Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыс беруші зейнетақыны өз есебінен аудара бастайды

Жұмыс беруші зейнетақыны өз есебінен аудара бастайды

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші қызметкерлеріне зейнетақы аударымдарын өз есебінен жүргізе бастайды. Үкіметте қарар қабылданып, күшіне енді, деп жазады Egemen.kz.

«Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» ел Үкіметінің қаулысы күшіне енді.

Құжатқа сәйкес жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен міндетті зейнетақы жарнасын аударады. Ол 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен өсуге тиіс. Осылайша зейнетке шыққан кезде жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі.

Бұл шара, әсіресе, жастарды қолдауға бағытталған. Олардың зейнетақы жиынтығы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударым есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы жұмыс берушілердің жарнасы есебінен құралады.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.

Әлемдік тәжірибені ескере отырып қабылданған жүйе азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету мен мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілікке жұмылдырады.

Салық кодексіне сай жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу шығыны қайтарымсыз деңгейде қалады.

Фото: egemen.kz
02 қаңтар 2024 ж. 1 892 0