Ұлттық банк жаңа заң бойынша кімдерге кредит берілмейтінін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Ұлттық банктің есебіне сәйкес, Қазақстанда 5 миллион адамның кредиті бар. Ал олардың тұтынушылық кредиттер бойынша жалпы қарызы 4 триллион теңгеден асып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, бүгінде онлайн кредит беретін ұйымдар көп. Аталған құрылымдар көп жағдайда халыққа жалақыға дейін ақшаны қарызға алуды ұсынады. Ондай шағын несиелердің мөлшерлемесі де тым жоғары. Соның салдарынан адамдар қарызға белшесінен батып, ақшаны қайтара алмай жатады. Онлайн кредиторлар болса, бірқатар шектеуге қарамастан өз қызметтерін жалғастыра береді. Осыған байланысты арнайы заң жобасы аясында жаңа жүйені енгізу жоспарланып отыр.
"Біріншіден, қарызды қайтару мерзімі өтіп кеткен азаматтарға кредит берілмейді. Мәселен, кредит алған адамның ақшаны қайтару мерзімі 60 күннен асып кетсе, оған қосымша кредит рәсімделмейді. Өйткені кейбір адамдар бірінші кредитті жабу үшін тағы кредит алып жатады. Екіншіден, кредит сомасының шекті мөлшері болады. Қарыздың сомасын арттыруға мүмкіндік берілмейді. Әйтпесе, артынан ондай кредитті өтеу қиынға түседі", - деді О.Смоляков қаржы нарығы мен микроқаржыландыру қызметін реттеу бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстыру рәсімінде.
Оның айтуынша, жалақыға дейін берілетін несиелердің мөлшерлемесі де тым көп.
"Осыған байланысты қайтарылатын ақшаның шекті мөлшері болады. Мәселен, бір кредитті қайтару сомасы барлық айыппұл мен мөлшерлемені қоса санағанда сол кредиттің екі еселік мөлшерінен аспауы тиіс", - деп атап өтті ұлттық банк төрағасының орынбасары.
ҚР Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, бүгінде 5 миллион адамның жалпы қарызы 4 триллион теңгені құрайтынын екерсек, әрбір кредит алған адамның мойнында орташа есеппен 800 000 теңге бар. Ал кейбір микроқаржыландыру ұйымдарының несие мөлшерлемесі 1000 процентке дейін барады. Аталған ұйымдар кредиттік бюроға тиісті ақпаратты да бермейді. Соның салдарынан несиелендіру саласындағы қаржылық қауіп-қатерлерді зерделеп отыру қиын. Қаржылық есептің аудиті жүргізілмейді. Ал ондайда табысты жасырып, салықтан жалтаруға мүмкіндік бар. Ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыру қаупі де жоқ емес.
https://sputniknews.kz