Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда тұзды тұтыну азайтылады

Қазақстанда тұзды тұтыну азайтылады

Министр Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі басым бағыттардың бірі – қоғамдық денсаулықты дамыту. Бүгін үкімет мүшелері 2020-2025 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, халықтың тұзды тұтыну көрсеткішін азайту жоспарланған, деп хабарлайды  sputniknews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бағдарламаның басым бағыттарының бірі – қоғамдық денсаулықты дамыту. Ол үшін тұзды тұтынуды 31 процентке, темекі шегуді 13 процентке, ал алкогольді тұтынуды 16 процентке төмендету жоспарланған. Осылайша, спортпен айналысатын халық үлесі 36 процентке жетеді деген болжам бар. Ал дәрігерлердің орташа жалақысы 2-2,5 есе өседі.
"2025 жылға дейін мемлекеттік-жекешілік әріптестік негізінде халықаралық стандарттарға сай 19 заманауи көпсалалы аурухана салынады. Бұған бір триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған", - деді Біртанов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Жалпы, бес жылдық бағдарламаны іске асыруға 3 триллион 180 миллиард теңге қарастырылған. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін ақша көлемі жалпы ішкі өнімнің 5 процентіне жетеді деген жоспар бар. Ол үшін алты жыл ішінде денсаулық сақтау саласына барлық қаржы көздерінен жалпы 25,8 триллион теңге жұмсалады.
"Бағдарламаны орындау арқылы бір адамның денсаулығына шаққанда шығындар 279 000 теңгеге жетеді. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы жаңарады. Негізгі созылмалы аурулардан ерте өлім қаупі 20 процентке, ана өлімі 17 процентке, ал нәресте өлімі 19 процентке төмендейді. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді", - деп атап көрсетті Елжан Біртанов.




19 желтоқсан 2019 ж. 753 0