Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыттың бес ақиқаты

Уақыттың бес ақиқаты

  alashainasy.kz 1. ЖЫЛДАМ ӨТУІ
Баяғыдай емес, аптамыз күн сияқты өте шығып, күніміз сағат сияқты зырлап кетіп барады. Бір жұманы шығарып салсақ, артынан екінші жұманың зуылдап келіп қалғанын байқамаймыз. Осы орайда уақыттың мұнша жылдам өтуінің сыры неде? деген сұрақ туындайды. Сол баяғы сағат, сол баяғы секундтар, минуттар. Кезінде мың жасқа жуық өмір сүрген Нұх пайғамбарға (ғ.с.) Әзірейіл періште (ғ.с.) жанын алуға келгенде: «Пайғамбарлардың ішінде ең ұзақ жасаған пайғамбарсың өмірің қалай өтті?» – деді. Сонда Нұх пайғамбар (ғ.с.) : «Үйдің бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыққандай болдым», – деп, өмірдің қысқалығын айтып өткен. Ия, пайғамбарлар, салиқалылар өмірін дағуат жолында күреспен өткізсе, біздің өміріміз қалай өтіп жатыр құрметті бауырым?
Біз жылдам еш пайдасыз өткен күнге өкінудің орнына қуанамыз. Күнделікті теледидардың алдында, ғаламтордың шырмауығында, сағаттап отырған уақытымыз біздер үшін секундтар секілді. Неге олай? Өйткені адам ол уақыттарда өзінің санасына иелік ете алмайды. Ол теледидардағы актерлармен, сахна жұлдыздарымен бірге тіршілік етуге көшкен, олар қайғырса, қайғырады күлсе, күледі. Олардың не істеп не қойып жүргені оның әрдайым назарында. Осындай сәттерде оның тек денесі үйдің бір жиһазы секілді, ал жаны уақытша басқа әлемде саяхатта.
Егер сол адамнан теледидардан, ғаламтордан көрген қызықтарын сұрасаң, жіпке тізгендей етіп айтып береді. Ал өзінің өміріндегі, өмірлік шынайы киносындағы қызықты сәттерді әр кез есінде сақтай алмайды. Осылай біреудің өмірімен өмір сүріп жатқан адамдар біздің қоғамда аз емес.
Өмірінің соңында ғұмырының зая кеткенін түсінген адам қатты өкініште болады. Алла Тағала Құран Кәрімде:
 
كَأَنَّهُمْ يَوْمَ يَرَوْنَهَا لَمْ يَلْبَثُوا إِلَّا عَشِيَّةً أَوْ ضُحَاهَا
 
«Олар сол күнді көргенде, дүниеде бір кеш немесе бір сәскелік уақыт қана тұрғандай болады»,[1] деген.
 
Қысқаша түсіндірмесі: Күнәһарлар қиямет күніндегі қорқыныштарды көрген кезде өмірде көрген барлық қызықтары естерінен шығып, бұл дүниеде тек сәскелік уақыт өмір сүрген секілді сезім пайда болады. Сол кезде олар бұл дүниенің алдамшы екенін біледі.
 
Басқа бір аятта:
 
وَيَوْمَ يَحْشُرُهُمْ كَأَن لَّمْ يَلْبَثُوا إِلَّا سَاعَةً مِّنَ النَّهَارِ يَتَعَارَفُونَ بَيْنَهُمْ ۚ
 
«Алла олардың барлығын (қайта тірілтіп) ғарасат майданына жинайтын күні (тұл бойларына үрей билейтіні соншалық) өздерін дүниеде күндіз аз ғана уақыт тұрғандай және сол аз уақыт ішінде бір-бірімен тек танысып біліскендей ғана сезінеді»,[2] – деген.
 
Қысқаша түсіндірмесі: Оларды біз қиямет күні есеп үшін жинаймыз. Адам үшін есеп тым ауыр әрі ұзақ болады олар үшін бұл дүние бір сағаттық өмір секілді көрінеді. Өмір бойы қасында болып оларға серік атанған жолдастарымен тек танысқандай әсер алады және олар өздерінің мүшкіл халін бір-бірінен көріп, «сен мені осы жолға түсірген, сен мені адастырған» деп кінәлаумен болады.
 
Уақыттың бірінші ақиқаты – өте жылдам өтуі. Алайда, сол жылдам өткінші уақытты пайдаға асыру – сіздің қолыңызда, бауырым.
 
2. УАҚЫТ ҚАЙТЫП ОРАЛМАЙДЫ ЖӘНЕ ОРНЫ ТОЛМАЙДЫ
 
Өтіп кеткен жылдар, айлар, күндер, тіпті сағаттар қайтып оралмайды және бос өткен уақыттардың орны толмайды.
 
Осы турасында Хасан Басри былай деген: «Әр атқан таңын саған былай дейді: «Міне мен бүгін сен үшін жаратылдым, шамаң келгенше бос жібермей амал жасап қал! Егер мені өткізіп алсаң қияметте қайтып оралмаймын».
 
Енді бауырым! Ойланып қарашы, қанша күннің хақысын бере алдың? Қанша күнің бос өтіп, хақысын бере алмадың? Қияметте дене мүшелерімізге дейін біздердің не істеп не қойғанымыз жайында хабар береді, біздерге қарсы куәлік етеді, сонда қандай уәж айтасың? Алла Тағала Құран Кәрімде:
 
يَوْمَ تَشْهَدُ عَلَيْهِمْ أَلْسِنَتُهُمْ وَأَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُم بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ
 
«Қиямет күні олардың тілдері һәм қол-аяқтары дүниеде не істеп не қойғанын жіпке тізгендей етіп айтып беріп, өздеріне қарсы куә болады»,[3] – деді.
 
Қысқаша түсіндірмесі: Адам үшін қара уайым болған қиямет күні кезінде өзі иемденген, қалағанын жасатқан дене мүшелері оның күнәларына куәгер болып адамның онсыз да ауыр жағдайын ауырлата түседі. Оның тілі айтқан ғайбатына, өсегіне, өтірігіне, жала жапқанын тағы басқа тіл арқылы жасайтын күнәларына куәгер болады. Қолдары жасаған ұрлығына, әлімжеттілік қылып біреуді сабағанына, харам істерді жасағанын, аяқтары Алла тыйым салған отырыстарға барғанын жіпке тізгендей етіп айтып береді.
 
Бауырым! Адам ғұмырының әр жасының өзінің алар үлесі, несібесі, ісі, берекесі бар. Жиырма жаста істеу керек істі сіз қартайғанда істемейсіз. Ілім алатын жаста ілім алу керек, үйленетін кезде үйлену міндет, алған іліміңізді іске асырып, Алла жолында, елдің гүлденуіне қызмет жасайтын кезде оған да кірісу керек. Сол секілді күш қуат кеміген кезде жас кезде алған іліміңізді, өмірде көрген қиыншылықтарыңызды, тәжірбиеңізді, елге қылған қызметіңізді үлгі-өнеге ретінде жастарға айтар кезіңіз де келеді. Әрине ақыл айтып, дана болып, сол сілтеу үшін оған дейінгі кезеңдерді абыроймен атқаруыңыз керек. «Жасыңда байқарың болмаса, қартайғанда айтарың болмайды» дейді қазақ. Бұл тектен тек айтылмаса керек. Сол секілді қазақта «Қартайғанда жақсы адам көрген білгенін айтады, жаман ішкен жегенін айтады» деген де сөз бар.
 
Ия, жасыңызда ілім алып қалмасаңыз, егде тартқанда ілім алу қиынға соғады. Әрине, адам үшін ілім алу әр кезде де кеш емес, дегенмен жастық шақтан кейінгі кезең алған ілімді өмірлік тәжірбиемен іске асыратын шақ.
 
Сіз ілімді іске асыратын кезде жаңадан ілім алып жатсаңыз – көштен қалғаныңыз, өйткені әр уақыттың өзінің амалы бар. Уақытында жасалмаған амал кештеу жасалса маңыздылығы азаяды. Қырықтан асып кеш үйленген адамның жағдайы секілді. Жаңадан бала сүйіп жатқан кезде құрдастары немере сүйіп қолдары ұзарып, алғашқы балапандары қанат қағып өмір жолын бастап жатады.
 
Ең алғаш мұсылмандардың бірі болған Әбу Бәкірдің қайтыс болар алдында Омарға айтқан ұзақ өсиетінің ішінде әр істің өзінің уақыты бар екені жайында мынандай өсиет жолдары бар:
 
إِنِّي مُوصِيكَ بِوَصِيَّةٍ إِنْ حَفِظْتَهَا: إِنَّ لِلَّهِ حَقًّا بِالنَّهَارِ لَا يَقْبَلُهُ فِي اللَّيْلِ، وَلِلَّهِ حَقٌّ بِاللَّيْلِ لَا يَقْبَلُهُ فِي النَّهَارِ، وَإِنَّهَا لَا تُقْبَلُ نَافِلَةٌ حَتَّى تُؤَدَّى فَرِيضَةٌ،
 
«Егер жадыңда сақтай алсаң саған мен мынандай өсиет қыламын: Алланың алдында сенің күндіз орындауың керек міндеттерің бар оны түнде жасасаң қабыл етпейді, сол секілді түнде орындалу керек амалдар бар оны күндіз қабыл етпейді. Сонымен қатар есіңде сақта парыздарды орындамайынша қосымша құлшылықтарды қабыл етпейді», деген.
 
Бұл жалпы намазға қатысты айтылған мәселе болғанымен, мұсылманның уақытын да қамтиды. Міндетті істерді жасамайынша қосымша істердің пайдасы шамалы.
 
Әрине, бұл мәселенің бір жағы ғана ең маңыздысы – өмірдегі ағаттылықтар, жасалған күнәлар, қайтарып түзей алмауымыз. Бұл жерде шынай тәубе еткен адамның жайы бөлек. Өміріміздің бір сағат болсын артқа жылжытып, кеткен қателіктердің орнын толтыра алмайтынымыз Алла Тағала Құран Кәрімде:
 
وَلِكُلِّ أُمَّةٍ أَجَلٌ ۖ فَإِذَا جَاءَ أَجَلُهُمْ لَا يَسْتَأْخِرُونَ سَاعَةً ۖ وَلَا يَسْتَقْدِمُونَ
 
«Әрбір үммет үшін белгіленген кесімді мерзім бар (яғни әр үмметтің өз ажалы бар). Сол мерзім толып, ажал жеткенде, олар оны бір сәтке кейін шегере алмайды һәм бір сәтке тездете алмайды»,[4] – деген.
 
Қысқаша түсіндірмесі: Пайғамбарларын жоққа шығарған кез келген үммет үшін құрдымға кетер уақыты алдын-ала белгілі. Бұл – Раббыларына қарсы келген мүшріктерге айтылған қатаң ескерту. Сол құрдымға кетер уақыты таяған кезде олар бір сағатын алға жылжыта алмайды.
 
Ақындар жырлағандай:
 
«Ойламаңдар, жігіттер,
Баста дәурен тұрмайды.
Өтіп кеткен сұм жалған
Қайтып бір мойын бұрмайды.
Адам қонақ өмірге,
Бір күні қолын бұлғайды.
Тірліктің түбі белгісіз,
Ағын бір судай зырлайды, – демекші, өмір деген өткінші, өмір деген бір ұйқы секілді. Бұл – уақыттың екінші ақиқаты.
 
3. УАҚЫТ АДАМ ҮШІН ЕҢ ҚЫМБАТ ДҮНИЕ
 
Егер уақыт қайтып оралмайтын, орны толмайтын дүние болса, адам үшін ең қымбат қазына болмақ! Адам осы уақыт ішінде әрекет жасайды, ілім алып, дүние табады, өседі, өнеді. Уақытты тиімді қолданудың арқасында толағай табыстарға жетеді.
 
Күнделікті жасайтын еңбегіміздің де ақысын да сағат сандарына қарап аламыз. Уақыт сіздің капиталыңыз іспетті. Пайдалы іске жұмсасаңыз еселеп табысқа кенелесіз, пайдасыз, харам іске жұмсасаңыз керісінше ұтыласыз. Ұтылыс тек бұл өмірді ғана емес ақыреттік өмірді де қамтиды. Сіздің бір күніңіз сіздің тағдырыңызды шешіп қоюы мүмкін. Сол себепті әр күнге бей-жай қарамау керек.
 
Әмияныңыздан жүз теңгеңіз байқаусыздан түсіп қалса, сіздің жаныңызға батады, ал өлім шағыңызда миллиондарға сатып ала алмайтын бір сағатыңыз пайдасыз өтіп жатқанына жүрегіңіз ауырмайды.
 
Сондай бір уақыт келеді, «Шіркін өмірімнің бір сағаты болсын кейін шегінгенде ғой бәрі басқаша болар еді, басқаша әрекет етер едім» дейтін. Алайда ондай мұрсат біздерге берілмейді. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
 
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ* وَأَنفِقُوا مِن مَّا رَزَقْنَاكُم مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ فَيَقُولَ رَبِّ لَوْلَا أَخَّرْتَنِي إِلَىٰ أَجَلٍ قَرِيبٍ فَأَصَّدَّقَ وَأَكُن مِّنَ الصَّالِحِينَ
 
«Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктерің мен бала-шағларың сендерге Алланы еске алуды ұмыттырмасын. Біліп қойыңдар, кімде-кім солай істейтін болса, нағыз зиян шегетіндер – солар. Қайсыбіріңе болмасын, ажал жеткенде, «Уа Раббым! Маған аз ғана уақыт мұрсат берсең, жатпай-тұрмай қайырымдылық жасап, мол зекет-садақа беріп, ізгі жандардың қатарына қосылар едім» демей тұрып, өздеріңе ризық етіп берген нығметтерімізден жұмсаңдар».[5]
 
Қысқаша түсіндірмесі: Алла Тағала мал-мүлкімен, бала-шағасымен мақтанып, масаттанған екіжүзді мұнафиқтер секілді сендер де мұсылмандар ондай әрекеттерден алыс болыңдар, сендердің дүние-мүліктерің Алланы еске алуларыңа кедергі болмасан олай істеген жағдайда қасіретке ұшырағандардан боласың деп үндейді. Сендерге берген нығметтерімнің бір бөлігін Менің ризалығымның жолында жұмсаңдар, өйткені өлім келер шақта сендер бүкіл дүниелеріңді Алла жолында сарп етуді қаласаңдар да Алла сендерді дүние өміріне қайтармайды.
 
Бұл – уақыттың үшінші қасиеті.
 
4. УАҚЫТТЫ САҚТАП, КЕЙІН ҚОЛДАНУҒА БОЛМАЙДЫ
 
Уақытты адам керегінше тоқтатып, қалағанынша пайдалана алмайды. Ол сені күтпейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
 
"ما مِنْ يَوْمٍ طَلَعَتْ شَمْسُهُ فِيهِ إِلَّا يَقُولُ: مَنْ اسْتَطاعَ أَنْ يُعجّلَ فِي خَيْرٍ فَلْيُعَجِّلْهُ، فَإِنِّي غَيْرُ مُكَرَّرٌ عَلَيْكُمْ ...
 
Күні шуақтап атқан әрбір күн былай дейді: «Егер жақсылыққа ұмтылған болсаң асыққайсың өйткені мен сен үшін ендігәрі қайталанбаймын[6].
 
Атақты Хасан Басридың да осыған ұқсас сөзі бар:
 
ما مِنْ يَوْمٍ يَنْشَقُّ فَجْرُهُ إِلَّا يُنادِي: يَا اِبْنَ آدَمِ: أَنا خَلْقٌ جَدْيدٌ وَعَلَى عَمَلِكَ شَهِيدٌ، فَتَزَوَّدْ مِنِّي فَإِنِّي لَا أَعُودُ ...
 
Әрбір атқан таң саған былай деп айтады: «Әй адам баласы мен бүгін сен үшін жаратылдым, сенің ісіңе куәгермін, мені бос жібермей пайдаңа асырып қал, мен қайтып оралмаймын.
 
Сол себепті әр күніміз біз үшін бір тарих. Оны қанша қайтарғымыз келсе де қайтара алмаймыз. Уақыттың керек емес жерін видеоны монтаждаған секілді алып тастай алмаймыз. Сол күні істеген ісіңіз, әрекетіңіз тарих болып қала береді сіз оны өзгертуге қауқарсызсыз. Сол себепті әрбір істер ісімізге, айтар сөзімізге мұқият болайық. Бұл – төртінші ақиқат.
 
5. УАҚЫТ БАРША АДАМҒА БІРДЕЙ ҮЛЕСТІЛІЛГЕН
 
Алланың әділдігі - баршамызға уақытты бірдей қылып үлестіруінде. Біреуге артық, біреуге кем қылмаған. Бірақ біреулер сол уақытты тиімді қолданса, енді біреулер тиімді пайдалана алмауда. Оны ешкім сатып та ала алмайды сатып та бере алмайды, тіпті ұрлап та ала алмайды.
 
Адам баласы өзінің құнсыздығын, өміріндегі сәтсіздігін, адамдарға сыйлы бола алмағандығын тағдырға салып ақтала алмайтынының бір себебі – адамдарға Алла тарапынан уақыттың бірдей үлестірілуі. Әлемдегі кез келген табысқа кенелген адамдарды алатын болсақ, олар да сіз секілді екі қолы, екі аяғы бар адамдар, олар бұл деңгейге оңайшылықпен жетпеді. Өмірлерінде жүз құлап, жүз сүрініп, неше мәрте кеуделерінен итерілсе де оған налымай басқа жолдарын қарастырып, табандылық көрсетіп, ақыры жетістікке жеткен.
 
Құрметті бауырым! Уақытының мәнді әрі қызықты болғанын қаласаң оны түрлендіруді үйрен. Адам уақытын құлшылыққа, жанұясына, кәсібіне, жанын сергітуге бөле білу арқылы уақытты пайдалы өткізеді.
 
Құлшылық – Алланың алдындағы міндетіңіз, оған ерекше көңіл бөліңіз, жанұясына мән беруіңіз – сіздің отағасы ретінде міндетіңіз, өйткен ол жайында сұраласыз, адал кәсіппен айналысуыңыз – отбасыны асырау және қоғамға пайдалы болудағы міндетіңіз, ең соңында адам өзінің жанына жағатын іспен айналысу, денсаулығына қарау – ол сіздің денеңіздің, рухыңыздың алдындағы міндетіңіз. Осы міндеттерді толық орындаған кезде ғана адам толыққанды өмір сүре бастайды.
  
Хамзат Қажымұратұлы
ҚМДБ «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімінің маманы 




21 ақпан 2020 ж. 587 0