Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шетелдіктерді электронды түрде тіркеу енгізілмек

Шетелдіктерді электронды түрде тіркеу енгізілмек

Мемлекет аумағына визасыз тәртіпте кіретін шетелдіктер тіркеуден SMS немесе электронды портал арқылы өте алады. Таяуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл процедураны жеңілдетуді тапсырған еді. Ал бүгін полициядағылар ол үшін не істелінетінін айтты, деп хабарлайды stan.kz

Көші-қон қызметі комитетіндегілер уақыт өте келе шетелдіктер шекарада тіркеуден өте алатынын уәде етті. Қазіргі уақытта ел аумағына виза арқылы кіргендер осылай жасауда. Ал Қазақстанда визасыз бола алатын 9 мемлекеттің азаматтары 5 күн ішінде тіркелуі тиіс. 
«Көші-қон туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, міндетті тіркеудің мерзімі бес күннен отыз күнге дейін өзгертілмек. Елімізге келетін туристерге 30 күн жеткілікті болмаса, кез келген қонақ үй немесе хостел, электронды үкімет, көші-қон қызметі арқылы ұзартуға болады.
«Қазіргі уақытта E-Hotel аталатын жүйені енгізу мәселесі талқылануда. Мұндай жүйе бойынша шетелдік азаматтарды қабылдайтын заңды тұлғалар, жекелей алғанда қонақ үйлер, хостелдер оларды орналастырумен қатар, ел аумағында тіркейді. Осылайша, шетелдік азамат ХҚО-ға барудан және басқа да жағдайлардан босатылады. Сонымен қатар шетелдік азаматтың SMS-хабарлама арқылы тіркелу мәселесі талқыланып жатыр», - дейді ІІМ-нің көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерді тіркеуден босатуды тапсырған еді. 

31 қазан 2019 ж. 614 0