Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пітір-садақаны онлайн беруге болады

Пітір-садақаны онлайн беруге болады

BAQ.KZ тілшісі. Биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында мешітке келуге шектеу жасалып отыр. Ал пітір-садақаны Kaspi.kz қосымшасы арқылы төлеуге болады. Бұл туралы Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай брифинг барысында айтты. Алматының бас имамы биылғы Рамазан айы 24 сәуірден басталатынын, кешке жамағат оразаны ниет етіп, таңертең сәресін ішіп ораза ұстайтынын жеткізді. 

Бас мүфти қазірет Діни басқарманың қарамағындағы ғұламалар кеңесі кеңесе келе биыл жамағаттардың және  отбасыларының амандығы үшін беретін жылдағы пітір-садақаның мөлшері жан басына 370 теңге болып бекітті. Бұл ең төменгі мөлшер. Ол екі келі ұнның бағасын есептеп, бүкіл ел бойынша барлық бағаларды салыстыра келе шығарылған төменгі мөлшер. Алайда кейбір азаматтарымыз отбасым үшін көбірек беремін деп ниет етіп жатса құрма мен мейіздің бағасын есептей отырып одан артық бере беруіне болады. Ол әркімнің өз қалауында,-деді ол.  
Сонымен қатар, ол төтенше жағдайға байланысты жамағаттың мешітке келуі шектеліп отырғанын айтты.  
Мешітте дұға жасау, құлшылық ету және садақа беру мәселесінің бәрі шектеліп отыр. Садақа беру мәселесін ҚМДБ-сы Kaspi банкке жүгінгендіктен олар пітір-садақаны онлайн қабылдау қосымшасын жасап берді. Kaspi.kz ішінде төлемдер бөлімі бар, одан жаңа қызметтерге өтесіз сонда пітір-садақа бөлімі шығады, сол жерде қанша садақа бергіңіз келеді соны төлейсіз,-деді имам.  

Сондай-ақ ол, биыл мешіттерде әдеттегідей тарауық намазын, жұма намазын және мешіттердің жанында көпшілікке жайылатын ауызашар дастархандарын өткізбейтіндерін айтты. 
Азаматтарымызға мұның бәрін үйінде  отбасымен бірге өткізуге кеңес беріп отырмыз. Сол секілді ауызашар дастархандарын да отбасымен бірге өткізген абзал. Биыл Қадір түні 19 мамырдан 20 мамырға қараған түні деп бекітілді. Бүгін кешке ертеңгі оразаға ниет қыламыз, исламның есептеуі бойынша түн күннен бұрын жүреді. Сондықтан бүгінгі кеш Рамазаның алғашқы күні болып есептеледі. Осы себепті мұсылман жамағаты бүгін кешке тарауық намазын оқиды. Ниеттеріңіз қабыл болсын!,-деді Еркінбек Шоқай.
23 сәуір 2020 ж. 747 0