Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕУРОПАЛЫҚТАР КИІЗ ҮЙГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУДА

ЕУРОПАЛЫҚТАР КИІЗ ҮЙГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУДА

Көшпенділердің дәстүрлі баспанасы - киіз үйлер Еуропада танымалдылыққа ие болуда. Қоршаған ортаға зиянсыздығы, қолдануға жеңілдігі және кез келген жерге орнатуға қолайлылығы - киіз үйдің басқа да архитектуралық шешімдерге қарағанда басымдылықтары, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Біз кәсібімізді 1,5 жыл бұрын бастадық. Маған киіз үй жасаған ұнайды: оның пішіні, ішіндегі ахуалы - барлығы мінсіз», - деді Бельгиядағы киіз үй өндіруші Be Yurt фирмасының негізін қалаушы Стефан Климовски. 
Шетелдік кәсіпкер ешқашан Орталық Азияға бармаған болып шықты, ол көшпенділердің баспанасын Интернет арқылы білген екен. Өзінің досы Янн Берлемонтпен бірге суретке қарап отырып, киіз үйдің сызбасын салып, алғашқы прототипін жасаған. Ол қысқа уақыттың ішінде сатылып кеткен. 
«Бельгияда барлық ғимараттар төртбұрышты пішінде, бірақ бізге бұл ұнамайды. Біз мұны Бельгиядағы құрылыстың жаңа серпіні деп есептейміз», - деп атап өтті ол. 
«Орталық Азияда жел қатты соғады, бірақ жауын-шашын аз. Біз киіз үйді биік етіп жасаудамыз. Сол үшін жаңбыр жауғанда, су тез ағып кетеді. Еуропадағы сатып алушылар оқшаулық пен ыңғайлылықты қалайтындықтан, аздап түрлендірдік. Киіз үйдің түсін де өзгерттік. Мұндағы адамдар ашық түсті жақсы көреді», - деді С. Климовски.
Киіз үйдің шаңырағы екі қабатты шыны пластиктен жасалған. Фирма клиенттің талғамына қарай мезонин, бөлмелер, ванна мен әжетхана жасай алады. Баспанаға жарық пен кәріз тартылады. Жылу органикалық отын арқылы қауіпсіз пешпен беріледі. 
kyzylorda-news.kz
21 наурыз 2018 ж. 2 292 0