Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 15 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар

15 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар

Қазақстанда ұлттық ғашықтар күні.
2011 жылғы қаңтарда Алматы қалалық мәдениет басқармасы, жастар саясаты басқармасы және әкімдіктің баспасөз қызметі шаралар жоспарына «Ұлттық ғашықтар күнін» енгізді. Бұл құжатқа сәйкес Ұлттық ғашықтар күні 15 сәуірде аталып өтілетін болып белгіленді. Бұрын ақпан айында аталып өтіп жүрген халықаралық ғашықтар күніне балама ретінде мерекені ұйымдастырушылар Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты мен сүйіспеншілігіне арналған мерекелі күнді белгіледі. 13-14 ғасырлардағы қазақ эпосы бір-біріне қосыла алмаған ғашық жас жігіт пен қыздың қайғылы махаббатын жырлайды.
1925 жылы Қызылордада Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі басталды. Съезде Ахмет Байтұрсынұлының халыққа өзінің тарихи «қазақ» атын қайтару жөніндегі ұсынысы қаралып, қолдау тапты. «Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де бұл күнге шейін ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді. Оны өткен замандардың ағымдары көтерсе де, қазіргі күнде ұлт атын жасыруды, ұлт тарихы ондай жаңсақтықты көтермейді», деп сөйлеген. Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлының ұлт алдындағы тағы бір ұлы еңбегі – қазақты қайтадан қазақ атандырып бергені.
1951 жылы Лондонда бірінші рет «Әлем аруы» атты сұлулық байқауы өтті.
2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
2008 жылы тарихта алғаш рет «Шоқан Уәлиханов» атындағы қазақстандық яхта Атлант мұхитын жүзіп өтті. Яхта командасы үш апта ішінде Атлант мұхиты арқылы жер шарын шарлап шықты. Қазақстандықтар мұхит арқылы өтуді 2008 жылғы наурыздың 25-інде Канар аралдарынан бастады. Орталық Азия Жағрафия қоғамының кеңсесіне сәуірдің 15-інде қазақстандық кеме Барбадос жағалауына келгенде жорықтың аяқталғаны туралы хабарлама келді. Экипаждың барлық төрт адамы да ІІІ дәрежелі Поляр жұлдызы сыйлығына ұсынылды.
2008 жылы Финдік Nokian Tyres автомобиль дөңгелектерін шығарушы Алматыда алғаш рет Vianor автомобиль дөңгелектері орталығын ашты. Nokian Tyres (Финляндия) концерні негізінен жеңіл автокөліктер, жүк көлігі мен өнеркәсіпті техникалар үшін дөңгелектер шығарып, әзірлеумен айналысады. Дәл қазіргі уақытта Nokian Tyres заводтары Нокиа, Лиекса (Финляндия) және Всеволожскіде (Ресей) орналастырылған.
15 сәуір 2020 ж. 627 0