Қапшағайда 4 адам мінген Honda CRV суға батып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында Қапшағай су қоймасына «Honda CRV» автокөлігі батып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.
«17 ақпан күні сағат 22:06 шамасында Қапшағай қаласы Қапшағай су қоймасының оңтүстік жағасында, «Көгілдір шығанақ» аумағында «Honda CRV» маркалы автокөлік 1,5 метр тереңдікке батып кеткені туралы хабарлама түсті. Көліктің жағадан 200-300 метр қашықтықта сағат 21:50 шамасында батқаны анықталды. Аталған көлікте 4 адам болған. Олар эвакуациядан бас тартты. Азаматтық қорғаныс органдары қорғаныс шараларын іске асырып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Бұл ретте, автокөлікпен мұз бетіне шығу жүргізушілердің ойланбай барған әрекеті болып табылады. Осыған байланысты, көлікті алып шығу бойынша апаттық-құтқару жұмыстарын жеке ұйымдар жүзеге асыратын болады», - деді Руслан Иманқұлов.
Ресми өкілдің атап өтуінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
«Азаматтарды мұндай әрекеттен сақ болуға, өзі мен өзгелердің өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - деді ол.