Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері мөлшерлерінің арттырылуы туралы

Зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері мөлшерлерінің арттырылуы туралы

Қазақстанда жыл сайын барлық әлеуметтік төлемдер (зейнетақылар мен жәрдемақылар) инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі.
Ұлттық Банктің деректері бойынша инфляция деңгейі осы жылдың соңына дейін 8-10% – ға жетуі мүмкін (бұрын инфляция бойынша болжам 4-6% - ды құраған).
Биыл зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 3,9 трлн теңге қарастырылған, бұл бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігін құрайды.
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап инфляцияның 2022 жылға арналған дәлізінің қайта қаралуы ескеріліп, ынтымақты зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшері қосымша 4% - ға индекстелетін болады, ал базалық зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі-ЕТКД) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің (бұдан әрі-АЕК)өзгеруіне байланысты арттырылатын болады.
1 сәуірден бастап АЕК мөлшері 3180 теңгені, ЕТКД -37389 теңгені құрайды.
Мысалы, егер бұған дейін төлем алушының ынтымақты зейнетақысының мөлшері 73000 теңгені құраса, онда қосымша индекстеуді ескере отырып, 1 сәуірден бастап оның мөлшері 75920 теңгені құрайды.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшеріне келетін болсақ, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық ара қатынаста белгіленеді.
Мысалы, егер базалық зейнетақының мөлшері 28 жыл өтілі кезінде бүгінгі күні ЕТКД – нің 90% – ын немесе 32417 теңгені(01.01.2022 ж.  ЕТКД-36018 теңге) құраса, сәуір айынан кейін ол 33651 теңгені құрайды (01.04.2022 ж. ЕТКД-37389 теңге).
Сол сияқты жәрдемақылар мөлшері де арттырылатын болады.
Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар  ЕТКД және АЕК-мөлшерінің өсуіне орай көбейеді.
Ағымдағы жылғы қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 5% индекстелді. Ұсынылып отырған инфляция дәлізін ескере отырып, 1 сәуірден бастап АЕК мөлшері 3180 теңге, ЕТКД -37389 теңге болып өзгеруіне байланысты, балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар төмендегідей мөлшерде артады.
Мысалы, бес баласы бар көпбалалы отбасы өткен жылы 59680т (20,04 АЕК) мөлшерінде ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алған.
2022 жылдың басында (5%-ға) индекстеуді ескере отырып (61383теңге),  1 сәуірден АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты бұл жәрдемақының мөлшері 63727 теңгені құрайды, яғни, өткен жылы алынған жәрдемақы мөлшері айына 5270 теңгеге көбейеді.
Сонымен қатар, бала туған кезде отбасына баланың кезегіне байланысты төленетін жәрдемақының екі түрінің мөлшері де өседі.
Атап айтқанда, бірінші, екінші және үшінші бала туылғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері  1 сәуірге дейін 116394 теңгені құраса,1 сәуірден бастап 120840 теңгені құрайды немесе 4446 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туылғанда   192969 теңгеден  200340 теңгеге немесе 7371 теңгеге артады. 
Ал, бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері тууы кезектілігіне байланысты 1 сәуірден бастап бірінші балаға -18317 теңге, екінші балаға -21656 теңге, үшінші балаға -24963 теңге, төртінші және одан да көп бала туылғанда-28302 теңгені құрайды.
Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасына ай сайын берілетін жәрдемақы мөлшері 1 сәуірден бастап 52345 теңгені құрайды, бұл өткен жылғы жәрдемақы мөлшерінен 4322 теңгеге артық.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға 1 сәуірге дейін жәрдемақының мөлшері 19604 теңгені құраса, 1 сәуірден бастап 20352 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Жоғарыда аталған шаралар үшін республикалық бюджеттен қосымша 111 млрд теңге бөлінеді.
Мемлекет басшысы «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойғаннан кейін  зейнетақылар мен жәрдемақыларды жоғары мөлшерде төлеу жүзеге асырылады, аталған Заң жобасы қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралуда.
Бұл ретте, өткен уақыт үшін, ағымдағы жылдың сәуірінен бастап барлық әлеуметтік төлемдердің жаңа мөлшеріне дейін тиісті қосымша төлем есептеу жүргізілетін болады.
Облыс бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың жалпы саны 243,0 мың адам. Оның ішінде  зейнетақы алушылардың саны-77,4 мың адам.
Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың төлемдерінің мөлшерін 1 сәуірден  қайта есептеу жұмыстары автоматты түрде жүргізіледі.
Яғни, төлем алушыларға  аталған мөлшері арттырылған  төлемдерді алу үшін ешқайда бару немесе өтініш білдіру қажеттілігі жоқ.
Көбейтілген зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері маусым айынан бастап төленеді, бұл ретте 2 айға (сәуір, мамыр) қосымша төлеммен көбейтілген мөлшерде төленіп, ал шілдеден бастап 1 айға көбейтілген мөлшері төленетін болады.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті
29 маусым 2022 ж. 1 658 0