Лисаков қаласында «Бәйтеректің» көшірмесі бой көтерді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Лисаков қаласында «Астана-Бәйтерек» монументінің көшірмесі бой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған металл құрылымның биіктігі - 15 метр. Монумент төбесінде орнатылған шар қараңғыда жан-жағына жарық беріп тұрады. Лисаков қаласы әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, бұл нысанды тұрғызу идеясы жергілікті бизнес өкілдеріне тиесілі және ол елорданың 20 жылдығына арналып отыр. «Жаңа монумент қаладағы «Халық банкі» филиалының маңына орнатылды. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қолға алынды. Нысан нобайын «ЭкслюзивСтрой» ЖШС дайындады. Ал монументтің өзін жергілікті «СпецСтальКонструкция» ЖШС жасады. Оған 5 ай уақыт кетті», - деп мәлімдеді Лисаков қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер. Айта кетейік, бұл нысан құрылысын жергілікті кәсіпкердер қаржыландырды.