Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Масканы ұзақ пайдаланғаннан тері қызарып, құрғап кетсе не істеу керек?

Масканы ұзақ пайдаланғаннан тері қызарып, құрғап кетсе не істеу керек?

Kyzylorda-news.kz. Медициналық бетперде мен қолғап қоғамның ең басты қорғаныш құралына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бірақ оларды жиі пайдаланғаннан тері қызарып, құрғап кетеді. Медициналық масканы ұзақ кигеннен бет терісі қызарып, бөртіп кетеді. Сондықтан оны екі-үш сағат сайын ауыстырып тұрған абзал. Бұдан бөлек, қорғаныш құралы бет пішініне сай келуі тиіс. Сондай-ақ, оның қандай шикізаттан жасалғаны да маңызды. Маска өндірісінде синтетикалық жіп жиі қолданылады. Косметологтардың айтуынша, терінің тітіркенетіні де содан. Алайда сырттағы вирустарды айтпағанда, ағзаның ішіндегі бактериялар да ауру қоздыруы әбден мүмкін.
«Бетперде кигеннен кейін оның астында біраз сөйлемеуіміз қажет. Неге десеңіз? Біздің ауыз қуысымызда шартты түрде бактериаларымыз бар. Ол стафилакокк, стрептококк. Бетіміз терлеп, майланып жатады маска кигеннен кейін. Сол шартты түрдегі бактериялар сол майлы қабатқа жабысып, әрі қарай қоздырғыштарын көбейтіп, безеу ауруына немесе дерматитке алып келеді»,- дейді дерматокосметолог Динара Маликова.
Бетпердені шешкеннен кейін бетті салқын сумен шайған абзал. Терінің табиғи сұлулығын сақтау үшін сабынды пайдаланбаған жөн. Сонымен қатар, мамандар күніне кем дегенде 1,5 литр су ішуге кеңес береді. Өйткені карантин кезінде адамдардың көбі үйден шықпайды. Яғни ауасы құрғақ жерде ұзақ отырады. Ал су ағзаға оң әсер етеп, теріні ылғалдандыруға сеп болады.
«Үй жағдайында теріміздің сусыздануына әкеліп жатады. Көбірек су ішіп, үйіңізде ылғалдандыратын аппараттар болса соны қосып, бөлменің температурасын қатаң қадағалағаныңыз абзал», – дейді Динара Маликова.
Сонымен, карантинде жатқандарға косметологтар мынадай кеңес берді. Бос уақытты бет күтіміне арнаңыз. Қолда бар өнімдердің көмегімен маска жасаңыз. Мысалы, қияр, алма, сұлы ботқасын бетке жағуға болады. Ал шашты қалпына келтірудің таптырмас жолы эвкалипт және лаванда майларын пайдалану. Сондай-ақ спиртті қоспалардан құрғап кеткен қол терісін де ұмытпаңыз.

11 сәуір 2020 ж. 539 0