көлік бәріне бірдей жете ме? Себебі ашық-шашық жатқан ішкі нарықта автокөлік тапшылығы қалыптасып отыр.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашеваның пікіріне қарағанда, автокөлік дефициті – Қазақстанға ғана емес, тұтас әлемге ортақ проблема. Бұған пандемияның кері әсері болды. Басқа да факторлар әсер етті. Мәселен, автокөлікті құрастыру кезінде пайдаланылатын микрочиптер өндірісінің төмендеуін, логистикаға қатысты проблемаларды атап өтуге болады. А.Мақашева отандық кәсіпорындардың тұтынушыларды көлікпен жеткілікті көлемде қамти алатынына сенімді.
– 2021 жылы автокөлік нарығындағы өсім 26 пайызды, өндірістегі өсім 20 пайызды құрады. Осы жылдың наурыз айындағы жағдайға зер салсақ, нарықтың өсімі 28 пайыздан асты. Демек нарықта оң динамика қалыптасып отыр. Иә, автокөлік дефициті бар екенін мойындау керек. Алайда бұл шешілетін шаруа. Ең бастысы, қазір көпшілік айтып жүргендей автосалондарда автокөліктер жоқ емес, бар. Тек кейбір жиынтықтар жетіспей жатыр. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында халықты жаңа автокөлікпен қамтуға дайынбыз, – деді А.Мақашева.
Бағдарламаны жүзеге асыруға 100 млрд теңге бөлінгені мәлім. Жан басына берілетін кредиттің орташа сомасы 10 млн теңге деп есептесек, онда бағдарлама аясында 10 мың адамды қамтуға мүмкіндік бар. Бұл аз ба, көп пе?
– Былтыр Қазақстан нарығында 117,5 мың жаңа автокөлік сатып алынды. Жергілікті өндірушілер 80 мыңның үстінде жеңіл автокөлік құрастырды. Жүк көліктерін қоса есептесек, отандық өнімдердің үлесі 90 мыңның үстіне шығады. Сатып алынған көлік пен құрастырылған техниканың арасында айырмашылық әжептәуір. Сұраныс пен ұсыныстың арасында теңсіздік қалыптасып отыр. Яғни ішкі нарыққа сырттан 30 мыңнан астам жаңа автокөлік әкелінді деген сөз. Демек нарықтағы дефициттің көлемі де осы шамада. 30 мыңнан астам көліктің құнына тең қаржыны отандық өндірушілер уыстан шығарып алып отыр. Әрине, шетелдік қымбат көліктерді сатып алуға тыйым сала алмаймыз. Дегенмен, өз өнімімізді көптеп ұсыну арқылы импорттық техниканың үлесін азайтуға болады. Төрт пайыздық автонесиені іске қосудағы мақсат та сырттан келетін импорттық көліктерді шектеу емес пе, – дейді «ҚазАвтоПром» автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мемлекеттік реттеу жөніндегі директоры Әділбек Орымбаев.
Қазір «ресейлік азаматтар Қазақстандағы жаңа автокөліктерді жаппай сатып алып жатыр» деген әңгіме желдей есіп тұр. Karma.kz автопорталының техникалық директоры Павел Федотовтың пікіріне сүйенсек, көрші ел санкциялардың құрсауында қалғандықтан, ондағы тұтынушылар жақын төңіректегі жаңа автокөліктерді сатып алуға тырысатыны түсінікті. Өйткені қазір автокөлік жүріп-тұруға қызмет ететін техника ғана емес, инвестициялық құралға айналды. Бұл – әлемдік тенденция.
– 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстанда көлемі 2,5 литр болатын ең қолжетімді Toyota Camry-дің бағасы 12,5 млн теңге тұратын. Бүгінде аталған көлік kolesa.kz сайтында 13,7 млн теңгеге сатылып жатыр. Иесі автосалоннан алған көлікті бір, бір жарым жыл мініп сатса да 1 млн теңгенің үстінде пайда көрді. Бұрын керісінше еді ғой. Салоннан шыққан көліктің бағасы бірден төмендейтін. Қазір олай емес. 2020 жылдың сәуірінен бастап әлемде осындай тренд қалыптаса бастады, – дейді П.Федотов.
Қазақстан нарығын үптеп кетуі мүмкін ресейлік тұтынушыларға проблема деп емес, мүмкіндік деп қарау керек. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева айтты.
– Тығырыққа тірелген ресейлік тұтынушылардың біздің нарыққа ойысатыны даусыз. Ендеше, осы бір сәтті пайдаланып, отандық өндірістің қарқынын үдету керек. Иә, ресейлік азаматтар жеке тұлға ретінде Қазақстаннан автокөлік сатып ала алады. Мұндай қауіптің бары да жасырын емес. Бірақ көп көлемде сатылады деу қисынға келмейді. Өйткені отандық өндірушілер мемлекет алдындағы жауапкершіліктері мен міндеттемелерін ұмытпауы керек. Олар бірінші кезекте ішкі нарыққа басымдық береді. Егер жағдай ушығып кететін болса, Үкімет тиісті қадамдарды қолға алады. Бірақ қазіргі мәселенің бәрі ақпараттық алаңда ғана болып жатыр. Шынайы жағдайда бәрі қалыпты. Меніңше, сұраныстың көбейгені жақсы. Сонда сұраныс отандық автоөндірістің драйверіне айналады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, – дейді Е.Смышляева.
Автокөлік нарығының сарапшысы Артур Мискарян жеңілдетілген автонесие бағдарламасы ішкі нарыққа анау айтқандай серпіліс әкелмейді деген пікірді алға тартып отыр.
– Бағдарламадан кейін отандық автоөндіріс қарқынды дамып кетеді дегенге сенбеймін. Өйткені соңғы жылдары Қазақстанда да, әлемде де автокөлік дефициті қалыптасуда. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қарамастан осындай жағдайға куә болып отырмыз. Өйткені сұранысқа басқа факторлар әсер етуде. Негізгі үшеуі мыналар – автопаркті жаңалау тенденциясы, автомобильдендірудің төмен деңгейі, төлеуге қабілетті сұраныстың сақталуы. Сондықтан бұл бағдарламаға иек арта берудің қажеті шамалы. Иә, бағдарлама аясында шамамен 6,6-10 мың жаңа көлік сатылар. Бірақ бұл да анау айтқандай көп емес. Бағдарлама ұзақ мерзімге арналған және револьверлік принцип бойынша жұмыс істейді. Алайда бұл жерде нарықтың көлемі мен баға динамикасын да естен шығаруға болмайды. Дегенмен, жеңілдетілген бағдарламаның жақсы тұстарын да айтуға тиіспіз. Мемлекет банктер ұсынбайтын талаптар бойынша көлік алуға мүмкіндік беріп отыр. Несиені бастапқы жарнасыз алуға болады. Бұл тұрғындар үшін тиімді болғанымен, мемлекет үшін тәуекел. Өйткені теңге бағамы теңселіп тұр және халықтың нақты кірісі төмендеп келеді, – дейді А.Мискарян.
Отандық «За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеев те жеңілдетілген автонесие бағдарламасы отандық көліктердің саудасын қыздырады дегенге сенбейді.
– Рас, бағдарламаның ешқандай кемшілігі жоқ. Біріншіден, тұрғындарға тиімді. Екіншіден, отандық өндіріске қолдау. Үшіншіден, бағдарлама револьверлік жүйемен жұмыс істейді. Клиенттерден қайтарылған қарыз айналымда жүре береді. Яғни өзгелердің бағдарлама бойынша көлік алуына жол ашылады. Бірақ бұдан автокөлік саудасы қарқын алмайды. Бөлінген қаржыға әрі кетсе 10 мың көлік алынады. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана, – дейді ол.
«Утиль алымға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының өкілі Алмасбек Садырбаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасына мүлдем қарсы.
– Көлік бағасы әлемде арзан, Қазақстанда қымбат. Алысқа бармай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты мысалға алайық. Бұл одаққа бізбен бірге Армения да, Қырғызстан да мүше. Бірақ аталған екі мемлекеттегі көлік бағасы бізден әлдеқайда арзан. Неліктен бұлай? Демек біздің өз ішіміздегі жүйеде кемшілік бар. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 1 мың адамға 250 көліктен тиеді. Өркениетті елдерде 1 мың адамға 700-800 көліктен айналады. Сонда біз жеңілдетілген автонесиемен қай жыртығымызды жамамақпыз?! Бір жылғы кезектің өзін реттей алмай отырмыз. Біздің шенеуніктер мен бәзбіреулердің бизнесіне жұмыс істейтін қауымдастықтар әлемде автокөлік дефициті қалыптасып отыр деген уәжді алға тартады. Бұл дұрыс емес. Әлемде автокөлік дефициті орын алған жоқ, керісінше өндіріс құлдырап, жабылып жатыр. Оған санкциялар, геосаяси жағдайлар кері әсер етуде.
Түптеп келгенде, төрт пайыздық несие халықты жарылқамайды. Себебі осы несиенің өзі халықтың жинап берген салығынан алынып отыр. Яғни халықтың өз бидайын өзіне қуырып беруде. Экологиялық кодекске сүйенсек, утиль алымнан жиналған қаражатты несие ретінде пайдалануға тыйым салынған. Халықтың аузын жабу үшін Үкімет қолданыстағы талаптардың бәрін белден басты. Сондықтан мұны тоқтату керек. Халықтың қаржысын халыққа қарызға беру арқылы нарықтағы үш-төрт байдың бизнесін, бірнеше банктің жұмысын жүргізгеннен басқа ұтарымыз жоқ. Үкімет халыққа шынымен жаны ашыса, утиль алымды алып тастау, ішкі нарыққа сырттан арзан көлікті кіргізуге рұқсат беру жағын қарастыруы керек, – дейді А.Садырбаев.
Еске сала кетейік, жуырда жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары бекітіліп, Үкімет деңгейінде ресми түрде шешім қабылданды. Бағдарлама сәуірдің соңында іске қосылады, шамамен 100 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ өңірлердегі автобустар паркін жаңарту үшін 30 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Бұл қаражат «Жасыл даму» компаниясынан алынып отыр. Жеңіл автомобильдерді сатып алуға несие беру шарттары келесідей: сыйақы мөлшерлемесі – 4 пайыз; несие сомасы – 10 млн теңгеден аспауы керек, қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан аспайды; бастапқы жарна – 0 пайыздан басталады; көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы шарт.
– Бағдарлама іске қосылған соң, екінші деңгейлі банктерге барып өтінім беру керек. Банктер жалпы шарттарды қаперге алады және өздерінің ішкі талаптары негізінде клиенттің несие тарихына, төлем қабілеттілігіне назар аударады. Несиені екінші деңгейлі банктер береді. Сатып алынатын көліктің құны 15 млн теңгеден, ал банктер беретін несие сомасы 10 млн теңгеден аспауы қажет. Демек қалған 5 млн теңгені клиенттің өзі төлейді. Сондай-ақ қарыз алушы екі жылдың ішінде бір рет қана несие ресімдей алады. Егер клиенттің еңбекақысы мүмкіндік берсе, көлікті бастапқы жарнасыз алуға болады. Ал банктер клиенттің ай сайынғы төлемді төлеуге шамасы жетпейтінін анықтаса, онда 10 немесе одан көп пайыз көлемінде бастапқы жарна сұратуы мүмкін. Өйткені бұл жерде банктер де тәуекелге барады. Олар мемлекеттің берген қаржысын кейін кері қайтарады. Жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан банктер бастапқы жарнаға қатысты қосымша талаптар қоюы ықтимал, – дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры Ербол Сейпілов.
egemen.kz