Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шайқалған шаңырақ көбейді мамандар оған не дейді?..

Шайқалған шаңырақ көбейді мамандар оған не дейді?..

Шайқалған шаңырақ көбейді мамандар оған не дейді?..
         Соңғы жылдары елімізде отбасы құндылығы мәселесіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуде. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде өткен жылы 137 мыңнан астам жас отау құрған. Бірақ 54 797 неке бұзылған. Ал биыл алты айда елімізде 63 917 неке тіркеліп, 29 073  отбасы ажырасқан. Яғни жарты жылдың өзінде бұзылған неке саны былтырғы кезеңнен көп болып отыр. Британдық «Тhe Eсonomist» басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-шы орында тұр. Бұдан әрбір екінші некенің тағдыры ажырасумен аяқталатынын білуге болады. Олардың 83 пайызының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар екен. Қоғамдағы осы келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында маусым айынан бастап өңірлерде Жоғарғы сот бастамасымен,  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен отбасы соттары жанында «Бақытты отбасы» атты ресурстық қолдау орталықтары ашылды. Жалпы жұртшылықтың елеулі назар аударуын талап ететін мәселенің аудандағы жайы туралы сөз қозғасақ...         Аудандық жұмыспен қамту, әлеу­мет­тік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Майя Жұмашева:
         –Шаңырағы биік, босағасы бе­рік қазақстандық отбасы – қо­ғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы­ның кепілі. Отбасылық дәстүр­ле­рі орныққан ел ғана мығым әрі мыз­ғымас ел бола алады. Сондық­тан отбасының орнықты дамуын жетіл­діру, ата-ана жауапкершілігін арттыру, қазақы дәстүрге жат ажырасу мәселесіне, сондай-ақ ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарын дәріптей отырып, бақытты отбасы құру – әрбір азаматтың міндеті. Ал не­кенің бұзылуы – отбасы өміріне ғана емес, қоғам өміріне де кері әсерін тигізетін әрекет.
         Қазіргі отау құрған жастардың басым бөлігі тұр­мыста кездесетін отбасылық қиын­дықтарға төзе алмайды. Көпке топы­рақ шашпайын, бірақ жұмыс ба­ры­сында байқағанымдай, бүгінде ата-ененің жағдайын жасап, көңілін таба білетін келіндер аз. Сондай-ақ өзіндік пікірі жоқ, өзгенің ықпалынан шыға алмайтын жанмен өмір сүрудің өзі қиынға соғады. Отау құрған соң азаматтың нақты өзіндік ой-пікірі болу керек. Жастардың өкінбей-ақ ажырасуына осы секілді себептер табылып жатыр.
         Жақында ғана Парламент Сенаты­­­ның депутаты Нұр­төре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол» атты мақаласында «Шайқалған шаңырақ. Жәудіреп жетім қалған бала. Алименттен жалтарған еркек. Осындай келеңсіз көрініс өмірдің нақты бейнесіне айналды. Біз отбасы дегенде тек екі адамның ғана емес, отбасындағы балалардың, елдің, мем­лекеттің тағдырын негізге алуға тиіс­піз» деген еді.  Айтса айтқандай, жасыратыны жоқ, бүгінде «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге үйреніп кеткен ер-азаматтар бар­шы­лық. Бұл ретте алдымен зардап шегетін – әйел мен бала. Әйел қанша жерден сабырлы болса да, күйеуінің теріс әрекетіне күйінеді. Ер адам «жұмыс жоқ» деп сылтауратып, әке-шешенің зейнетақысы мен баланың жәрдемақысына қарап отырса, әйел-ана отбасы қамы үшін қолынан келер жұмыстың бәрін істейді.
         Бабаларымыз «Үйде бір күн ұрыс болса, қырық күндік ырыс кетеді» деген. Ұрыс-керістен аулақ болған үйге бақыт та, береке де кіреді. Ал күңкілі көп үйден бақыт үркеді. Сол үшін тату-тәтті тірлік кешкенге не жетсін, – дейді.
         Бұрынырақта «ажырасамыз» деу­ші­лер­ді ел-жұрт болып, мәселені сал­мақ­тап, ерлі-зайыптыларға ақыл қосып, шаңырақты сақтап қалған. Сол тұрғыдан алып қарағанда қазіргі қолданыстағы медиация заңының маңызы зор. Себебі медиаторлар баяғы билер секілді жұ­бай­ларға ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрыпты, ата-бабаларымыздың өмірлік тәжірибесін айтып, неке-отбасылық қа­рым-қатынастардан туындайтын дауларды шешуде соттарға үлкен көмек тигізуде. Бұл жөнінде кәсіби медиатор, аудандық билер кеңесінің төрағасы Бұйрабай Бердалиев:
         – Отбасы – әрбір адам бала­сы­ның кіші отаны. Бiз – бiр-бiрiне деген бауыр­малдығының күштiлiгiнен «Айнала алмай, ат өлiп, айыра алмай, жат өлетiн» тектi елдiң ұрпағымыз. Кез келген кикілжің қауымның ақыл қосуымен, үлкеннің ақылымен, көп­тің тілеуімен шешіліп отырған. Бү­гінгі билер кеңесі мен медиаторлар отбасылық дау-дам­айды сот­қа жеткізбей шешуде. Әсіресе отба­сы­лық қарым-қатынаста туындайтын кикілжіңдерді реттеу жұмыстарына белсене кірісуі – көп нәрсенің ше­ші­мі болмақ. Яғни ұлттық құнды­лық­тарымызды жаңғырту үшін құрыл­ған бұл ұйымдарға қоғамда артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Кә­сіби медиатор ретінде он жылға жуық тәжірибемде жүздеген ерлі-зайыптылардың отбасын сақтауына ықпал жасадым. Отау құрғандарына  жыл енді толған отбасылар да, тіпті 20, 30 жыл отасып, түрлі себептермен ажырасамыз деп бел буғандарды да кездестрдім. Содан түйгенім, ажырасуға түрткі бо­лып жатқан себептер көп. Олар­дың негізгілері – әлеуметтік жағ­дай, адами құндылықтардың өз­геруі, туыс­тардың және өзге де адам­дардың араласуы. Ал айрандай ұйыған отбасыны бүлдіру – үлкен күнә. Жастарға үлкендердің өмір жолынан мысалдар келтіріп,  ал үлкендеріне «Бала-шағаның нағыз қызығына кенелер шақтарың, немере-шөберенің қылығымен ертең-ақ бәрі ұмытылып кетеді» деп жанашырлықпен де, батырып та айтып бірлікке келтіру – оңай шаруа емес. Бірақ ашуларын ақылға жеңдіріп, болашағын ойлаған жандардың татуласқанын көргенде, олардан бетер қуанып қаламыз. Дегенмен «Азамат елдің баласы, қызыл сөзге желдемес, уәдесін серт қылар» дейтін ер-азаматтардың кей­бірінің отбасы құндылығына енжар қарауы – қарынды аштырады. Ер жігіт жігерлі болса, ата-ананың да жағ­дайы жақсы, жарының да қабағы ашық болады, – деп өз пікірін ортаға салды.
         Бүгінде еліміздегі 51 сотта «Отба­сы­лық сот» жобасы бойынша 107 судья қызмет атқаруда. Аталған соттарда татуластыру рәсімдерін өткізу үшін арнайы кабинеттер ашылған. Онда білікті психологтар дау-жанжалдарға қатысу­шылармен әңгімелер өткізеді. Жоба­ отбасылық және неке қаты­нас­та­ры саласындағы дауларды қарауды түбе­гейлі өзгертіп қана қоймай, отбасылық жарасымдылықты сақтауға, дауларды болдырмауға үлесін қосуда.
         Арал аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы Серік Бертай:
         –Тәжірибемнен байқағаным, не­ке­ні бұзуға арызданатындардың көбі жас­тар және олардың басым бө­лігі­нің кәмелет жасына толмаған бір емес, бірнеше баласы бар. Ажы­ра­сушылардың әрқайсысы әр түрлі себептерді алға тартады. Бір-бірін кінәлайтындар да, «жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді», «күйеуім ішеді, жұмыс істемейді» дейтіндер де бар. Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған судья ерлі-зайыптыларды татуластыруға, бір сөзбен айтқанда, заңды некені сақтап қалуға тырысады. Жұбайларды татулас­тыру үшін дауды Азаматтық процестік кодексінде көзделген татуластыру рәсімдері ар­қылы шешу құқықтары мен оның салдары түсіндіріледі. Ашу үстінде асығыс шешім қабылдамаулары үшін заң аясында ойлануға мерзім бе­рі­леді. Осы уақыттарда татуласып кететіндер де бар. Ал райынан қайтпауға бел буғандардың некесін бұзудан басқа амал қалмайды. Өкі­ніш­ке орай, аудандық сотта жыл басынан бері неке бұзу туралы 143 талап арыз қаралып, оның 88-і қанағаттандырылған. Ал 40 талап ерлі-зайыптылардың татуласуына бай­ланысты өндірістен тоқтатылған. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының бастамасымен бүгінде «Отбасылық сот» жобасы қолға алынып, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылып келе­ді. Бастаманың басты мақсаты – ажы­ра­сушылар санын азайтып, ер­лі-зайып­тылардың татуласуына сеп­тігін тигізу. Отбасы – өмірдің мәні мен сәні. Босағаның берік, кере­генің кең, шаңырақтың биік болуын іргелі елдіктің негізі деп ұққан халық­пыз. Сондықтан бір-бірімізге ақыл қосуы­мыз керек, – дейді.
         Елімізде ажырасатындар саны жыл­дан-жылға артып бара жатқанына байланысты, алимент мәселесі өзекті бола түсуде. Алимент мәселесі Қазақстанда мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айнал­ды. Елімізде биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана 451 алимент төлеушіге іздеу жариялаған. Ал алимент өндірудің аудандағы жайы туралы Арал аудандық прокуратурасының аға прокуроры, 1-сыныпты заңгер Ақмарал Жанесенова:
         – Бүгінгі күні кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау, оның ішінде, алименттің толық және уақытылы төленуін қамтамасыз ету қоғамымыздың өзекті мәселелерінің бірі ретінде танылуда. Арал ауданы көлемінде алимент өндіру санатында 656 балаға қатысты 524 атқарушылық құжат орындалуда. Али­мент өндіру бойынша жалпы бе­решек қарыз 53 млн теңгеге қалып­­тасқан. Қазіргі таңда 342 атқару­шылық құжат мерзімді және ішінара орындалуда, 34 қасақана жалтарып жүргендер, оның ішінде, 22-не іздеу жарияланса, 38-і қиын­дық туғызатын борышкерлер. Әкім­шілік жауапкершілікке 24 борышкер тартылған. Бұл ретте, аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда жұмыс істейтін аталған санаттағы борышкерлер мен жұмыс берушілердің қол­даныстағы заңнамаларда көз­дел­ген міндеттері мен құзырлары айқын­далған. Алименттің толық және уа­қытылы төленуін қамтамасыз ету мақ­сатында мешіт имамдарымен жұма намаздарда, ас-садақаларда, неке қию барысында баланы асы­рап-бағу міндеті, отбасылық құнды­лық­тары туралы уағыздарды жиі айту шараларын ұйымдастыру, борыш­керлер мен өндіріп алушылар арасында медиация институтын кеңінен қолдану, білім беру ме­ке­мелері қызметкерлерімен қолай­сыз отбасылар бойынша мони­торинг жүргізіп, ата-аналарымен тығыз бай­ланыс орнатып, алимент ала алмай жүргендердің тізімін жасақ­тау, қарызы көп қалып­тас­қан бо­рышкерлердің автокөлік­те­рін жүр­гізу куәліктеріне, дүние мүлік­теріне уақыт­ша тыйым салу, қасақана жалтарып жүрген борыш­кер­лер­ді әкімшілік және қылмыстық жауап­ты­лыққа тарту, сондай-ақ жұ­мыс берушілермен атқарушылық құ­жат­­қа сәйкес аударымдар жөнін­дегі мәліметтерді уақытылы сот орын­­дау­шыларға жолдау секілді іс-шаралар жүргізілуде екендігін айтты.
         «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-қадамында көрсетілген жеке сот орындаушылар институтын бұдан әрі дамытуды іске асыру мақсатында талапкерлерге алимент өндіру туралы атқару парақтарын жеке сот орындау­­шы­ларына өткізу туралы түсіндіріп, жұ­мысты толығымен аяқтау барысында іс-шаралар жасалды. Бүгінгі таңда аудан көлемінде бірнеше жеке сот орындаушы жұмыс жүргізуде. Солардың ішінде Гүлжан Қаражанованы ерекше атауға болады. Мамандығына адал, сауатты маманның әр күні қарбалас жұмысқа толы. 
         – Атқарушылық өндірісінде қа­зіргі таңда 230 алименттік өндірісі бар. Барлық алименттік өндіріс бойынша берешек қарызы 19 млн теңгені құраса, оның ішінде жалпы өндірілген сомасы 3 340 000 теңгені құрап отыр. Алименттік өндірістер бойынша атқарушылық жұмыстар бірінші кезекте қадағаланып, борышкерлермен жұмыстар жүргізілуде. Алимент төлеуден жалтарып, сот бұйрығының орындалуына кедергі келтіріп жүрген борышкерлерді ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіледі. Биылғы көрсеткіш бойынша жыл басынан бері 7 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алимент төлемдерінен қашып, көзден таса жүрген 6 борышкер Арал ауданының полиция бөлімі ар­қылы іздеуде жүр. Алименттік бере­шек­тердің көп мөлшерде жина­луы­ның бірден-бір себебі – борыш­керлердің жұмыссыз болуы. ҚР-ның Неке және отбасы туралы Кодек­сінің 169 және 139-баптарына сәйкес, егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кіріс көздерін рас­тайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақ­стан Республикасындағы орта­ша айлық жалақының мөл­шері негізге алына отырып айқын­дала­тындығы көрсетілген. Орташа айлық жалақының мөлшері әр айға әр түрлі мөлшерде шығады. Мысалы, тамыз айына 188 032 теңгені құраса, қыркүйек айына 188 634 теңге, қазан айына 197 067 теңгені құрайды. Сондай-ақ ҚР Ұлттық Экономика  министрлігінің  Статистика комитетінің сайтында ай сайын жарияланады. Алименттік қарыздарын парыз деп біліп, өз еркімен төлем­дерін уақытылы төлейтін азаматтар да, төлеуден жалтарып, сан түрлі сылтау табатындар да кездеседі. Бірақ заң орындалуымен құнды. Сол үшін тынбай жұмыс атқарудамыз. Ана ретінде алимент бойынша өнді­рістер қысқарып, әр отбасы тату-тәтті өмір сүрсе деп күн сайын тілей­мін,  – дейді ол.
         Ажырасу – әбден тығырыққа тіреліп, басқа шығар жол қалмаған жағдайда ғана іске асырылады. Қылт етіп бой көр­сеткен әрбір қиыншылық үшін ажыраса салатындай отбасы еріккеннің ермегі емес. Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы Қайырхан Қабылғазиевтің:
         – Халқымыз «ақ неке», «адал неке», «адал жар» деген ұғымдармен отба­сының, некенің қасиеттілігін ар­дақтап келеді. Отбасы шағын мем­­лекет болғандықтан қоғамда от­ба­сын құру, оны сақтау мәселесі өзек­тілігін ешқашан жоймақ емес. Бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында белең алып отырған ажырасу проблемасы көпшіліктің көңілін алаңдатуда. Қоғам ішін құртша кемір­ген бұл проблема дер кезінде ше­шімін таппай, осылай жалғасын таба беретін болса, қазақ халқын қандай қасірет төңіректеп жүргенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Ерлі-зайыптылар үйдегі кемшіліктерді жа­сырып, жақсылықтарын асырып, қиындықтарға сабыр ету арқылы ошақтың отын сөндірмей, арада сүйіс­пеншілік шамын жағып, ыстық ықылас танытумен отбасына көркем сән береді. Отбасы тыныштығын сақ­тау – ердің де, әйелдің де міндеті. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, ерлі-зайыптылар әрдайым бір-біріне рухани және материалдық жағынан қолдау көрсетулері тиіс. Қиын­дықтарға тап болған жағ­дай­ларда сезім жетегінде кетіп қалмай, салқынқандылық танытып, сабырмен Алладан жәрдем тілегендері жөн. Жастардың көбі ажырасу арқы­лы барлық мәселелер шешіледі деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Шаңы­рақ­тың шайқалуынан туындайтын проблемалардың бір-екеуіне тоқ­та­ла кетейін. Алдымен халықтың демографиялық өсу процесі төмен­дей­ді. Ажырасқандардың көбісі пси­хикалық соққыға душар болады. Сонымен бірге бала тәрбиесінде де елеулі қиындықтар орын алады.Отбасылық өмірге аяқ басқан әрбір азамат пен азаматша пайғам­барымыздың (с.а.у.) «Рұқсат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – ажырасу» деген хадисін ұмытпай, үнемі жадында ұстаса екен дейміз. Сондай-ақ сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендердің әрбірің – бақта­шы­сыңдар. Ер кісі отбасының бақ­ташысы. Ол бала-шағасына жауапты» деген. Ер-азамат көптеген қайы­рымдылық жасаумен айналы­сып, ел ішінде атымтай жомарт ата­нып, алайда өз отбасына қарай­ласпаса, оның жасаған қайырым­ды­лығы құмға құйған сумен тең. Шариғат­та ауыр күнәнің бірі – өзінің жауап­кершілігінде болған жандарды қарау­сыз қалдыру. Бұл жайында пайғам­барымыздың: «Ер кісіге өзінің асы­рауында болғандарға қарамай қоюы күнә есебінде жетіп артылады» деп ер-азаматтарға ескертеді. Бүгін­де жауапсыз әкелерді заңмен міндет­теп, өз балаларына алимент төлеуін талап етуде. Алайда кейбір «пысықай әкелер» алиментті аз төлеу үшін табыстарын жасырып, аз етіп көрсетуге тырысуда. Ал өзінен туған балаларынан табысын жасыруы мұсылмандық сипатқа қайшы, – деген сөзі үлкенге де, кішіге де ой салды.
         Өз саласына байланысты азаматтар осындай көңілге түйетін пікірлерді ортаға салды. «Отбасын кіші мемлекет десек, онда да мемлекеттегі сияқты қиыншылықтар мен сәтсіздіктер, ішкі және сыртқы әсерлер, қаржылық дағ­дарыс сияқты жағдайлардың орын ала­тыны ақиқат. Шайқалуға аз қалған шаңырақтағы бауырыңызға немесе балаңыз бен өзге де жақыныңызға ең қажет көмегіңіз – сын сәттерде сырттай жанашыр болып көрініп, сөзбен немесе іспен қинат жасап, отбасындағы кикілжіңді одан әрі ушықтырмай, жан-жақтан шынайы ниеттегі қол­да­уыңыз­ды көрсету. Құндылық деге­німіз де бір-бірімізге деген адами қасиет­теріміз­ден көрініс таппақ.
         Лаура Иманбайқызы
22 қараша 2019 ж. 768 0