Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәулігіне 7 жаңғаққа дейін жеп тұрыңыз

Тәулігіне 7 жаңғаққа дейін жеп тұрыңыз

Жаңғақ денсаулықты нығайту арқылы шаш пен тырнаққа да оңды әсер етеді деп хабарлайды alashainasy.kz.
Қазір жаңғақтың пісіп жатқан кезі. Жалпы, бұл жемісті дастарханнан қысы-жазы үзілмейді деуге болады. Өйткені ол ұзақ сақтауға шыдайды.
Ал осы жаңғақтың азықтық қана емес, шипалық та қасиеттері мол екен. Оны әсіресе күз кезінде жеп тұрған жақсы. Себебі оның құрамында адамның психологиялық жағдайына жайлы «Омега-3» қышқылы мол болады екен.
Осыған орай мамандар тәулігіне 7 жаңғаққа дейін жеп тұруға кеңес береді. «Омега-3» ағзада серотонин түзілуін ынталандырады. Ал көңіл-күйге тікелей әсер ететін бұл гормон адамда қара күз кезінде азая түседі, тіпті кейбіреулерде оның түзі­луі мүлде тежеліп қалады екен.
Жаңғақтың тері, тырнақ, шашқа да шипасы мол. Ағзада пайда болатын еркін радикалдар онда түзілетін коллагендермен әрекеттескенде теріні нашарлатып, құрғатып, онда әжім, жарықтар пайда болуына жол ашады. Ал жаңғақтың құрамындағы тотығуға қарсы заттар еркін радикалдарды бейтараптандырады, онымен қоса терінің жағдайын жақсартып, оны жасартады.
Жаңғақ денсаулықты нығайту арқылы шаш пен тырнаққа да оңды әсер етеді. Оның құрамындағы селен пайдалы. Ағзада селен жетіспесе, шаш сынғыш, түскіш болады, адам тазға айналуы мүмкін. Ал жаңғақ құрамындағы селен осы жетіс­пеушіліктің орнын толтырады. Содан шаш нығайып, түспейтін, тез өсетін болады. Оның құрамында биотин эле­менті көп, ол шаш пен тырнаққа қажет тағы бір элемент – кератин протеинін түзеді. Тырнағы сын­ғыш адамдарда кератин оның нығаюына жол ашады.
Жаңғақ түрлі жұқпалар көбейіп, адам суықтап, тұмауратып ауырып қала беретін қара күзде өте пайдалы. Оның құрамындағы селен ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады.
Бұл азық миға да шипалы, ол адамның зейінін жаңғыртады, миды уақытынан бұрын қартаюдан сақтайды.
Жаңғақ семіртіп жібереді деп те қорықпайсыз. 5-8 дана жаңғақта 180 калория бар, оның ағзаға 21 пайызы ғана сіңеді. Ол адамды тез тойындырады, сондықтан бірден көп жеп қоямын деп қорқудың да жөні жоқ. Ол қайта салмақ тастауға көмектеседі.
Ауыр жұмыс істейтіндерге, тұрақты түрде дене жаттығуларымен, спортпен айналысатындарға да жаңғақ пайдалы. Өйткені онда магний көп. Магний қандағы қантты бұлшық еттерге жеткізеді, сөйтіп оны түзілген сүт қышқылынан тазартады. (Физикалық салмақтан бұлшық еттерде сүт қышқылы жиналып, олардың кейін ауыратыны содан).
Қысқасы, жаңғақтың ағзаға пайдасы көп. Ол оны азықтық заттармен қамтамасыз етеді. Онда микроэлементтер көп, 15 пайыз ақуыз бар, асқазан-ішек жолдарына жайлы әсер ететін жасұнық та мол. Ал көмірсулар аз.
Бір ескерер жайт, жаңғақты тері аурулары (әсіресе экзема), асқазан жарасы барлар абайлап жегені абзал. Жалпы, қай нәрсені болса да шамадан асырмай пайдаланған жақсы ғой.

30 қазан 2019 ж. 861 0