Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда орташа зейнетақы қанша

Қазақстанда орташа зейнетақы қанша

Қазақстанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 641 теңгені құрайды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ведомство ақпаратынша, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 649 млрд теңге зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы – 506,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 1 трлн 142,7 млрд теңге.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 2 млн 300 мың зейнеткер тұрады.
"1 шілдедегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 641 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 805 теңге, базалық зейнетақы – 37 836 теңге", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 2018 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-іне тең, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Ал егер өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ін құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары БЖЗҚ-ғаа бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы мөлшері соғұрлым көп болады, деп атап өтті министрлік.
Ал азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнетке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

sputnik.kz​​​
19 шілде 2023 ж. 596 0