Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада браконьерлердің ізіне түскен қорықшы мерт болды

Қызылордада браконьерлердің ізіне түскен қорықшы мерт болды

Қызылорда облысының Жалағаш ауданы аумағында браконьерлердің соңына түсіп, қуып жету кезінде «Охотзоопром» инспекторы, қорықшы Әділ Кенжеғұлов қаза тапты деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Оқиға 25 қазан күні түнде болған және қашқан браконьердің соңына түскен инспектордың көлігі аударылған.
«Біздің инспекторлар далада көлік келе жатқанын байқады. Бұл түн уақытында еді. Браконьерлерді қуып келе жатқанда біздің көлігіміз аударылып кетті. Нәтижесінде біздің инспекторлардың бірі жарақаттан көз жұмды. Браконьерлерді оқиға орнында ұстады. Бізде екі экипаж болды. Ұсталғандар жергілікті тұрғындар болып шықты. Олардан мылтық және заңсыз атылған жануарлар табылды», - деді  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жануарлар әлемі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков.
Басқарма басшысының айтуынша, браконьерлер инспекторларға оқ атпаған, тек қашпақ болған.
Айтуар Туғанбеков министрлік атынан марқұмның отбасына көңіл айтты. Оның айтуынша, инспектордың отбасына 7,8 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, тергеу аяқталғаннан кейін қайтыс болған адамның отбасы 4 млн теңгеден астам сақтандыру төлемдерін алады.
Айта кетейік, Қазақстанда броконьерлер мен инспекторлардың қақтығысы үшінші рет кісі өліміне әкеліп отыр.
28 қазан 2019 ж. 632 0