Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылымға құштарлық, ізденіске іңкәрлік

Ғылымға құштарлық, ізденіске іңкәрлік

        Ғылым – адамзат үшін өте қажетті құндылық. Қоғамда ғылымды тарату жолында барынша күш салуымыз керек. Ғылым – шамшырақ. Біздің міндет – осы шамшырақтың сәулесін барлық жерге түсіру. Біле білген адамға ғылым  адамзаттың  айналасында  болып жатқан дүниелерді түсінуіне кедергі келтіретін, шынайы ақиқатты  тануға бөгет тудыратын  сауатсыздық пердесін жояды.  Өйткені сауатсыздық  адамды соқыр хайуанға  дейін жеткізбек. Ғылым – әрбір адамның бақытты болуына кепілдік беріп, оларды адамдықтың биік шыңына бастай білсе ғана пайдалы. Негізінде, жаңа бір құбылысты зерделеген сайын өзіңнің білетініңнен  білмейтінің көп  екенін және оның шексіздікке созылатынын, одан сабақ алған адам ғана дұрыс ойлай алады, әрі оның ғылыми пайымдауы да жоғары болатыны сөзсіз. Ғылым-білім арқылы  еңбекпен қол жеткізген мансап пен шен басқа бір жолдармен жеткен лауазымнан әлдеқайда жоғары, әрі ғұмыры да ұзақ.
         Ғылым адамды жамандық атаулыдан алыс етіп, абырой биігіне апарып, зор бақытқа кенелтеді. Қандай да бір жоғары мақсатқа жетелемеген таным – жүрек пен ойға таңылған артық жүк сияқты.         Ғылым, білім, ізденіс –
         Өз-өзіңді тануың.
         Танымасаң өзіңді,
         Не пайда оқып, жарығым?!
         Түрік ақыны  Жүніс Әміренің  осы бір сөздері адамға  ой салады.
         «Көңіл – терең теңіз, білім – тереңінде жатқан інжу-маржан», – деп Ж.Баласағұн да  білім мен ғылымның оңайлықпен адамға  қонбайтынын, оған көңіл тұнықтығы керектігін айтып отыр.
         Өмірде әр адамның қадірі мен қасиеті, бағасы айналысып жүрген ілімінің байлығы мен  шамасына, қамтуына қарай өлшенеді. Ілім-білімді тек қана «өсек-аяң» аясынан асырмай пайдаланатындардың бағасы мен қадірі де сол шамалас. Ең нашар дос – надандық, ең адал дос – ғылым. Ғылыммен қаруланған жандар, соғұрлым биязы, мейірімді боп келеді. Өйткені ғылым биязылықпен ұштасса, түпсіз тұңғиыққа бойлайтыны анық. А.Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде жастарды
         Ғылым таппай мақтанба,
         Орын таппай баптанба,
         Құмарланып шаттанба,
         Ойнап босқа күлуге.
         Бес нәрседен қашық бол,
         Бес нәрсеге асық бол,
         Адам болам десеңіз,– деп бес нәрсеге асық болуға шақырған.
         Жас уақытта ғылымға көңіл бөліп, тез үйренуге насихаттаған  өлеңі талапшыл, терең ойлы, қанағатшыл, рақымшыл болуға  шақырса, өсек, өтірік, еріншектік, бекер мал шашпақтық – ғылымның қас жауы екендігін  баса көрсеткен.
         Абайдың  32-қара  сөзінде: «Білім-ғылым үйренбекке  талап  қылушыларға әуелі білмек керек. Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек қажет. Үшінші – әрбір хақиқатқа тырысып, ыждағатпен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айырылма! Егерде, білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің? Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар. Бірі – мұлахаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу. Бұлар  күшеймесе, ғылым да күшеймейді. Бесінші – осы сөздің 19-бабында ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Сол кеселдерден аулақ болуымыз керек. Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Мінездің беріктігі мықты болуы шарт». Білім-ғылым үйрену жолындағы осы қара сөздің астарында зор мағына бар. Ғылым қай дәуірде болмасын өркениетті өрге сүйрейтін күш болғаны шындық. Өйткені адамды басқа тіршілік иелерінен ерекше даралап, оқ бойы озық ететін күш –ғылым-білім.
         Біздің болашағымыздың беталысын белгілі бір деңгейде ғылым айқындайды. Ғылымсыз алға жылжу тіпті де мүмкін емес. Әсіресе қазіргі жаһандану  дәуірінде ғылымның мәні артып келеді.  Болашақтың  тағдырын технология айқындайтын болса, оның тетігін мықты ғылыми сауатты жандар игеруі қажет.  «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық  идеясының   қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім құндылығын  ескерсек, болашақта әлемдік қауымдастықта абырой-беделге ие болу үшін  көзі ашық, көкірегі ояу қоғам қалыптастыру қажет. Мықты ғылым болмаса, әлемнің адамға берері  де жоқ. Барлық нәрсе ғылымға байланысты. Ғылымға құштарлық  адамның талмай ізденіп,тынбай еңбектенуінде. Терең тебіреніс пен ізденіске бой ұрған жан түннің қараңғылығына, күндіздің қым-қуыт тірлігіне де қарамайды, санасы сан-саққа ұрынып жасымайды. Шабыты шалқыған жан күндіз бен түнді бейне бір арғымақтай арындатып, рухының ізденісіне арқау етеді. Күндіз жанартаудай жалын шашқан от жігермен тау қопарып, тас уатса, түнде қараңғылықтың қою түндігін сілкіп тастап, рухани кемелдену үшін көз тіккен көкпен таласқан биік шыңдарына қанат қағып талпынумен болады. Мұндай ізденіс жолындағы жан ақиқатқа көзін ашу үшін шырғалаңы көп, шыңырауы иек астындағы бұралаңы, сүрлеуі бар жолдарды басып өтуі  керектігін жақсы біледі.
         Ғылым  тарихында ойып өшпес із қалдырған ғалымдар легі қаншама! Тарихта есімдері алтын әріппен жазылатын ғалымдар да көп. Ойшыл, философ, өнертапқыштарды көптеп көрсетуге болады. Мәселен, Мұхаммед ибн Зәкәрия әр-Рази, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Баттани, Ғаззали, Куфалық Жәбир, Ибн Юнус, Ибн Рушд, Зәхрәуи секілді жұлдыздар шоғыры – сол дәуірдің жемістері. Бұл ғұламалар көбіне химия, математика, геометрия, медицина, астрономия, музыка, сопылық секілді ілім мен өнер салаларында аты шыққан алыптардың бір шоғыры ғана.
         Адамзат атаулы өмір бойы біліммен қаруланады. Өзінің бойына игерген білімін басқаларға үйретуден қол үзбеген абзал. Неге десеңіз, жаратылыстың мақсаты – көріп-білу, үйренгенін өзгелерге үйрету. Бір нәрсеге құлшынып, ынталанып, оны үйрену кезінде игерілетін нәрселердің адам болмысы мен ғалам сырларын ашуға құлшынысын тудыратындай болуы шарт.  Таза ғылым – әр жеке тұлғаның ішкі «мендік» құпия сырын тану жолын сәулелендіре түсетін, түпсіз қараңғы тұстарды жарыққа бөлейтін, жұмбақ  сырдың мәнін ашатын, өмірге жаңа көзқарас тудыратындығында.
         Қоғамдағы барлық саланың дамуына кедергі келтіретін зиянды нәрселерден арылу. Осындай кедергілерді  жеңу арқылы   ғана  біз өркениет қатарына  қосыла аламыз.
         Қазіргі ұрпақтың мойнында аса  ауыр  жауапкершілік жүгі бар. Жастар ата-бабаларымыздың жолын қуып, ғылым-білімге деген құштарлықты талмай алға талап қоя отырып, ізденуге ұмтылуы керек. Ізденіске іңкәрлікті ояту – өз қолыңда.
         Бағила  Әуезханқызы,
         ҚР Журналистер одағының мүшесі
23 қараша 2019 ж. 5 610 0