Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәуірден бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 4%-ға артады

Сәуірден бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 4%-ға артады

Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4%-ға артатынын мәлімдеді.
Біз бүгін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтыладық. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңды да қарап, қабылдадық. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрделі екенін бәріміз білеміз көріп отырмыз. Әлем коронавирус індетінен кейін әлі толық қалпына келген жоқ. Осы тұста санкциялық теке-тірес пен геосаяси ахуалдың шиеленісуі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді деп айтуға толық негіз бар, - деді ол.

Әшімбаев атап өткендей, «қасіретті қаңтар» оқиғасы да еліміз үшін ауыр сынақ болды. Қазір әлем бойынша экономикалық өсімнің төмендеуі болжанып отыр.

Шикізат бағасы өсті. Сонымен бірге инфляция да арта түсті. Логистикаға қатысты проблемалар да өзекті болып тұр. Мұның бәрі Қазақстанның экономикасына, сондай-ақ республикалық бюджетке айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Осыған орай, мемлекет экономикамызды қорғау үшін қажетті шараларды қабылдады. Бүгін бюджетке енгізілген түзетулер Мемлекет басшысының тиісті тапсырмаларын іске асыруға бағытталып отыр, - деп түсіндірді Сенат спикері.

Оның айтуына қарағанда Президенттің реформаларының басты мақсаты – экономиканың өсіміне, ұлттық байлықтың әділ бөлінуіне және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға қажетті жағдай қалыптастыру.

Қазір мемлекетіміз күрделі экономикалық жағдайға қарамастан өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отыр. Биылғы бюджеттің шамамен жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бүгін қабылданған түзетулердің нәтижесінде сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4%-ға артады. Бұл 4 млн-нан астам адамға оң әсерін тигізеді. Жалпы алғанда зейнетақының орташа мөлшері былтырмен салыстырғанда 11%-ға өседі, - дейді Әшімбаев.

Сенат төрағасы атап өткендей, халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге қарастырылды. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі де айтарлықтай ұлғаяды.

Сөзінше, бұл шараның барлығы экономикамызды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады.

baq.kz
05 мамыр 2022 ж. 1 742 0