ҚҚС: МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ
![](/uploads/posts/2025-02/medium/1738986655_3.jpg)
Қосымша құн салығы – тауарлар мен қызметтердің өндірісі мен айналымы барысында қосылған құнға салынатын жанама салық түрі. Бұл салықтың ерекшелігі – әрбір өндіріс сатысында қосылған құнға салынып, соңында түпкілікті тұтынушының мойнына жүктеледі. Мысалы, нан өндірісін алайық: диқан бидай өсіріп, оны диірменге сатады; диірмен ұн тартып, наубайханаға жеткізеді; наубайхана нан пісіріп, дүкенге өткізеді; ал дүкен нанды тұтынушыға сатады. Әр кезеңде өнімнің құны артып, салық сол қосылған құнға салынады.
Елімізге 1992 жылы салықтың енгізілуі ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуімен тұспа-тұс келді. Сол уақыттан бері ол мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзінің біріне айналды. 1995-1996 жылдары болған тауар тапшылығын жоюда да маңызды рөл атқарғаны мәлім.
Негізінен ҚҚС жанама сипаттағы салық, яғни оны нақты мемлекетке төлеуші кәсіпкер емес, тауарды немесе қызметті сатып алушы тұтынушы төлейді және көпдеңгейлі жүйеге негізделген, өнім өндіру немесе қызмет көрсету процесінің әр кезеңінде де салық алынады. Еліміздегі мемлекеттік бюджеттің шамамен 30%-ы ҚҚС есебінен құралады. Оның мөлшері үкімет тарапынан тәуелсіз белгіленіп, әр елде әртүрлі болады. Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде орташа мөлшерлеме 20-25% құраса, ТМД елдерінде 12-20%, ал Қытайда 13%, Жапонияда – 10%, Сингапурде – 8%.
Қазір Қазақстанда салықтың мөлшерлемесі 12%-ды құрайды. Бұл салықты төлеушілерге қосылған құн салығы бойынша есепке тұрған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жатады. Төлеуші объектілерге тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, сондай-ақ Қазақстан аумағында тауарлар импортымен айналысушылар кіреді.
Соңғы уақытта оның мөлшерлемесін арттыру мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосымша құн салығы мөлшерлемесін арттыру қажеттігін айтты. Онда Үкімет жалақы қорының жүктемесін оны сатуға ауыстыру арқылы азайтуды ұсынды.
– Ол үшін жұмыс берушінің әлеуметтік және міндетті зейнетақы төлемдерін төмендете отырып, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, олар үшін қажетті қаржылық резервтер жасайды. Еңбекақы қорына жүктемені азайту бизнеске қызметкерлердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша салық түсімдері экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды озыңқы дамытуға, басым салалардағы перспективалы бизнес-жобаларды қолдауға бағытталатын болады, – деді О.Бектенов.
Қазір уақытта 2,3 млн-нан астам салық төлеушілердің ішінен қосымша құн салығын тек 88 мыңы төлейді. Бұл қосымша құн салығы бойынша есепке қоюдың жоғары шегіне (78 млн теңге) байланысты болып отыр. Осылайша бюджетті қосыша салықпен толықтырмақ. Вице-премьердің айтуынша, қосымша құн салығын арттыру бюджетке жыл сайын шамамен 5-7 трлн теңге көлемінде қаржы әкеліп, даму бюджетін 20%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бизнес бөлшектене бастады
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету жоспарланған.
– Бұған дейін ставка 20%-дан 12%-ға, ал корпоративтік салық ставкасы 30%-дан 20%-ға дейін төмендеткен салық реформалары – қате шешім болды. Осы салық жеңілдігі мен салық әкімшілігіндегі жеңілдіктердің салдарынан бюджетке түсетін салық азайды. Заң шығару саласында салықты оңтайландыруға арналған құқықтық олқылықтар пайда болып, бизнес бөлшектене бастады. Осыған байланысты ҚҚС-ты есепке алу тоқтап, ҚҚС тиімді 12% мөлшерлемемен бөлшек сауда салығына айналды, – деді ол.
Қарапайым мысал ретінде Алматыда жұмыс істейтін такси жүргізушісін алайық. Ай сайын ол 7-8 млн теңге табыс табуы мүмкін. Бірақ бұл сомадан такси паркі өз үлесін ұстайды, банк комиссиясы алынады, жанармай шығыны төленеді. Сондай-ақ жүргізушінің еңбекақысы да осы айналымның ішіне кіреді. Бірақ бұл шығындар ҚҚС есебінде ескерілмейді.
Сонымен қатар такси жүргізушісі қосымша табыс көзі ретінде «Kaspi.kz» платформасы арқылы тауар сатады делік. Базардан құжатсыз тауар алып, оған өз маржасын қосып сатып, оны такси қызметімен қатар жеткізіп отырады. Бұл саудадан ай сайын 10-12 млн теңге айналым түсуі мүмкін. Бірақ тауардың өзіндік құны 8-9 млн теңгені құрауы ықтимал. Оның үстіне, бұл тауарлар көбіне несиеге немесе бөліп төлеу арқылы алынуы мүмкін, алайда бұл да есепке алынбайды. Осылайша, такси қызметінен жылдық айналым 7-8 млн теңгені, тауар сатудан 10-12 млн теңгені құрайды. Егер бұл сомалар қосылса, кәсіпкердің жылдық айналымы 15 млн теңгеден асып кетеді. Нәтижесінде, ол ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелуге міндетті болады. Бұл жағдайда кәсіпкер бұрын 3% патенттік немесе жеңілдетілген салық төлесе, енді оған қосымша 20% ҚҚС төлеу талабы қойылады. Осылайша, такси жүргізушісі экономикалық тұрғыда «Яндекс такси» паркімен теңестіріледі.
Көлеңкелі кәсіп көбеймейді
Қосымша құн салығының мөлшерлемесінің артуы тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде халықтың сатып алу қабілетіне әсер етіп, инфляцияның өсуіне ықпал етуі ықтимал. Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, мөлшерлеменің өзгеруі көлеңкелі экономиканың деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. Оған мысал, өткен кезеңде салық көлемі 20%-дан 12%-ға дейін төмендеген уақыттағы жағдай.
Құн салығы бойынша тіркеу шегін төмендетудің есебінен қосымша 300 мың жаңа салық төлеуші пайда болады. Сондай-ақ вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанда қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін түпкі тұтынушы азық-түлік пен басқа да тауарлар бағасының өскенін сөзсіз сезінетінін ескеріп, халықтың осал топтары үшін баға өсімін реттейтін шаралар қарастырылатынына да тоқталды.
Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жүргізу қажет екенін айтты.
– Бұл мәселеде күмән жоқ. Қоғам мен халыққа түсіндіру қажет. Әлеуметтік салық делік: әкімшілендіруді қалай жүзеге асырамыз. Мұның бәрін талқылап, осы реформаларды қалай жүзеге асыру керектігін ойластыру керек. Жалпы, реформа қажет, мен бұл реформаны мақұлдаймын, бірақ талқылау, зерттеу қажет. Сондықтан қазіргі уақытта Мәжілісте жаңа салық кодексінің жобасы қаралуда. Бұл жақсы нәтиже, бірақ 2025 жылы ең алдымен салық және бюджет кодексіне назар аудару керек. Сондықтан жұмыс істейік, реформа қажет екенін растаймын, бірақ қазір Ұлттық қордан түсетін трансферттерді азайтып, оның жинақ функциясын күшейтуіміз керек. Қорда жинақталған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға болады. Осылайша біз дамуды күшейтеміз. Бірақ мен бұл мәселені, атап айтқанда, әлеуметтік салықты мұқият ойластыру керек деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Мөлшер мен мерзім
Үкімет қосылған құн салығын қаншаға көтеретінін әлі анықтамаған. Қосылған құн салығы көтерілсе, тауар мен қызмет бағасы 6-7%-ға қымбаттауы мүмкін. Дегенмен Ұлттық экономика министрі Үкімет халықтың қалтасына қатты салмақ түсірмеуге тырысады деп уәде берді.
– ҚҚС мөлшерлемесі қандай болатынын әлі шешкен жоқпыз, 16-дан 20%-ға дейін болуы мүмкін. Мұның әрине, ықпалы болады және ол түрлі секторға әртүрлі әсер етеді. Тұтынушы бағаның қымбаттағанын сезетіні сөзсіз. Бұл болады. Инфляция дәлізі есептелді, бір жерде өсім 4,5% болуы мүмкін. Қазір БАҚ-та қосылған құн салығының мөлшерлемесін бірден 20%-ға көтереді екен деген ақпарат тарап жатыр. 20% деген – әлемде ең көп таралған мөлшерлеме. Біз Үкімет ретінде әзірге нақты мөлшерлемені әлі нақты айқындаған жоқпыз. Өйткені біз бизнесмендермен, қауымдастықтармен түрлі консультация жүргізіп жатқанымызға бір ай болып қалды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңдарында кездесулер өткізіп жүрміз. Бізде бірқатар консультанттар, жетекші экономистер, салық мамандары бар. Олар да түрлі есептер, стресс-сынақтар жүргізіп жатыр, – деді.
Жалпы ҚҚС 20%-ға дейін көтерілсе, оның бірнеше салдары бар. Біріншіден, жоғарыда айтып өткендей, салық мөлшерлемесінің артуы тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнын жоғарылатады. Бұл түпкілікті тұтынушыға әсер етіп, инфляция деңгейін өсіруі мүмкін.
– Салықтың өсуі біз сияқты зейнеткерлерге қиын болады. Күнделікті азық-түліктен бастап, дәрі-дәрмекке дейін бәрінің бағасы қымбаттайды. Зейнетақымыз сол қалпы қалғанымен, шығындарымыз артады. Үкімет халықтың жағдайын ойлауы керек. Жалақысы орташа есептен төмен отбасылар да осы қиындыққа тап болуы мүмкін. Салық мөлшері нақты өссе, көпбалалы, ерекше балалары бар, жалғызбасты жандарға арнап арнайы шара ұйымдастырылады деп ойлаймын, – дейді зейнеткер Шәмшәгүл әже.
Тақырып таразысы
Шағын және орта бизнес кәсіпкерлері үшін салық ауыртпалығы артады. Әсіресе өндірістік және сауда салаларында қызмет ететін кәсіпорындарға қиындық тудыру қаупі бар. Және кәсіпкерлердің көлеңкелі экономикаға кетуіне де себеп. Өз кезегінде, ол салық түсімдерінің азаюына әкелуі ықтимал.
Ал пайдасына келсек, ҚҚС-ты көтеру нәтижесінде бюджетке түсетін кіріс көлемі көбейеді. Бұл әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға және инфрақұрылымды дамытуға қосымша қаражат бөлуге мүмкіндік береді.
Десе де қазақстандық бизнес қауымдастығы ҚҚС-тың 20%-ға дейін көтерілуіне қарсы. Кәсіпкерлер бұл шараның тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына, халықтың төлем қабілетінің төмендеуіне және бизнеске салмақ түсіретініне алаңдаулы. Қаржы сарапшылары ҚҚС-ты көтерудің бірқатар тәуекелдері бар екенін, бірақ оны тиімді қолдану арқылы бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік туатынын айтса, тұрғындар үшін салық мөлшерлемесінің артуы күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасының көтерілуіне алып келуі мүмкін. Бұл әсіресе орташа табысы бар азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға үлкен әсер етеді.
– Біз тауарды жеткізушілерден сатып аламыз, ал ҚҚС өссе, шикізат бағасы қымбаттайды. Бұл біздің қызметіміздің құнына тікелей әсер етеді. Халықтың төлем қабілеттілігі де маңызды фактор. Егер баға өссе, тұтынушылар азаяды, ал бұл біздің бизнесті жүргізуімізді қиындатады.
Ал ірі кәсіпорындар үшін ҚҚС – бухгалтерлік есепте реттеуге болатын көрсеткіш. Дегенмен, салық мөлшерінің артуы олардың да өндірістік шығындарына әсер ететіні сөзсіз. Қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне де әсер етуі мүмкін, – деп бөлісті кәсіпкерлер.
Бұл мәселені шешуде Қазақстан билігі халықаралық тәжірибені ескеруі қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, салық саясатының кез келген өзгерісі қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік тепе-теңдікке әсер етеді. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтермес бұрын, оның барлық ықтимал салдарын жан-жақты зерттеу маңызды.
Не десек те, қосылған құн салығы – ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі. Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әлеуметтік жағдайы үшін бұл реформа мұқият талқыланып, кезең-кезеңімен енгізілуі қажет. Әйтпесе, ҚҚС мөлшерлемесінің күрт өсуі елдегі экономикалық ахуалды қиындатып жіберуі ықтимал. Салық саясаты қоғамның барлық салаларына әсер ететіндіктен, оның әрбір өзгерісі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс.
Гүлмарал САҚТАПОВА