Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметті аудан тұрғындары!

Құрметті аудан тұрғындары!

Өздеріңізге белгілі әлемді елең еткізіп отырған COVID-2019 инфекцияcы елімізге де еніп, науқасқа шалдығушылар саны күннен-күнге артуда. Қауіпті дерттің кең тарауына жол бермеу мақсатында Мемлекет Басшысымен елімізде төтенше жағдай жарияланды.
Алайда, төтенше жағдай қабылданғанмен, кейбіреулер оның салмағын түсінбейтін секілді. Ойын балалары көшелерде әдеттегінше добын теуіп жүрсе, үлкендеріміз құрылыстарын жалғастырып, тіпті кейбіреулері көпшілікті жинап тойын тойлауда.  Сөзім дәлелді болу үшін айта кетейін,  төтенше жағдай жарияланғалы бері Арал аудандық сотында төтенше жағдай режимін бұзған екі азаматқа қатысты әкімшілік істер қаралып, оларға айыппұл салынды. Оның бірі туған туыстарын жиып, баласының үйлену тойын өткізсе, екінші бір азамат қызының ұзату тойын жасаған. Бұл әрекеттердің салдары неге әкеліп соғатынын кеш болмай тұрғанда сезінуіміз қажет.
Қауіпті дерттің кең тарауынан өзге шет мемлекеттерде болып жатқан жантүршігерлік жағдайларды күнделікті теледидардан және әлеуметтік желілерден есітіп, көріп отырмыз. Сондықтан да, бұл індетті жеңу үшін қолдан келер шара біреу, ол үйде болу. Сонда ғана жағдайды ушықтырмаймыз.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіпті барынша азайту мақсатында сот жүйесінде де қажетті шаралар қабылданған. Қазіргі жағдайда азаматтардың үйден шықпай-ақ, сот органдарына жүгінуіне толық  мүмкіндіктері бар.
Өңірдегі сот жұмысының қызметіне тоқталсам, аудандық сот істерді бейнеконференц байланыс арқылы онлайн режимінде «TryeConf» мобильді қосымшасы арқылы қашықтықтан қарауды қамтамасыз етуге толықтай дайын. Төтенше жағдай енгізілгелі бері осы тәсілмен аудандық сотта 57 іс қаралған.
Сондай-ақ, кез-келген тұлға өтініш бере алатын «сот кабинеті» жүйесі жұмыс жасауда. Процессуалдық мерзімдері бар сот істерінің қаралуы неғұрлым кеш мерзімге шегерілді.
Көпшілікті процестік мерзімдерді өткізіп алу мәселесі алаңдатады.
Іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алудан теріс салдарлар болмайды. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде процестік мерзімдерді өткізіп алу жағдайларына соттар түсіністікпен қарайтын болады. Тиісінше мұндай мерзімдер қолданыстағы заңнама шеңберінде ұзартылады және қалпына келтіріледі.
Сондықтан Сіздерді қауіпті вирустың таралуын болдырмау үшін енгізілген талаптар мен ережелерді бұлжытпай орындауға шақырамын.
Тап қазір соттасатын уақыт емес. Мұндай шаруаларымызды мына індет ауыздықталғанша кейінге қалдыра тұрайық ағайын.
Камшат Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы.
03 сәуір 2020 ж. 568 0