Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамды азаматтығы өсіреді

Адамды азаматтығы өсіреді

Адамның азаматтығы алдыңғы қатарда тұру керек. «Адам боп оңай туғанмен, Адам боп қалу көп қиын» деген Қадыр Мырза Әли сөзінің өзі осыны анық байқатады. Адалдық пен адамгершілікті, қарапайымдылық пен кісіге деген құрметті ұмытқандар көбейген мынау қоғамда жүректегі ізгілік амалын жүзіндегі жылылықпен байланыстырып, жақын мен жатқа жанашыр бола білген жандар сирек кездеседі. Бірақ осындай азаматтардың арамызда жүргеніне қуанамыз.
Бүгінгі ойыма түрткі болған жандардың бірі – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Арал аудандық бөлімшесі басшысының орынбасары Еркін Ашықбаев. Мен Еркіннің азаматтық болмысын көзбен көрген жанмын. Адам баласының басында қиындық болуы заңдылық. Бұл өмірдің берген сынағы деп қабылдаймын. Ана атанып, ұрпақ сүйіп отырған мен бақытты жанмын. Десе де жолдасым мен баламның мүгедектігі бар. Жыл сайын оларды комиссиядан өткізіп, құжаттарын дайындау жұмысы менің мойнымда. Осындай комиссия мен тексерудің, емнің нәтижесінде балам ІІ топ мүгедектігінен ІІІ топқа ауыстырылды. Сол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жыл сайын келіп, қажетті қағаздарды, құжаттарды әзірлеймін. Міне, осындай кезде Еркіннің көмегін жиі сезініп келемін. Қай кезде де жұмысы қауырт бөлімнің қызметін тұтынатындардың қарасы көп. Осындай көпшіліктің құжатын заңдастырып отырған мекемеде Еркіннің інілік ілтипаты мен қызметтегі жауапкершілігі келушілерді риза етеді. Қай уақытта да мерзімді комиссияның құжаттары уақытында ем алуға кедергі болмау үшін қол ұшын созып, көмегін аяған емес. Иә, кубалық ақын-жазушы Х.Марти «Адам бола білу – ең қиын мамандық» деген екен. Адамдық ұстанымы бөлек маманның бірінші кезекті жұмыс деп біліп, елмен етене еңбек еткені қуантады.
Бақытгүл МЫРЗАҒҰЛОВА,
Қамыстыбас ауылы
25 қаңтар 2020 ж. 722 0