Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Экологтар Астана маңында балықтардың неден қырылғанын анықтауда

Экологтар Астана маңында балықтардың неден қырылғанын анықтауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экологтар Астана маңындағы тоғанда балықтардың неден қырылып жатқанын анықтауда. Тоғанда көп балық су бетінде қалқып шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Төтенше жағдай туралы жергілікті билік өкілдеріне балықшылар хабарлаған. Тоғанға келген олар су бетіне шыққан өлі балықтарды көрген. Мұндайды жергілікті тұрғындар бұрын-соңды көрмеген. Оқиға орнына экологтар шақырылып, мамандар тоғанды тексеріп көрді. Алайда, балықтардың неден қырылып жатқаны туралы ештең айта алмады. «Ауылдық округ әкімінің аппараты экологтармен және табиғат қорғау полициясымен бірлесіп, оқиға орнына барды. Онда тиісті акт жасалып, суды зерттеу үшін зертханаға алып кетті. Бұл су Көкшетау қаласына бағытталған. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ»,-деді Ақмола облысы Қосшы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сұлтан Орақбай. Шенеуніктердің алдын ала болжамдары бойынша, балықтарға ауа жетпей қалған. Яғни суда оттегі аз. Қатты аяздың салдарынан суда қалың мұз қатқан. Балықтардың қырылуына не себеп болғаны туралы нақты жауапты талдау жұмыстарының нәтижесіне қарай айтуға болады. Зерттеу жұмыстарына бірнеше күн кетеді.
08 наурыз 2018 ж. 1 183 0